Әлихан Досаханов – медицина әлеміндегі белгілі есім, жаны жайсаң, қолы шипалы дәрігер. Медицина саласындағы белгілі ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Ә.Досаханов 1968 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін үздік тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Алматы қаласы 2-ші клиникалық ауруханасында бастаған ол оқуды бітірген соң КСРО Қарулы Күштері қатарына, Ленинград әскери округына әскери дәрігер ретінде шақырылады.
Дәрігер 1970 жылдың маусым айында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында еңбек жолын жалғастырады. Еліміздегі ғылыми рентгенрадиология мен клиникалық радиобиологияның негізін салушы, Нагаи Такаши атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығының лауреаты, атақты ғалым, академик Саим Балмұхановтың ғылыми жетекшісі болуы оның әрі қарайғы тағдырына үлкен әсерін тигізді. Мүмкін содан да болар, Әлихан Хамзаұлы осы ғылыми мекеме қабырғасында отыз жылдан астам жемісті еңбек етті. Қатардағы онкорадиолог дәрігерден әртүрлі қатерлі ісіктердің сәулелік терапиясымен айналысатын ірі клиникалық радиология бөлімінің жетекшісіне дейін өскен маман осы аралықта ғылым докторы дәрежесін де сәтімен қорғаған.
Емдеу, дәрігерлік қызмет туралы Әлихан Хамзаұлы былай дейді: «Мен өзімді бақытты дәрігермін деп санаймын. Дәрігердің бақыты – науқастың жақсы өмір сапасы мен аман-саулығында, дәрігердің емдеу қорытындысымен қанағаттануында. Онкология институтында жұмыс атқарған отыз жылда он мыңнан астам науқасты емдедім. Олардың үштен бір бөлігі (аурудың I-II сатысындағы) дерттен толық айығып еңбекке және қалыпты өмірге араласып кетті, жартысы (III сатысындағы) химия-сәулелік терапиядан кейін 5 жылдан 20 жылға дейін өмір сүрді. Ойлаңызшы, өздерін дауасы жоқ дертке душар болдым деп санаған қаншама адамдардың жүрегі қуанышқа толды? Осыған қалай қол жеткізуге болады? Біріншіден, дәрігер өз мамандығын қатты сүйе білуі тиіс және емдеу тәсілдерін жетілдіру жолдарын табу үшін үнемі ізденісте болуы керек, екіншіден, науқас адамды өз жақыны ретінде есептеу керек. Ғылымның заманауи жетістіктерін қолдану арқылы сапалы емдеумен қатар, дертке шалдыққан адамның бейнетін жеңілдету, аяушылық білдіру, жақсы сөз айтудың да үлкен емдік мәні бар екенін еш ұмытпаған жөн».
Өткен ғасырдың 80-жылдарында Ә.Досаханов С.Балмұқановтың жетекшілігімен ғылыми жұмысының қорытындысын тәжірибеге енгізіп, обырға шалдыққандардың өмір жасын жалпы қолданыстағы емдеу тәсілдерімен салыстырғанда 1,5-2 есеге дейін ұзартты. Бұл КСРО-да жаңа ғылыми бағыт – клиникалық онкологиядағы полирадиомодификация деп аталатын. Яғни, сәулемен емдеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында химиялық және физикалық агенттерді қолдануды ұтымды үйлестіру еді. Метронидазол немесе АК-2123 дәрі-дәрмектерін ісік ішіне енгізумен қатар СВЧ-гипертермия және гипергликемияны (ағзаны глюкозамен жасанды қанықтыру) қолдану обырға шалдыққандардың өмірін біршама ұзартты. 80-жылдары шетелдік мамандар мұны обырды емдеудегі айтарлықтай тиімді жетістік деп санаған. Әлихан Хамзаұлы обырды емдеудің жаңа тәсілдеріне арналған КСРО-ның, Қазақстанның және Ресейдің 15 өнертабу патенттерінің авторы. «КСРО өнертапқышы» деген белгімен марапатталған.
