05 Сәуір, 2016

Астанада Олимпиада чемпиондары сабақ өткізді (фото)

450 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
05.04.2016 AST-11 АСТАНА. 5 сәуір. Бүгін Астанадағы №56 мектеп-лицейдің оқушылары мен оқытушылар құрамы Олимпиада чемпиондарымен кездесті. Бұл туралы журналист Назым Қайраттың ақпары бойынша egemen.kz тілшісі хабарлады. Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов пен Юрий Мельниченко денешынықтыру сабағына қатысты. Онда 9-12 жастағы оқушылар алғаш рет спорттық жаттығуларды Олимпиада чемпиондарымен  бірге жасады. Бұл сабақ Астана қаласы саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Физкульт-Ура!» әлеуметтік жобасының аясында өткізілді. Шараның мақсаты– жаңа фитнес технологияларды қолдана отырып, өскелең ұрпақтың бойына саламатты өмір салтына қалыптастыру, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Осы шараға қатысып, оның басы-аяғына дейін болған жас әріптесіміз Назым Қайраттың айтуынша, аталған шара толық бір оқу жылын қамтитын болады. Алдағы кезде мұндай спорт сабақтарын қаланың басқа да мектептері ұйымдастырады. Атап айтқанда, Олимпиада чемпиондары Астананың 5 мектебінде 25 спорт сабағын ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. «Бұл шара алда келе жатқан Денсаулық күніне орай жоспарланған. Бұдан бөлек 7 сәуір күні "Здоровая 5-минутка" акциясы да өтеді. Оған медициналық және медициналық емес мекемелер қатысып, саламатты өмір салтын насихаттайтын күнді ерекше өткізгісі келеді», дейді Назым Қайрат. «Кездесуде Олимпида чемпионы Ермахан Ыбырайымовпен әңгімелескенімде, ол қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген белсенділігі төмендеп бара жатқанын, телефондарға телміріп, планшеттерді жағалаған жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығы күн санап кеміп отырғанын айтып, осындай жобалардың жиі-жиі қолға алынуы керектігін ескертті. Ал «Астана» президенттік кәсіби спорттық клубының спорт менеджері Юрий Мельниченко өз кезегінде денешынықтыру сабағының, оның жүйесі мен әдістемесінің өте маңызды екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ол өзге де әріптестерімен бірге осы бір шараны қолдай отырып, арнайы уақыт бөліп, жинаған тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендігін мәлімдеді. Бұл ретте оларға «Worldclass» фитнес-клубының көмекке келетінін де жеткізді», дейді жас әріптесіміз. «Игі бастаманың бұл тек басы ғана. Денсаулық күніне орай биыл бас қаланың барлық емханалары мен ауруханаларында бір сәтте дене шынықтыру жаттығулары жасалмақ. Бұған қоса еліміздің барлық өңірлерінде түрлі флешмобтар, жаппай жүгіру және өзге де салауатты өмір салтын насихаттау акциялары жоспарланып отыр Менің сабақтан білгенім осы», дейді Назым Қайрат. Дастан Кенжалин. Дерек: журналист Назым Қайрат. Фото: «Астана» президенттік кәсіби спорттық клубы. 05.04.2016 AST-12 05.04.2016 AST-13 05.04.2016 AST-14