02 Сәуір, 2016

Жер-Анадан қуат алатын жан

1192 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Нұрғали Қойшыбаев2Табиғаттың дауасыз дертке шипа болатындығын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Оның қасиетінен адамның бойына қуат, жүрегіне шуақ орнығып, медицина ғылымы қауқарсыз болған сырқаттың сан түріне сеп болатыны белгілі. Мұндай жағдайларға мысал да жетерлік. Солардың біреуіне ғана тоқталар болсақ, аспан мен жердің адамзатпен тығыз байланыста екендігін дәлелдеп келе жатқан, қыста омбы қарға оранып жататын суық, жазда шыжыған аптапта жерді еш қиындықсыз жалаң аяқ басып жүретін ерекше жанмен әңгімелесудің сәті түсті. Ол физика ғылымдарының білгірі, үздік ұстаз және профессор – Нұрғали ҚОЙШЫБАЕВ. – Нұрғали аға, бүгінгі таңда жалаң аяқ жүретін ерекше жан ретінде танымал болған сіздің өзіңіз жайлы толығырақ білсек? – Мен 1937 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында туғанмын. Сонау сұм соғыстан бірер жыл бұрын ғана дүниеге келген мен әкемнің бет-жүзін дұрыс есте сақтап қала алмадым. Сол уақыттарда соғыс­қа әкеміз бен екі ағамды ал­ып кетті де, үйдің үлкені бо­лып мен қалған екем. Үш баламен жалғыз қалған анам күндіз-түні жұмыс істеп, бізді жетілдіру жолында еңбек етті. Ол замандардың қиындығын көзімен көргендер білер, же­тімсіздік жағдайын бастан өткердік. Жаз кезінде далада тапқанымызды киіп ойнаймыз, басқа уақыттарда тапжылмай үйде отырамыз. Елдің көп бөлігінде сауат жоқ, мектепке қашан, қалай барарымнан хабарсыз күйде екі жылымды өткізіп алыппын. Яғни, менің жасым бірінші сынып оқитындардан үлкен болып еді. Қазіргі күні есіме алсам, күліп аламын. Досыма ерем деп мектеп табалдырығын кездейсоқ аттадым. Білімге құл­шынысым өте жақсы болды, әсіресе, математика­ға жүй­­рік болдым десем, артық айтқандығым емес. Мектепке киіп баратындай ештеңеміз жоқ болғандықтан, бірінші сыныпты анамның берген шұлығымен бітірдім ғой. 8-сыныпта тұңғыш рет тракторды көргенмін. Жасы үлкендеу жолдасым соны айдаушы еді, маған қызық көрінетін. Кейде ол мені қасына отырғызып алатын, сол уақытта менен бақытты адам болмаушы еді. 1953 жылдары болуы керек, тың игеру кезінде еңбек жұмыстарына бізді алып кетті. Алты айлық іссапар секілді дүние ғой енді, қара жұмысты қаймықпай-ақ істедік. Тағы­лымдамадан өттік, содан трактор айдаушының көмекшісі қызметін атқардым. Мектеп директоры менің біліміме тәнті болып, міндетті түрде ЖОО-ны бітіруім қажеттігін ылғи айтумен жүретін. Уа­қыты келіп, мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына да түс­тік. Алғашқы кезде Мәскеу университе­тіне тапсырған болатынмын, азиялық тұмаудың белең алып тұрған кезеңдері еді, содан мен сырқаттанып қалып, ме­дициналық тексеріс бойынша өкпемнің дертті екендігі анықталып, мені қабыл­дамай қойды. Содан Алматыдағы қа­зіргі ҚазҰУ-ға тапсырып, оқу­­ға түсіп кеттім. Осы уни­верситеттегі ұстаздар менің емтихан тапсыру сәтімдегі жүріс-тұрыс, білімімнен бола­шағы бар бала деп қатты назар аударыпты. Жоғары оқу орнына алғаш түскен кезімде «өкпенің қабынуы» деген диагноз қойды. Кейіннен, тіпті, сол дертіме байланыс­ты «Сенің санаулы күндерің қалды. Оқуды қайтесің?» деп шығарып тастады. Сонда да жатақханада жаттым. Ақы­рында «жедел жәрдемнің» кереуетімен ау­руханаға алып кетті. Онда да дәрігерлер «Дер­­ті асқынған, емдеу мүм­кін емес», деп шығарып салды. Ілініп-салынып жүрсем де, сабақты тастамадым. Гра­витация тақырыбын диссертациямда қорғап шығуыма денсау­лығымның кедергі кел­тірмейтінін өзіме-өзім дәлел­дедім. Содан не керек, оқу бітір­ген соң мұғалімдер менің оқытушы болуыма ықпал жасап, университет қабырғасында алып қалды. – Бүгінде алматылық­тар, жалпы, сізді жақсы біле­тін­дер денсаулықты күтудің күрделі әдістерін қолданатын жан ретінде таниды. Сізге