«Бармасаң, келмесең жат боласың» дейді халық даналығы. Қазақстанда төрт мыңнан астам ирандық ағайын бар. Тағдыр талайымен атажұртынан ажыраған олар бақытын қазақ жерінен тапты. Өсті, өнді, қазақтың енші алыспаған бір баласындай сіңісіп кетті. Олар Ирандағы туыстарына барып тұрады.
Жақында Оңтүстікке ыстық ықылас, туысқандық сезімін қанатымен су сепкен қарлығаштай алып ұшып, Иран мемлекетінен арнайы делегация келді. Дәстүрге айналған мәдени шара осымен сегізінші рет ұйымдастырылған. Иран хореографиялық «Персен сока» би ансаблінің өнеріне оңтүстікқазақстандықтар тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.
Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддиннің Шымкентке екінші рет келуі екен. Әулие-әмбиелерге бай, тарихы қалың Шымкент шаһары оған әбден ұнапты.
– Қазақтар өте ақжарқын, ақпейіл халық. Біздің осындағы туысқандарымыз өзін тарихи отанында жүргендей сезінеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрметі бөлек. Елдегі жасалып жатқан жақсы істерге үлес қосып жүргендердің қатарында Иран жұртының да болуы көңілді өсіреді. Біз туысқан халықпыз, – дейді ол.
Қазақ елінің ықыласына тойған ирандықтар тағы да келмек ниетте.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».