31 Наурыз, 2016

Арнайы аллея ашылды

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік – ең ұлық мереке. Мұның қадірін жас ұрпақ жақсы түсінеді. Бостандық кілті өзге біреудің қолында болып, мойныңнан бұғау, аяғыңнан тұсау кетпеген жылдардың қасіретін аға ұрпақ ұмытқан жоқ. Жұмабек Тәшенов секілді елінің бағына туған тұлғалар Қазақстанды бодан мемлекет, қазақты бұратана халық көрген компартияның басшысы Н.С.Хрущевқа қарсы шығып, «қазақтың даласы құрақ көрпе емес, әркімге үлестіріп бере беретін» деп өр кеудесін керіп, қасқайып тұрды. Қызметінен айырылды, бірақ ұлт намысын таптатқан жоқ. Ұлан-байтақ бөлшектеуден сақтап қалды. Сақалына шіркей ұялап, аяу­лы атамекенімізге жат аяғын бас­қызбаймын деп ат үстінде кес­кілесіп өткен батыр бабалардың бір бармағы өле-өлгенше тістеулі өткені анық. Елі үшін аянбаған ер­лердің ескерткіші жанында жет­кін­шек­терге лекция оқылып, отан­сүй­гіштікке тәрбиелеу қолға алынса екен деп ойлаймыз. Мың мәрте құр­ғақ айтқаннан бір рет өз көзі­мен көріп, жүрек елегінен өткізген артық қой. Түркістан қаласындағы гу­манитарлық колледждің сту­денттері мен оқытушыларының бас­тамасымен аталмыш оқу ор­нының жанынан «Қазақстан Тәуел­сіздігіне – 25 жыл» аллеясы ашыл­­ғанда да осыны ойладық. Бұл жиын­ға мыңға тарта студент жас­тар қатысты. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 25 түп көшет еккен жастар енді 25 түп алма, 25 түп шие және 25 түп қылқан жапырақты дарақ отырғызуды қолға алып жатыр. Бос жатқан алаңқайларға гүлдер егілуде.Қазақстаннан артық Отан жоқ. Алуан ұлттың баласы осылай дейді. Басқа оқу орындары мен мекемелер де Тәуелсіздік тойына орай түрлі іс-шаралар өткізіп, құрметін білдіруде. Ер түріктің бесігі Түркістанда осындай игі істер қолға алынып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.