31 Наурыз, 2016

Нақты істің партиясы

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Нур Отан Мырзахметов Ногаев (март) 6Атырауда «Нұр Отанның» өңірлік филиалының төрағалығына облыс әкімі сайланды Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Атырау облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты. Конференцияда облыстық филиалдың төрағалығына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сайланды. Асқар Мырзахметов Парла­мент Мәжілісінің Төрағасы болып сайланған Бақтықожа Ізмұ­хам­бетовтің облыстық филиал төрағасы ретіндегі үш жарым жылдан астам уақыт ішінде атқар­ған еңбегіне ризашылығын білдірді. Сол секілді Нұрлан Ноғаев­тың Батыс Қазақстан облыс­тық филиалының төраға­лығында табысты еңбек еткенін, енді мұнайлы өңірде де Елба­сының партия алдына қойған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру жолындағы жұмысына сәттілік тіледі. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының пікірінше, «Нұр Отан» – бір күндік немесе тек сайлауалды науқанында ғана көрінетін партия емес. Ол – халықпен үнемі тығыз байланыс орнатып келе жатқан, сонымен бірге, сайлауалды бағдарламалық тұғырнамасын ұдайы орындайтын шынайы саяси ұйым. Соның жарқын көрінісі бұған дейінгі кезеңде де, кешегі сайлау барысында да халықтың қолдауынан көрінді. Мәселен, биылғы электоратты науқан барысында әр өңірді аралап, сайлау­шылармен кездесулер өткізген республикалық сайлауалды штаб өкілдерімен қатар, 16 аймақтық және 208 аумақтық сайлауалды штабтарда 30 мыңнан астам партия белсендісі жұмыс істеді. Соның ішінде тек Атырау облысында ғана 126 мыңға жуық кездесу өткізілді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде мұнайлы өңір сайлаушыларының 85 пайызға жуығы «Нұр Отан» партиясын қолдап дауыс берді. Мұны, әрине, өңірдегі партия белсенділерінің ауқымды жұмысының жемісі деу­ге болады. Сонымен бірге, Асқар Мырзахметов Елбасының жуырда партияның Саяси кеңесінде партия алдына қойған міндеттерді табысты жүзеге асырудың маңыздылығына екпін түсірді. Оның пікірінше, «Нұр Отан» партиясы Үкіметпен бірлесе «Қазақстан-2021». Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз еткелі отыр. Өйткені, «Нұр Отан» халыққа берген уәдесін орындауды, құр сөздің емес, нақты істің партиясы екенін одан әрі жетілдіруді басты мақсаты ретінде ұстанады. Бұған қоса, Елбасы ұсынған 5 институттық реформа мен Ұлт Жоспарында айқындалған «100 нақты қадам» бағдарламасының жүзеге асырылуын да заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейді. Ал қос палаталы Парламент қабылдаған 59 заң талаптарының сақталуы мен орындалуына партиялық мониторинг және ел тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Партия тарапынан бақылау пәрмені артады. Әсіресе, партиялық бақылау «Нұрлы Жол» бағдарламасын орындауға байланысты күшейтілгелі отыр. Осы орайда Асқар Мырзахметов: «Партия фракциялары өзекті мәселелерді тұрақты талқылап, бағдарлама бойынша бөлінген қаражатты тиімді жұмсаудың тетіктерін жетілдіру шараларын қабылдайды. Барлық мүмкіндіктер мен тетіктерді пайдалана және фракциялар мен бастауыш ұйымдарды жұмылдыра отырып, елдегі бірлік, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасалады», – деді. «Нұр Отанның» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламасы да бар. Бұл бағдарламаның нақты іске асырылуы да қоғамды жегі құрттай кеулейтін кеселге қарсы бітіспес күрес түрінде жалғасын таба береді. Партия басшылығы сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатындағы алдын алу шараларына айрықша назар аудармақ. Сол секілді орталықтағы және жергілікті жерлердегі фракцияларға халықты толғандыратын ең түйінді мәселелерді анықтау, олардың оң шешілуі бағытындағы жұмыстарға баса көңіл бөлу міндеті бұрынғыдан күшейтіле түспек. Сол себепті тұрғындармен жүйелі түрде кездесулер және қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру арқылы мақсатты әлеуметтік топтармен тұрақты байланыс жолға қойылады. «Бұл міндеттерді ойдағыдай атқаруда барша аймақтық және аумақтық партия филиалдарының, Парламент Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының орны ерекше болғалы тұр», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов. Айтқандай, Атырау облы­сындағы ел-жұрттың «Нұр Отан» партиясына ықыласы айрық­ша дейтіндей деректерді сараласақ, қазір аталған саяси ұйым құрамында 32 мыңнан астам мүше бар. Он күн бұрын өткен сайлауда жергілікті мәсли­хаттардағы 134 орынның 132-сіне, яғни 98 пайыздан астамына «Нұр Отан» партиясының мү­ше­лері сайланды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.