31 Наурыз, 2016

Қостанайда суретші Баян Баталованың көрмесі ашылды

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
31-03-2016-suretshi ҚОСТАНАЙ. 31 наурыз. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Баян Баталованың 55 жастық мерейтойына арналған «Туған жер – алтын бесік» атты дербес көрмесі ашылды. Онда қостанайлықтар Баянның кескіндеме, мүсін, графика және батикте орындалған 60-тан астам шығармасын тамашалады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Монументалды және станокты мүсін өнері саласындағы дарынды суретші-мүсінші Баян Баталованың есімі қостанайлықтарға жақсы таныс. Ол 1995 жылдан бері суретшілер одағының мүшесі. облыс әкімінің және Қостанай меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері. Сондай-ақ, суретші КСРО көркемсурет академиясының И.Е.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтында жетекші мүсіншілерден дәріс алып, тамаша кәсіби дайындықтан өткен. Баян Баталованың Қостанай мен облыс аудандарындағы бірқатар монументалды жұмыстарына жерлестері сүйсіне қарайды. ХVIII ғасырдағы тарихи тұлға, орта жүздің биі Қаз дауысты Қазыбектің, Қарабалық поселкесіндегі М.Сералиннің ескерткіші, Қостанай мемлекеттік университетіндегі А. Байтұрсыновтың кеуде мүсіні және осындай жұмыстар Баянның қолынан шыққан. Бүкілодақтық, халықаралық, облыстық және қалалық көрмелердің қатысушысы болған оның шығармалары алуан түрлілігі және ғажайып үндестігімен ерекшеленеді. Баян Баталованың туындылары Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдығына арналған «Қазақ өнері» бес томдық кітабына және «Мүсін. Монументалды-сәндік өнер» кітабына енген. Көрменің ашылуында оның талантын құрметтейтін жұртшылық пен қылқалам ұстаған әріптестері Баян Жолдыбайқызының еңбегін жоғары бағалады, ыстық тілектерін айтты. Суретші Николай Торшин: «Баян үлкен мектептен, белгілі ұстаздардан білім алған талантты суретші. Ол әр бағытта, әр жанрда жұмыс істейді. Екінің бірі олай ете алмайды. Маған оның живописьтік жұмыстары ерекше ұнайды, олар өмірден ойып алғандай әсер етеді », – деді. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, фото: egemen.kz. 31-03-2016-suretshi2 31-03-2016-suretshi3 31-03-2016-suretshi1