толықтай қалпына келтірілуі керек
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мекемесі қоғамды дүрліктірген оқиға – көпбалалы отбасыларды тұрып жатқан үйлерінен шығару фактілерін қараған болатын, деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.
Осыған орай, Қаріпбековтер мен Қоржынбековтердің жағдайларын ерекше атап өткен жөн, себебі, бұл отбасылардың тап болған жағдайларында Мемлекет басшысы Ұлт Жоспары аясында мемлекеттік органдарға сот төрелігін жетілдіру және меншік құқықтарының кепілдіктерін нығайту жөнінде берген тапсырмаларын жүзеге асыруға кедергі жасайтын проблемалар байқалады.
2012 жылы Қарағанды қаласының әкімдігі Қаріпбековтердің тұрғын үй мәселесін шешу тәртібінде оларға үй берген болатын. Алайда, жергілікті билік аталған отбасыны сол үйге тұрғызу туралы шешім қабылдағанымен, одан кейін үш жыл бойы сол үйде тұру құқығын растайтын тиісті құжаттарды бермеген, ал 2015 жылы тұрып жатқан үйлерінен шығару туралы талаппен сотқа жүгінді. Өз кезегінде, сот шығару туралы шешімді басқа тұрғын үй беру шартымен ғана қабылдады, бұл оны алу құқығын негіздейді.
Осы уақытқа дейін Қаріпбековтердің отбасына баспана беру мәселесі шешілмеген.
Сол сияқты Алматы қаласындағы Қоржынбаевтардың қайғысы да қоғам назарына ілікті. Бұл отбасы 2010 жылы белгіленген тәртіппен тұрғын үй сатып алған. Олардың меншік құқығы мемлекеттік органдарда тиісінше тіркелген еді. Дегенмен, дәл сол жылы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды, өйткені, сатушының үйді мұраға заңсыз алғаны белгілі болды, бұл ретте, оның пайдасына қарай шешім шығарған судья дәл сол себепке байланысты қызметінен шығарылды. Отбасы өтемақы алмай, үйлерінен айырылып қалу жағдайына тап болды. 2012 жылы Светлана Тұрғымбаева (анасы) өзін өзі өртеп, көз жұмды, ал кейіннен оның жұбайы Зейіш Қоржынбаев та қайтыс болды. Қазіргі кезде дауланып жатқан үйде 9 адам тұрады, оның ішінде кәмелетке толмаған 4 бала бар, осы уақытқа дейін олардың бәріне тұрып жатқан үйлерінен шығару қаупі төніп тұр. Қалыптасқан жағдай көпбалалы отбасының құқықтарын бұзуға жол бермеу үшін жергілікті билік органдарының жіті бақылауында болуы тиіс екені сөзсіз.
Сірә, келтірілген екі жағдай да жекелеген лауазымды тұлғалардың әрекеттері мен шешімдері салдарынан орын алды. Сонымен бірге, көрсетілген іс-әрекеттердің заңсыз деп танылуы заңды құрметтейтін азаматтарға зиян тигізбеу керек.
Жоғарыда айтылғанның барлығы мемлекеттік органдардың бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін жауапкершілігін жоймайды. Бұл жайт азаматтарға олардың шешімдеріне сенім білдіруге мүмкіндік туғызады.
Осы уақытқа дейін жоғарыда көрсетілген жағдайларда азаматтардың бұзылған құқықтарын толықтай қалпына келтіру бойынша жұмыс аяқталмаған. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мекемесі олардың мониторингін жалғастырады.