Жапонияның Денсаулықты зерттеу қорының президенті, атақты ғалым, профессор Tsutomu Kaqiya 1995 жылдың 30 қарашасында отандасымыз туралы былай жазыпты: «Әлихан Досаханов мырзаның жұмысы обырдың әр түрінде гипертермия және гипергликемияны қолданып сәулемен емдеуде АК-2123 дәрісін клиникалық зерттеу бойынша әлемдегі алғашқы жиынтық есеп болып саналады. Осы ғылыми жұмысқа жоғары баға бере отырып, авторға батылдығы үшін алғыс айтамын! Бұл зерттеу тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша обыр ауруына шалдыққан көптеген науқастардың жазылып шығуына үлкен көмек көрсетеді».
Атап айту керек, Досахановтың әріптестерімен бірге дайындаған өңеш, жатыр мойыны мен денесінің обырын емдеудің ерекше тәсілдері біздің елде ғана емес, Жапонияның, Үндістанның, Бразилияның, Ресейдің, Әзербайжанның онкомекемелерінің қызметіне енгізілді. Ғалым «Ғылыми-зерттеулердің қорытындыларын денсаулық сақтау ісі тәжірибесіне енгізгені үшін» Әл-Фараби атындағы медальмен марапатталды.
1980 жылдың наурыз айында Ә.Досахановты Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратына ғылым бөлімінің жетекшісі (басқару құқығымен) және министрліктің Ғылыми медициналық кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне шақырады, ол 1984 жылға дейін сонда қызмет атқарды.
1984 жылы Ә.Досаханов онкология институтына қайтып келіп, онда Жапония мен Ресейдің озық ғалымдарының қолдауымен 10 жыл бойы қолданбалы күрделі ғылыми зерттеулер жасап, «Өңеш, жатыр денесі обырлары және қатерлі лимфомаларды сәулемен емдеуде полирадиомодификация әдісін қолдану» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды, дәрігерлік жұмысын жалғастырады.
2001 жылы оны еліміздің ең озық жоғары оқу орындарының бірі, даңқты тарихы және тамаша дәстүрлері бар, әйгілі Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына жұмысқа жолдайды. Мұнда ол бастапқыда ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, кейіннен ғылыми-клиникалық жұмыстар жөніндегі проректор лауазымында үш жылдан астам қызмет атқарады. Осында кандидаттық диссертацияларды қорғайтын диссертациялық кеңесті ашып, басқарды, онда 30-дан астам маман диссертация қорғады.
2004 жылдың қыркүйек айында Әлихан Хамзаұлы Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жұмысқа ауысады, бүгінге дейін сол жерде жұмыс атқаруда. Бастапқыда бас дәрігер, кейіннен бас директордың ғылыми жұмыстар, стратегиялық даму жөніндегі орынбасары болған профессор өзінің осындағы қызметі жөнінде «Бұл маған тағдырым ұсынған тағы да бір сыйлық», дейді. Өйткені, бұл даңқы шыққан ұжымды еуропалық деңгейдегі денсаулық сақтау ісінің топ-менеджері, «Медицина маршалы», (оған бұл атақты және алтын медальді 1801 ж. Наполеон Бонапарт өзі құрған «Ұлттық өнеркәсіпке көмек көрсету ассоциациясы» берген) профессор Абай Байгенжин басқарады. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша ол ҰҒМО құрылысын салды және 15 жылда оны көпбейінді, бірегей, «бес жұлдызды» мәртебе алған Еуропаның үздік медициналық орталықтарының деңгейіне көтерді. Ол әлемдік үздік технологияларды енгізуге және сапаның әлемдік идеясын ұстанған креативті және жоғары парасатты мықты мамандарды аса ұқыптылықпен жинады.
Әлихан Хамзаұлы ҰҒМО-да үш мамандық бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша Диссертациялық кеңес ашып, оны өзі басқарды. Төрт жыл ішінде клиникадан да, елдің әр аймақтарынан да 70-тен астам маман диссертацияларын табысты қорғап шықты.
