01 Сәуір, 2016

Қазақстан тәжірибесі Кореяны да қызықтырды

373 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Әлихан Баймен77Корея Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңір­лік хаб басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Таңғы шапақ елінің персоналды басқару министрі Ли Гун Мёнмен кездесті. Кездесу барысында Әлихан Байменов Ли мырзаны өңірлік хаб қызметімен және Қазақстандағы бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамның» негізгі аспектілерімен, оның ішінде кәсіби мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселелерімен таныстырды. Өз кезегінде Ли Гун Мён тұрақты білім мен тәжірибе ал­масудың халықаралық тұғырнамасы ретінде өңірлік хаб қызметіне жоғары баға бере отырып, осы саладағы ын­тымақтастықты арттыруға мүдделі екен­діктерін жеткізді. Сапар барысында Әлихан Байменов Корея Республикасы Адами ресурс­тарды дамыту ұлттық институты пре­зи­денті Ок Донк Сукпен кездесті. Жүз­десу кезінде бірлескен тақырыптық зерттеулер жасау, оңтүстіккореялық тәжірибе негізінде хабқа қатысушы елдер әлеуетін арттыру жөнінде ортақ семинар ұйымдастыру және тараптардың сарапшылар желісін кеңейту мәселелері қаралды. Қазақстан өкілі осыдан кейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы орталығы жетекшісі Пак Дек-Соомен, Азия мемлекеттік басқару бойынша қауымдастық пре­зиденті Пан Сук Киммен кездесу өт­кізіп, ынтымақтастықтың бұдан арғы мүмкіндіктерін бірлесе талқылады. Қазір хабқа ЭЫДҰ, ТМД, Орталық Азия мен ASEAN елдерін қоса алғанда, 32 қатысушы ел мүше. Ал Корея Республикасы хабтың құрылтайшысы және белсенді мүшелерінің бірі болып табылады. Руслан ИГІЛІК.