Иә, тақырыпқа шығарып отырғанымыздай, бүгінде елдік мінез-құлықты қалыптастыру және қазақстандықтардың бойындағы отаншылдық сезімді тереңдету ерекше мәнге ие. Әсіресе, еркін елдің ертеңі – жастардың арасында мұндай биік қасиеттердің берік орнығуы егемендіктің де тұғырлы бола түсуіне септігін тигізбек. Арамызда осындай болсақ екен, осындай деңгейге жетсек екен деп кәдімгі қазақы түсіністікпен айтқанда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ел ағалары да жиі кездеседі. Солардың бірі, тіпті бірі емес ау, бірегейі Мұстахим Ықсанов атындағы қоғамдық қордың директоры, жоғарыда айтылғандай, отандастарымызды елдік мінез-құлыққа үндеуден танбай жүрген тұлға – Асқар Атаев.
Дәл осы арада Мұстахим Ықсанов кім деген сауалға да тоқтала кету артықтық етпейді. Оны ел тарихында ерекше орын алатын тау тұлғалардың бірі десек, жарасар. Кезінде барша Алаш азаматына тән барлық жақсы қасиеттер бір өзінен табылған, елдікке қызмет жасау өнегесін көрсеткен, өзін ел-жұрттың алдында әдемі сөзімен емес, ел үшін атқарған ұлан-ғайыр ісімен мойындатқан Мұстахим Біләлұлындай қайраткер ілуде біреу-ақ. Сонау 2005 жылы Орал өңірінде бар күш-қайраты мен саналы ғұмырын халықтың игілікке жетуі үшін сарп еткен осындай қайталанбас тұлғаның тындырған сан-алуан бағдарын кейінгі ұрпақ пен жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында арнайы қор құрылған-ды. Сол кезде оның төрағалығына Асқар Атаев сайланды. Содан бері Асекеңнің тікелей бастамасымен М.Б.Ықсановтың тұтастай қазақ елінің және Ақжайық атырабының дамуына қосқан үлесін зерделеу мен пайымдау, оның айрықша жаратылған азаматтық бітім-болмысын бедерлеу мақсатында жүйелі жұмыстар жолға қойылды.
Мұсекең ғұмыр бойы туысы емес, турасын іздеген, ішкі әлемі кристалдай таза, тұнық азамат еді. Ол арзанға алданбады. Қай кезде де ақиқат пен азаматтық ар-ожданына жүгініп отырды. Оның өмірдегі басты ұстанымы – елге адал қызмет ету болатын. Тоталитарлық жүйе тұсында мұның өзі оңайға түспейтін. Дегенмен, қажымас қайраткер оның жолын таба білді, деп еске алады Асқар Қабдолұлы Мұстахим Ықсановтың есімін. Мұстахим ағамыз жылтырақ, құрғақ ұран сөздерді жаратпаушы еді. Ол кісі жетпісінші жылдардың бас кезінде Орталық комитеттің хатшылығынан Орал облысына басшы болып келген кезде облыстық атқару комитеті ғимаратының төбесінде «біздің мақсатымыз коммунизм» деген жазу күндіз алыстан алағайлап тұрушы еді. Ал түн кезінде түйенің табанындай осы қаріптер қып-қызыл болып жанып тұратын. Осыған көзі бірден түскен Мұсекең оны шұғыл алдыртып, орнына «біздің мақсатымыз – мың отбасына үй беру» деп жазғызуды ұсынған еді. Коммунистік идеологияның үстемдік құрып тұрған кезінде бұлай деудің өзі ерлікке пара-пар іс еді. Ол осы мақсатына жетті де. Өйткені, сол жылдарда Орал қаласында алып құрылыс алаңдары кеңінен қанат жайды.
Асқар Атаев тек бір ғана тарихи тұлғаны дәріптеумен шектеліп қалмай, қорға жинақталған қаражат есебінен егемендікке жету жолындағы күреске бел шеше кіріскен барша ұлт зиялыларының есімдерін қастерлеуге де көңіл қоя білді. Айталық, Асқар Атаев жетекшілік жасайтын қор тек соңғы бес-алты жылдың ішінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді мұрат тұтқан он төрт жобаға қатысыпты. Осы жобалардың қай-қайсысының да аудиториясы өте кең екені таңғалдырады. Қараңыз, бұған Орал өңіріндегі үш университет, төрт колледж және үш орта мектеп тартылған болса, осылай демегенде, не деуге болады.
Осы ретпен тағы да әрі қарай тарқатсақ, отаншылдық қасиетті тереңдету жөніндегі мазмұны терең, айтар ойы биік әрі құрғақ сөзге емес, нақты мысалдар мен деректерге толы жобаларды зерделеуге және ой-сана сүзгісінен өткізуге он үш мыңнан астам студенттер мен оқушылар тартылған. Отыз жеті Ұлы Отан соғысына қатысушы және екі жүз жиырма бір тыл және еңбек ардагері қазақ елінің иесі мен киесі және тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жөнінде жастар алдында тәлімді де тағылымды әңгімелер қозғады. Тыңдалмаса сөз жетім демей ме?! Жүректерден шыққан сөз жүректерге жетіп жатты. Ең бір сүйсінерлігі, оның бәрі де құлақтарға құйылған, саналарға сіңірілген. Тұтас бір қоғамдық институт немесе тұтас бір ішкі саясат ведомствосы дәл осындай ауқымды, дәл осындай тартымды жобаларды іске асыра алар ма екен?! Осы жобаларға басынан аяғына дейін белсенді түрде қатысқан Асқар Атаев жетекшілік жасайтын Мұстахим Ықсанов атындағы қоғамдық қордың мәртебесі мен абыройы, адами кескін-келбеті бәрінен биік тұр десек, шындықтан ауытқымаймыз.
Біз кейде осы Асқар ағамыз өзіне қажетті күш-қуатты қайдан алады екен деп таң-тамаша қаламыз. Жай адымдап, асықпай баппен аяңдап жүрген сәтін тіптен кездестіре алмайсыз. Қашан көрсеңіз де ортекедей орғып, желмаядай желіп келе жатады. Сексендегі емес, бейнебір жиырма бес-отыз жастағы жеңіл атлет алдыңыздан шыға келгендей әсерде қаласыз. Автокөлікке отыруға жаны қас. Қат-қабат шаруалардың бәріне жаяу жүгіреді де жүреді. «Асеке, осының бәріне қалай уақыт табасыз», дедік біз ол кісіге аң-таң қалып жүргенімізді жасыра алмай. Сол да сөз болып па, тек көңіл мен ниет, белгілі бір істі атқаруға деген ынта-ықылас болса деңіз. Қалғанының бәрі өз реті мен жөнін таба береді дейді Дінмұхаммед Қонаевтай, Бәйкен Әшімовтей көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің көзін көрген, олармен тіл қатысқан, сонымен бірге Мұстахим Ықсановтай тұлғамен тікелей қызметтес болған бүгінгі заманымыздың бір тұлғасы, ақылман ақсақалы Асқар Атаев.
Әлбетте тұлғаны тұлға ғана тани алады. Тұлғаны тұлға ғана бағалай алады. Қашанда елдік мінез-құлыққа үндеуден танбаған осындай ағалар арамызда көп болса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
Суретте: Мұстахим Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев.