01 Сәуір, 2016

Ортақ іске жұмылдыратын саяси күш

305 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
VNB_0554Облысқа жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХІХ конференциясына қатысты. Конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жаңа төрағасы болып, облыс әкімі Болат Бақауов сайланды. – Маған облыс әкімі лауазымымен қатар, тағы бір аса жауапты міндет жүктеліп отыр. Бұл міндетті бәріміз бірлесіп, абыроймен атқарамыз деген сенімдемін. Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия алдына қойған барлық міндеттерді атқару жолында нәтижелі жұмыс жасайтын боламыз, – деді облыс әкімі жиында. Ал А.Мырзахметов өз сөзінде партия жұмысын нығайту жолындағы атқарған қызметі үшін екі жылдан астам уақыт филиалға басшылық еткен бұрынғы облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа нұротандықтардың атынан алғыс білдірді. Филиалдың жаңа төрағасы Болат Бақауовқа осы уақытқа дейін түрлі басқару салаларында жинақтаған мол тәжірибесі арқылы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуда, партия Төрағасы алға қойған міндеттерді орындауда табысты нәтижелерге қол жеткізуге көмек болатынына сенімді екенін айтты. Өндірісті өңірде Елбасының партия алдына қойған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру жолындағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, конференция барысында Төрағаның бірінші орынбасары жиынға қатысушыларды еліміздің өміріндегі маңызды оқиға – жақында ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларындағы жеңіспен құттықтап, атқарған еңбектері үшін алғысын жеткізді. «Жалпы, сайлауға қатысушылар санының 77 пайыздан асуы, оның ішінде қазақстандықтардың 82 пайыздан астамының «Нұр Отан» партиясын қолдауы – бұл рекордтық көрсеткіш. Ал Павлодар өңірі сайлаушыларының белсенділігі бұл жолы да жоғары болды, «Нұр Отанға» сайлаушылардың 82 пайызға жуығы дауыс берді», – деді А.Мырзахметов. А.Мырзахметов атап өткендей, мұндай елеулі көрсеткіштер ең алдымен партияның облыстық филиалы мен аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің, бастауыш партия ұйымдарының және партия белсенділерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі деуге болады. Мәслихат депутаттары сайлауының қорытындысы бойынша, облыс аумағында «Нұр Отан» партиясының мүшелері 206 орынның 197-сіне ие болды. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының пікірінше, «бұл күндері «Нұр Отан» – халықпен үнемі тығыз байланыс орнатып келе жатқан, сайлауалды бағдарламалық тұғырнамасын нақты орындайтын саяси ұйым. Бұл сайлауға дейін де, кешегі өткен сайлау барысында халықтың берген бағасынан, шынайы қолдауынан да анық көрінді». «Нұр Отан» партиясы ел сенімін ақтаумен қатар, күрделі экономикалық жағдайда өз маңына жұртшылықты топтас­тыратын партия болуы керек, деген Елбасының тапсырмасына сәйкес, елдегі жетекші саяси күш ретінде ол қазақстандықтарды Бес институттық реформаны жүзеге асыруды қамтамасыз ететін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындауға жұмылдыруда басты рөл атқаруы тиіс. Сондықтан мем­лекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына тиімді бақылау орнату, осыған байланысты ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды міндеттерге басымдық беріліп отыр. Конференция барысында партияның облыстық филиалы сая­си кеңесінің мүшелері, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері А.Оспанова, облыстық мәслихаттың депутаты, «Галицкое» ЖШС-нің директоры А.Касицин және Павлодар қалалық «УПНК-ПВ» ЖШС-нің қызметкері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі У.Наурызбай сөз сөйледі. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.