қо­йылған диаг­ноздың өмірдің соңы емес екендігін дәлелдеп қана қоймай, оны өз бетіңізше ем­деп-жазғаныңызға тәнті жұрт бұл әдістің тарихын білгісі келетіні анық? – Бірінші байлық – денсаулық деп бекер айтпаған ғой. Оқып жүрген кез­дегі диссертация қорғаймын деп сегіз жыл қатарынан сандалғаным, менің қорғауыма ұдайы ке­дергі болып отыратын жандар жүй­кеме салмақ салғаны рас. Ау­ру­шаң болып алдым. Та­мақ ауруы, бас ауруы, өкпенің сыр­­қаты мен асқазан аурулары кезегімен маза бермейтін. Солай жүріп оқытушылық қыз­­метімді де атқара беріппін ғой. Бір күні университетке шақыртулар келді. Ол Аф­ри­кадағы Алжирдің бостан­дығын алып, өз бетінше мемлекет болып жатқан кезі. Олар­да дайын кадр жоқтың қасы болғандықтан, жер-жерден, ел-елден мамандар шақыртқан ғой. Бірінші болып шетелде сабақ беруге ұмтылыс танытып, сол жаққа қа­рай тартып отырдым. Әуелі он ай көлемінде француз тілін үйреніп, Алжирде 3 жыл қызмет атқардым. Ондағы шәкірттерім де еліміздегі студенттерімдей мені ерекше құрмет тұтты, достық қа­рым-қатынаста болдық, олар мені қатты қолдайтын. Порфирий Иванов деген 30 жылдай құр шолақ шалбармен жүрген кісі туралы естуім бар еді. Отыз бес жасынан бастап денесін салқын суға үйретіп, қысы-жазы жалаң аяқ жүруге дағдыланған екен. Алжирде сол кісінің шәкірті Стрельников деген химикті кездестірдім. Ағай­дың бір адамға қалай дұрыс дем алу керектігін үй­ретіп жатқандығын көріп, жаттығуларын қайталап көр­ген жайым бар. Жаңағы жігіт­пен қосылып алып, апта сайын барып тұрдық. Химик кісі маған жаттығуларды дұрыс орындап жүргендігімді айтып және алдағы уақытта оны шыңдауым қажеттігіне кеңес берді. Төбем­нен су құю әдісін бас­тап кеттім. Соның арқасында денсаулығым қа­лыпқа түсе бастады. Ең қы­­­зығы да сол – шы­нығуды ыстық елде бастауым болды. 3 жыл қызмет атқарып бол­ған соң елге оралдым. Мен келген жылы қалада кереметтей нағыз қыс мезгілі орнады. Қақаған аяз, бет қарыған қыс болатын. Жалпы алғанда, мен қалың киініп, оранып жүргенді ұната қоймаушы едім, сол жолы да жұқа киініп, бас киімсіз, қолғапсыз сыртқа шықтым. Ақ ұлпа қарға көз салып, оның температурасын байқағым келді де бәтіңкемді шешіп тастап екі аяқты омбы қарға сұғып жібердім. Аса тоңбадым деуге болады. Содан келіп, күніне бірнеше сағат жалаң аяқ жүруге дағдылана бастадым. Алғашқы кездерде университетке барғанша жалаң аяқ барып, жақындап қалғанда сөмкемнен бәтің­кемді шы­ғарып киіп алатын едім. Өзге­лерден ыңғайсызданғаным ғой. Кейін­нен әбден үйреніп алған соң тәуекелдеп университетке де аяқ киімсіз кіріп бардым. Жұртшылықтың таңданысына мән бермеуге тырысатынмын. – Өзіңіз айтып отыр­ғандай, сыртқы көзқарас, жалпы, жоғары оқу орнының басшылары бұл жүрісіңізге қалай қарады? Не дегенмен университетте аяқ киімсіз жүру ерсі көрінетін секілді? – Айтып өткенімдей, жалаң аяқ жүруді 1990 жылдары бастаған болсам, содан бері көретіндер көрді, жұрттың бәріне тарап үлгерді. Жалаң аяқ келіп, жалаң аяқ кететін болдым. Студенттерім де мені жақсы түсінді. Ол кезде Т.Ә.Қожамқұлов декан болған еді, қатты қолдады. Партия ұйымдарының тарап, оларда айтарлықтай күш болмай қалған кезі. Оның үстіне жұрттың сөзін елемейтінім тағы бар. Бұл мәселе аса қиындық тудыра қоймады. Бәрінен бұрын жердегі шашылып жататын неше түрлі заттардың аяғыма кіріп, жарақаттап жататыны қинамаса, қалғаны дұрыс. Тіпті, жердегі қазыққа аяғымның саусақтарын со­ғып алып, тырнақтарым жұ­лы­нып кететін. Қазір қа­ла бұрынғыдан таза ғой, ал­ғаш­қы кездерде аяғымның көр­мегені жоқ деуге болады. Сұ­­ра­ғандарға «менің аяғыма қарамаңдар, бар гәп менің басымда», деймін. – Жалпы, жалаң аяқ жүру қыс мез­гілінде аса қауіпті деседі. Мысалы, бүйрекке суық тиюі мүмкін. Және аяқ­­­ты үсік шалуы да ғажап емес... – Дұрыс айтасыз. Ол расында күрделі