2016 жылғы 18 наурыз, Астана, Үкімет Үйі
«Шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы
№ 23 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 23 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., №3, 22-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарында:
2-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет персоналының
бірге баратын отбасы мүшелерінің құрамы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің (бұдан әрі - Министр) бұйрығымен және осы шарттардың 40-тармағына сәйкес берілетін есеп айырысу аттестатымен айқындалады.»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды адамдарды қоспағанда, шетелде дипломатиялық қызмет персоналын қызметке тағайындау, қызметтен босату және өзге де лауазымдық орын ауыстыру Министрдің шешімдері негізінде » жүзеге асырылады.»;
4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Жол жүру билетін ауыстырған немесе қайтарған кезде айыппұлдар немесе өзге де алымдар, егер қайтару Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі - министрлік) хатының негізінде жүргізілген жағдайда, қажеттілігі болған кезде растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтеледі.»;
5-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
«Жолжүгі дипломатиялық қызмет персоналынан бөлек жеткізілген жағдайда, жолжүкті жеткізу құны дипломатиялық қызмет персоналы және оның отбасы мүшелері сапар шегетін көліктегі жүкті тасымалдау тарифтерінен аспауы тиіс.
Дипломатиялық қызмет персоналы шетелдегі мекемелерден іс жүзінде қайтып оралғаннан кейін жолжүкті жіберу бойынша шығыстар өтелмейді.»;
11-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Дипломатиялық қызмет персоналы министрліктен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне іссапарға жіберілген кезде оның отбасы мүшелері шет мемлекетке Қазақстан Республикасынан тыс мемлекеттен жол жүрген жағдайда, отбасы мүшелерінің көрсетілген жол жүру шығыстары Қазақстан Республикасынан шет мемлекетке жол жүру құнынан аспайтын нақты шығыстар бойынша өтеледі.»;
14-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күнінен бастап (қызметке тағайындалған күні) дипломатиялық қызмет персоналының іссапардан министрлікке қайтарылған не сыртқы ротация шеңберінде басқа шетелдегі мекемеге ауысқан кезде болу мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өту күнінің алдыңғы күніне дейін (қызметтен босатылған күн) төленеді және белгіленген ақшалай үстемеақыны ескере отырып, ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы мен шетелдік валютадағы лауазымдық жалақысы негізінде белгіленеді. Дипломатиялық қызмет персоналы іссапардан министрлікке қайтарылған не сыртқы ротация шеңберінде басқа шетелдегі мекемеге ауысқан кезде болу мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өту күніне жалақы төленбейді.
Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы министрліктің орталық аппараты қызметкерлерінің теңестірілген қызметтері бойынша жалақысының 25 пайызы мөлшерінде белгіленген ақшалай төлемдерімен белгіленеді.»;
21-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жыл сайынғы ақы төленетін кезекті еңбек демалысына шыққан кезде шетелде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналына күнтізбелік жылда бір рет министрлікте иеленген соңғы қызметі бойынша лауазымдық жалақысының екі еселенген мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Егер дипломатиялық қызмет персоналы шетелде жұмыс істеу алдында министрлікте қызмет атқармаса, оған сауықтыруға арналған жәрдемақы министрліктің орталық аппаратындағы персоналдың қызметіне теңестірілген қызмет бойынша лауазымдық жалақы негізге алынып есептеледі.»;
22-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«22. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын өткізу үшін Қазақстан Республикасына жол жүрген кезде дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелеріне шетелдегі жұмыс орнынан Қазақстан Республикасының аумағындағы алғашқы межеленген пунктке дейінгі жолақысының құны және Қазақстан Республикасының аумағындағы соңғы жөнелту пунктінен шетелдегі жұмыс орнына дейін кері қайту жолақысының құны, жолжүгін тасымалдау және тұрғын үй-жайды жалға алу бойынша шығыстарды қоспағанда, осы шарттардың 4-тармағында белгіленген нормалар бойынша күнтізбелік жылда бір рет төленеді.»;
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«23. Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне жұмысқа жіберілген кезде не дипломатиялық қызмет персоналы сыртқы ротация шеңберінде шетелден министрлікке жұмысқа қайтып оралған кезде жаңа жұмыс орны бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы алдыңғы жұмыс орнында жұмыс жасаған уақыты мен пайдаланылған еңбек демалысының ұзақтығы ескеріліп беріледі.
