05 Сәуір, 2016

Қызмет көрсету аясы кеңеймек

402 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ком-үлкеніПрезидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихаты «Бизнестің жол картасы-2020: бизнесті сервистік қолдау» тақырыбына арналды. Онда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға барынша мүмкіндік жасалып жатқандығын айтты. Т.Шотановтың мәлімдеуінше, «Атамекен» ҰКП қолдауымен былтыр 1600 жаңа кәсіпорын ашылыпты. 2015 жылы ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес өкілдеріне 30 мыңнан астам қызмет көрсеткен. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен екі есе көп болып отыр. «Соның арқасында біз 1600 жаңа кәсіпорынның ашылуына қолдау жасадық. 2800 кәсіпкерлік субъектісі банктерден қаржы алды. 3600 кәсіпкерге жобаларын толықтай жүргізіп бердік. Осының нәтижесінде олар өз жобаларына 30 млрд. теңге қаржы тартты», деп атап өтті Т.Шотанов. ҰКП төрағасы орынбасарының хабарлауынша, қызмет көрсету мақсаттарына 5 жылдық мерзімге 1,6 млрд. теңге бөлінген. «Бүгінде Қазақстанда биз­несті қолдауға бағытталған 10 мем­лекеттік бағдарлама бар. Оның ішінде ең тиімдісі әрі сұранысқа ие деп «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын айтуға болады. Бұл бағдарламаның екі компоненті бар, яғни қаржылық және қаржылық емес бөлігі. Қаржылық жағынан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры көмектессе, қаржылай емес ком­поненттеріне «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы жауапты», деді Т.Шотанов. Оның айтуынша, қаржысыз жүзеге асырылатын «Іскерлік байланыс­тар» және «Аға сеньорлар» деп аталатын тағы екі жоба бар. «Іскерлік байланыстар» кәсіпкерлерді шетелде тағылымдамадан өткізуге арналған. Ал, екіншісі «Аға сеньорлар», керісінше, дамыған елдердің тәжірибелі мамандарын Қазақстанға шақыруға арналған. Жоғарыда аталған 1,6 млрд. тең­ге осы екі компонентті жүзеге асыруға бөлініп отыр. Бес жыл бойы жүзеге асырамыз деп жос­парлап отырмыз. Қаржы көлемі қаржылық дағдарысқа қарамастан өзгеріссіз болады», деді ұлттық па­лата өкілі. Сондай-ақ, ол кәсіп­керлер палатасы Ұлттық экономика министрлігіне отандық бизнеске қызмет көрсету аясын ке­ңейту бағытында ұсыныстар енг­і­зіп отырғандығын атап өтті. «Қазіргі уақытта біздің тарапымыздан кәсіпкерлерге көрсетілетін 8 қызмет түрі бар: заңнамалық, бухгалтерлік, кедендік, мемле­кеттік сатып алу, менеджмент, маркетинг, сапа деңгейін бағалаудың менеджменттік жүйесі және IT-технологиялар. Бұл жерде сапа деңгейін бағалаудың менедж­менттік жүйесі біздің елде үлкен сұранысқа ие емес екендігін көріп отырмыз», деді Т.Шотанов. Оның айтуына қарағанда, кәсіпкерлер қазір мемлекет-жекеменшік се­ріктестігі тетіктеріне қатысты ақпа­раттарға көп қызығады. «Мә­­селен, былтыр мемлекет-же­кеменшік серіктестік туралы заң шыққан болатын. Бұл кә­сіп­керлерге қаражаттың жетіс­пеушілігі жағдайында үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Кәсіп­керлер осының аясында жобаны қалай дайындау қажеттігін, реестрге қалай кіруге болатынын сұрап жатыр. Біз Ұлттық экономика министрлігіне отандық бизнеске қызмет көрсету аясын кеңейту бағытында бірқатар ұсыныстар енгізіп отырмыз. Соның ішінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі саласында бизнеске кеңес беру қызметін енгізу туралы мәселені де көтердік», деді Т.Шотанов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».