31 Наурыз, 2016

Мәскеуде мода әлемін мойындатты

764 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
СымбатСоңғы уақытта сән әлемінің белді өкілі – «Сымбат» сән акаде­миясының арт-директоры Балнұр Асанованың жолы болып тұр. Өткен жылы күзде Мәскеудегі Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында Еуразиялық жүлденің «Дизайн» номинациясы бойынша алтын лауреаты атанған Асанова бар болғаны бір айдан кейін мәскеуліктерді тағы да тәнті еткен болатын. Жыл сайын өткізілетін Мәскеу сән апталығы – әлемдегі ең бедел­ді париждік, миландық, нью-йорк­тік, лондондық бестіктің бірі болып табылады. Асанова бұл апталыққа 2003 жылдан бері қатысып келеді және кәсіпқойлық тұрғыда бәсекелестерін мойын­датуға көшті. Дизайнер ретінде әбден кеме­ліне келген Асанова мода әлемін таңғалдырамын деп ерсі эксперименттерге бармай-ақ, жексенбі, 27 наурызда Мәскеуде өткен ха­лық­аралық сән апталығында «Хрус­­тальный» подиумында әріп­тестерін тағы бір рет мойындатты. Қазірдің өзінде мода қуған мәскеуліктерге танымал болып үлгерген қазақ дизайнерін қолдауға сондағы достары және Ресей артистері мен ресейлік блогерлер келген. Егер биылғы Мәскеудегі сән апталығын насихаттауға 3 мыңнан астам шетелдік жылтыр журналдар, халықаралық телеарналар тіркелгенін ескерсек, онда оқиғаның маңыздылығы арта түспек. Аса беделді сән апталығына бұл жолы Асанова «Күз-Қыс –  2016-2017» киім үлгілерін апарған. Қазақ қызының барынша креативті коллекциясы – тоқыма киімдерге түскен сан алуан кестелерімен келу­шілердің көзін арбап, баға­сына қарамай, жаңа коллекцияны сатып алушыларға ұмтылған адамдар көптеп табылыпты. Биыл Балнұр бірінші рет трикотаждық киімдермен жұмыс істеп, сән әлеміне сүйреді. Осы арада Балнұрдың сән үлгілері өзіндік сипаттан ажыра­май­тынын, бұлжымайтын тұжы­рымды алға сүйрейтін тамаша стилі бар екендігін атаған жөн. Әр­түрлі жіптерден тоқылған киім­дерге түскен өрнектер мен көркем кестелер, жібек араласқан арабескалық сипаттар Мәскеуді тағы да мойындатты. Қазақстандық fashion-индус­трияның бастауында тұрған Бал­нұр еліміздің мемлекеттік байра­ғының эталоны мен ҚР Тұң­ғыш Президентінің штандартын дайын­дағанын ұдайы мақтан тұтады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.