Дипломатиялық қызмет персоналы ротация процесінен тыс жағдайда қызметтен босатылған кезде оған пайдаланылмаған жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысы үшін өтемақы төлемі төленеді.»;
26-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне Қазақстан Республикасының басқа шетелдегі мекемесінен жұмысқа жіберген кезде алдыңғы шетелдегі мекемеде жұмыс жасаған мерзіміне қарамастан бір жолғы жәрдемақы қайтадан төленбейді.»;
28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«28. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалатын отбасының бір мүшесі қайтыс болған жағдайда, дипломатиялық қызмет персоналына министрліктің қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде бір жолғы ақшалай жәрдемақы, сондай-ақ осы шарттардың
32-тармағында белгіленген тәртіппен барар және қайтар жолға көліктік шығыстардың төлемі ұлттық валютада төленеді.»;
32-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Шетелде жұмыс істеген кезеңде дипломатиялық қызмет персоналы мен олардың отбасы мүшелерін медициналық қамсыздандыру шығыстары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің тізбесіне сәйкес министрлік Қазақстан Республикасының әрбір шетелдегі мекемесі үшін белгілеген шығыстар лимитінің шектерінде медициналық сақтандыру, болу еліндегі медициналық мекемелерімен шарттар жасасу не медициналық көмек үшін нақты өтініш жасау жолымен жүзеге асырылады.
Медициналық қамсыздандыру шығыстары белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда олар дипломатиялық қызмет персоналының жеке қаражаты есебінен өтелуге тиіс.»;
мынадай мазмұндағы 32-1-тармақпен толықтырылсын:
«32-1. Шетелде жұмыс істеген кезеңде дипломатиялық қызмет персоналының балаларына мектепке дейінгі тәрбие беру және оларды оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру шығыстары министрлік Қазақстан Республикасының әрбір шетелдегі мекемесі үшін белгілеген шығыстар лимитінің шектерінде жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі тәрбие беру және оларды оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру шығыстары белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда олар дипломатиялық қызмет персоналының жеке қаражаты есебінен өтелуге тиіс.»;
34-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Шет мемлекеттің аумағы бойынша жол жүрген уақытында дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде тиісті мемлекетке қызметтік іссапарлар үшін белгіленген нормалар бойынша төлқұжаттағы мемлекеттік шекарадан өту жөніндегі мөртабандар негізінде немесе бір шет мемлекеті шеңберіндегі іссапарлар кезінде немесе мемлекеттік шекарада төлқұжаттық бақылау болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекеме басшысының бұйрығы негізінде тәулікақы, сондай-ақ түру шығыстарын растайтын құжаттар негізінде тұрғын үй-жайды жалға алу бойынша шығыстар шетелдік валютада өтеледі.»;
35-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын: «Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы
Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері жоқ шет мемлекеттерге, сондай-ақ болу мемлекетінің шеңберінде іссапарға жіберілген кезде автокөлікті жалдауға жұмсалған (қабылдаушы тарап автокөлік ұсынған жағдайды қоспағанда) және байланыс шығыстарын өтеу рұқсат етіледі.»;
40-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Есеп айырысу аттестатында дипломатиялық қызмет персоналының лауазымы, бірге баратын отбасы мүшелерінің құрамы, төлемақы нормалары, бағыттары, дипломатиялық қызмет персоналының межелі және баратын орны, оның алатын барлық ақшалай төлемдері көрсетіледі.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.