мәселе. Біреулерге бұл әдіс жақпауы да мүмкін, сол себепті бұған бойды жайлап үйрету керек. Бірден жалаң аяқ жүріп бас­тау да аяқтың үсік шалуына әкеліп соғады. Менде де ал­ғашқы кездерде солай болды. Табаным домбығып ісіп кететін. Үйге жете алмай, ая­­ғымды әрең басып келген мен, үйге келе сала ха­лықтық ем жасауға көшетінмін. Өмірі дәрігерге қаралмаппын. Себебі, медицинада мұндай жағдайға душар болғанда ам­путация жолымен ғана емдейді. Ал мен ондайға бұ­рыннан қарсымын, бір жерлерден естігенім бойынша уринотерапияны (кіші дәрет) қолданып көруге бел будым. Матаға ылғалдап, аяғыма та­ңып қойып ұйықтаған едім, таңертең аяғым түк көр­ме­гендей жазылып шыға кел­ді. Содан бері осы емді де қолға алдым. – Адамның табанында көп­теген белсенді нүкте­лер болады және оларды жа­­­лаң аяқ жүру арқылы шы­нықтырсақ иммунитет көтеріліп, эмоционалдық ах­уал жақсарып, мысалы инфаркт, инсульт секілді жүрек ауруларын, гипертония мен стенокардияны алдын алуға болады дейді. Сізге қандай ауруларға шипа болды? Әдіс­тің тиімді жақтарын ата­саңыз? – Нүктелер табанда, ала­қанда, бетте болады. Әрбір нүкте ішкі органдармен тығыз байланыста. Жер мен көктен адамға энергия ағыны келіп жатыр, жалаң аяқ жүру арқылы жерден нәр алар болсақ, рухани энергия жоғарыдан келеді. Біз сол екі энергияның ортасындамыз. Ал осындай мүм­кіндіктерді бәтіңкемен жау­ып тастағанбыз. Біз сонда табиғаттан энергия алмаймыз деген сөз. Жаһандану белең алған сайын адамзат баласы табиғаттан қашықтай түсуде. Мен жалаң аяқ жүру арқылы бастапқыда айтып өткен бар ауруымнан, дертімнен айық­тым. Сол себепті де, өзім­ді сер­гек сезінемін. Құдай адамды жерге жі­берген кезде өзімен бірге дә­ріханасын қоса жіберген ғой. «Урино» биологиялық актив зат, одан күшті зат жоқ дер едім. Шын мә­нінде адамға ауру тән емес. Дәрігерлер пайда болды да, адамды химиямен емдеуге көшті. Бұрын халық қалай тіршілік еткен? Әрине, табиғи еммен, табиғи жолмен емделген. Менің осындай әдістерімнен тұра алмай, жүре алмай қалған жандар емделді. Біреулерге шипасын беріп-ақ жатыр. Соңғы жылдары теле­ар­наларға көп шақыра бастады. Бір ток-шоуға кейіпкер ретінде қатысқаным бар. Ме­дицина жөнінде сөз болып, студияға халық емшілерін, хирургтарды шақырыпты. Менің айтқандарымның барлығын тыңдап болып медицина ғы­лым­дарының докторы, профессор, хирург кісі басын шай­қады. Мұндай жағдайдың мүмкін еместігін және де осындай кезде адамның ая­ғына тек қана ампутация жасалатындығын кесіп айтты. Оның алдында мен тірі отырғаным анық. Ол кісінің айтуынша, менің басымнан кешіргенім мыңнан бір болатын ғажап оқиға екен. – Аға, сізді шәкірттеріңіз физика пә­нінің үздігі ре­тінде де жақсы баға­лай­ды, ерекше құрметтейді. Осы пән бойын­ша бірқатар кітаптарға автор­лық етіп, бірнеше аудармалар жаса­­­­ған екенсіз. Нақтырақ тоқ­талып өтсеңіз? – Өмірімнің жартысы кітапханада өтті ғой. Қазіргі мынау 10-сыныптың физика оқулығын жаздым, яғни сондағы үш автордың бірімін. Осы кітап ұйғыр, өзбек, орыс, қазақ тілдерінде шығып жатыр. Одан бөлек, 30 шақты кітаптарым шықты. Бүкіл тео­­риялық физиканы Ландау мен Лифщиц атты екі академик он томға сыйғызған ғой. Ал мен бүкіл он томын жал­ғыз өзім аудардым. Оның екі томы қазақ тілінде жарық көрді. Бірақ, осы жазған-сыз­ғандарымды санайтын әдетім жоқ екен, физика пәні бойынша қаншама мақалалар, тео­риялық дүниелер жазған­дарымды санамаппын. – Нұрғали аға, енді мына жастарға, жалпы азамат­тар­ға денсаулықты күту бо­йынша қан­дай ақыл-кеңес айтар едіңіз? – Хосе Сильва мен Роберт Стоунның «Получение помощи от другой стороны» атты кітабын оқуға кеңес берер едім. Онда адамзатқа қажетті бүкіл ақпарат, денсаулықты күтудің қарапайым да нәти­желі әдістері тұтас жазылған. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».  Алматы.