– жас таланттарды талпындырған байқау
«Ақбөбек» балалар орталығында осы аттас компанияның ұйымдастыруымен биыл «Ақбөбек – ІІІ» республикалық балалар шығармашылығы байқауы өткізілді. Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған бұл байқауда Астана қаласынан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан дарынды балалар бақ сынады. 985 бала қатысып, үш күнге созылған байқау вокал, музыкалық аспаптарда ойнау, хореография, шығарма жазу, мәнерлеп оқу және сурет салу номинациялары бойынша, жас ерекшеліктеріне қарай үш топта өткізілді. Байқау негізінен «Ақбөбек» республикалық балалар газетінің оқырмандары арасында ұйымдастырылды.
«Шығарма» номинациясы бойынша бас жүлдеге кіші топ бойынша Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңесту орта мектебінің 3-сынып оқушысы Ақдәулет Көшкінбаев, орта топ бойынша Шалқар ауданы №1 мектеп-гимназия оқушысы Жансәуле Қанатова, жоғары топ бойынша Темір ауданындағы Абай атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Альбина Арғынбай ие болды.
«Сурет» номинациясында жүлделі 1-орынды кіші топ бойынша Ақтөбе қаласындағы №45 орта мектептің оқушысы Әділжан Башимов, орта топ бойынша №3 орта мектептің оқушысы Әділхан Дулат, жоғары топ бойынша Қарғалы өнер мектебінің оқушысы Ақдана Бақытқалиева жеңіп алды.
«Хореография» номинациясы бойынша бас жүлде Ақтау қаласынан келген Аяулым Қанатқалиға және Ақтөбе қаласының «Мега-Старс» халықтық би ансамбліне берілді. Домбырадан бас жүлдені Атырау облысынан келген Мадияр Жасанбаев, қобыздан ақтөбелік Айкүн Шанова, баян, аккордеоннан ақтөбелік Камиль Абдулзалиев, фортепианодан Анастасия Кириченко, флейтадан бас жүлдені ақтөбелік Диана Дәуітова олжалады. Мәнерлеп оқудан бас жүлдені атыраулық Әдия Нұриден, дәстүрлі әннен атыраулық Әселхан Белгі жеңіп алды.
Өз тобында биден бас жүлдеге ие болған тағы бір атыраулық оқушы Арайлым Молдашева «Аққу» биін әдемі билеп шыққанын жеткізді. Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның бесінші сыныбында оқитын Арайлым болашақта дәрігер болғысы келетінін жасырмады, бірақ, өнерді жанына серік ететінін айтты. Ол би билеумен бірге домбырада да жақсы ойнайды екен. Осы байқауға қатысқан әр баланың бойынан осындай өнерге деген қызығушылықты аңғаруға болады. Мұны байқауды ұйымдастырушылар да атап өтті.
Байқау барысында «Ақбөбек» республикалық газетіне жазылушылар арасында ұйымдастырылған ұтыс ойыны қорытындыланды.Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Ақбөбек» компаниясы дайындаған дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.