Дәрігер-ғалым сонау 16 жастағы студент күнінен бастап осы уақытқа дейін қоғамдық жұмыспен айналысып келеді. Дәлірек айтсақ, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының бірінші курсында ЖОО-ның комсомол комитеті бюросының құрамына сайлағаннан бері қоғамдық жұмыс оның үйреншікті қызметіне айналған. 1975 жылы Әлихан Досахановты «Қазақстан комсомолының бетке ұстар бейнесі» етіп таңдайды және тиражы 100 мың данамен (екі рет 50 мыңнан) оның портреті және қосымша комсомол туралы плакат шығарылып, республикаға таратылды.
Сонау 1967 жылдары, студент Досаханов Алматы мемлекеттік медицина институтында «Эскулап» атты эстетикалық тәрбиелеу клубын ұйымдастырып, оның алғашқы президенті болған, ал вице-президенті КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, клубтың мүшелері – Ерасыл Абылқасымов, Роза Бағланова, Абай Байгенжин, Роза Жаманова, Шамғон Қажғалиев, Ермек Серкебаев, Евгений Сидоркин және т.б. тұлғалар еді. Клуб отырыстарына атақты өнер өкілдері, тұтас творчестволық ұжымдар, Құрманғазы атындағы оркестр, мемлекеттік симфониялық оркестр және т.с.с. шақырылатын. Және де осындай кездесулер студенттер арасында кеңінен таралып, жалпыға мәлім болатын.
А.Байгенжин мен Ә.Досаханов 2012 жылы «Қазақстандық дәрігерлер ядролық соғысты болдырмау үшін» қоғамдық бірлестігін құрғаны қоғамға белгілі. Сол бірлестік 2014 жылдың 25-29 тамызында Астана қаласында, Тәуелсіздік сарайында ауқымды шара – Бейбітшілік Нобель сыйлығының лаураеты, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» (IPPNW) халықаралық қозғалысының бүкіләлемдік конгресін өткізді. Барлық құрлықтан, әлемнің 50-ден астам елінен 600-ден астам делегат келді, Шара ауқымында Семей, Курчатов қалаларына, ядролық полигонға чартерлік рейстер ұйымдастырылды. Форум үлкен халықаралық резонанс тудырды. Конгресс атына Қазақстанның, Ресейдің, Коста-Риканың президенттерінен, әйгілі шетелдік қоғам қайраткерлерінен, денсаулық сақтау ісінің көшбасшыларынан құттықтау хаттар мен бейнеүндеулер, ал шарадан кейін көп елден жағымды пікірлер және алғыс хаттар келіп түсті.
Арайлы атамекеніміздің абыройын аспандатқан азаматтардың бірі профессор Әлихан Досахановтың жарты ғасырлық адал бейнеті, ұлт денсаулығын жақсарту және елімізде медицина ғылымын дамыту жолында сіңірген өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан да, медицина мен ғылым саласындағы басшылар тарапынан да лайықты бағаланды. 2008 жылы Елбасының Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ берілді. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталды. Президент Н.Назарбаевтың Алғыс хаттарына ие болды. Ол «Денсаулық сақтау ісінің және медицина ғылымының дамуына қосқан маңызды үлесі үшін» шетелдік «HIPPOCRAT», «AVICENNA», «Пирогов» ордендерінің кавалері. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ғылым және білім министрлігінің жоғары наградаларымен марапатталған.
Жарты ғасыр бойы шығармашылық зор қабілетін адал еңбегіне арқау етіп, ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан, отаншылдығы мен ұлттық рухы жоғары, азаматтық ұстанымы айқын, тамаша адами қасиеттерді бойына жинақтаған қолы шипалы дәрігер, озық ойлы ғалым Әлихан Хамзаұлының бүгінгі жеткен биігіне көз салсаң, алаштың әрбір азаматы дәл осындай қажырлылықпен, табандылықпен мемлекетіміздің гүлденуіне қал-қадерінше үлес қосса екен деп ойлайсың.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
журналист.