Сейсенбі күні Тбилиси қаласында футболдан Грузия мен Қазақстан ұлттық құрама командаларының арасында жолдастық кездесу өтті. Матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Екі елдің құрама командалары осымен төртінші рет кездесті. Олардың Алматыда өткен 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойынында алаң иелері қарсыласынан 1:2 болып ұтылса, Тбилисиде өткен қарымта матчта командалар тең ойнады. 2013 жылы өткен тағы бір кездесуде Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен ұтты. Енді, міне, қос елдің ұлттық құрамалары кезекті рет көкмайса алаңда кездесіп, шеберліктерін сынап көрді.
Есепті кездесуді бірінші болып қонақтар ашты. Матчтың 35-минутында Азат Нұрғалиев Серікжан Мұжықовтың оң қапталдан берген әдемі пасын ұтымды пайдаланып, теңбіл допты қарсыластар қақпасына дәл түсірді. Бірақ ұлттық құраманың қуанышы ұзаққа бармады. Арада 3 минут өткенде Грузия ойыншылары есепті теңестіріп кетті. Бұл допты алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Торнике Окриашвили соқты.
Осыдан кейін ойын одан сайын қыза түсті. Командалар матчқа жақсы дайындалғандарын көрсетіп, бірінен соң бірі қауіпті жағдайлар жасап отырды. Кездесуде командалардың бір емес, бірнеше гол соғуға мүмкіндіктері болды. Алайда, алаң иелеріне де отандастарымызға да теңбіл допты торға тоғыту бұйырмады. Матч осылай тең есеппен аяқталды.
Сөйтіп, 26 наурыз күні Анталияда Әзербайжан құрамасын жолдастық кездесуде 1:0 есебімен ұтып қайтқан жерлестеріміз келесі ойынын да жоғары деңгейде өткізді. Команданы екі кездесуде де бас жаттықтырушының міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов алаңға бастап шықты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».