06 Сәуір, 2016

Су аяғы құрдымға кетпей ме?

353 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
НаводнениеҚалай көктем басталды дегенше еліміздің әрбір өңірінде қарғын су тасқынынан зардап шегетін елді мекендер аз болмайды. Жыл сайын қайталана беретін осындай су тасқыны былтыр Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қарабұлақ ауылдық округ аймақтарында да орын алғаны белгілі. Осындағы «Сана би» шаруа қожалығының иесі Қуанышбек Оспанов өзінің сол су тасқынынан зардап шеккенін айтып, бұзылған баспанасын әлі күнге жөндеп бермегеніне налып, редакциямызға арнайы хат жолдапты. Қазіргі кезде Қуанышбек ақсақал зайыбымен, яғни он бала тәрбиелеп өсірген батыр ана Майрамен бірге қыстақта шаруашылық басында құлауға айналған үйді жөндеп өмір сүріп жатқан жайлары бар. Ал, қыстақтан 14 шақырым жердегі Қарасу бөлімшесінде баласы Игілік Оспанов тұрады екен. Оның да өз отбасы, үш баласы бар. Былтыр көктемде орын алған қарғын су салдарынан бүлінген үйлердің жайын анықтау үшін облыс орталығы Қарағандыдан арнайы комиссия келіп, ақсақалдың атына тіркелген екі үйді де тұруға жа­рам­сыз деп тапқан. Содан Қарасу бөлімшесіндегі құлауға айналған үйлер қайта салынса, соның ішінде Игіліктің де бас­панасы қалпына келтіріліпті. Алайда, 14 шақырым жердегі екінші бас­пана ескерусіз қалған. Басында іргетасының орны қазылып қойылғанымен, іс әрі қарай жылжымапты. Жалпы, былтыр Қарасу елді мекеніндегі үйлердің жарам­сыздығы мен құрылыс нысандарын қалпына келтірудің қаншалықты негізді екендігін анықтау мақсатында «Транс­Инженеринг КГД» компа­ниясының мамандары шақыр­тылыпты. Техникалық сараптама негізінде балшықтан қаланған 26 тұрғын үй құ­латылып, оның орнына бюджет есебінен жаңа баспаналар тұрғызылған. Ал, қолдарында иелік құжаттары жоқтарына қарғын судан зардап шеккендер үшін құрылған облыстық қоғамдық қор есебінен 4,4 миллион теңге өтемақы да төленіп берілген. Тіпті, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің өзі келіп, жаңа қонысқа ие болғандарды құттықтағаны басылым беттерінде жазылды да. Оның ішінде екі жаңа қыстақ тұрғындары да бар. Сондай жаңа қонысқа ие болғандардың бірі «Жібек жолы» ЖШС шаруа қожалығының жетекшісі Марат Минуаров былай деп ағынан жары­лыпты: «Көрсетілген қол­дау үшін рахмет, біз өте ба­қыт­тымыз. Өйткені, жаңа бас­панаға суық түсер алдында кірейін деп отырмыз. Соншама қобалжыған едік, бірақ бекер екен». Иә, кейбіреулер үшін мұндай қобалжу бекер болса, екіншілер үшін қақаған қыс­тың алдында бұл нағыз сынақ болғаны рас. Ел-жұрт болып қиындықтан шығу үшін қол­ұшы беріліп жатқанда, «Сана би» шаруа қожалығының иесі Қуанышбек Оспанов мұндай қолдаудан сырт қалып қойғаны өкінішті, әрине. Ол өзінің елеусіз қалған жағдайына шағымданып, бұрынғы Мәжіліс депутаты Рауан Шаекиннің атына да хат жазады. Артынша депутаттан аудан әкімдігіне хат келген. Онда не айтылғаны белгісіз, әйтсе де әкім бастаған топ шаруашылық басына барып, салынуы тиіс үйдің орнына жөндеу жұмыстары үшін деп 1 миллион 100 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілетіндігін мәлімдепті. «Менің келіспеуге ешқандай лажым болған жоқ. Келісіп, үй құжатының барлығын ау­дан­дық көмек жасайтын қор­ға өткіздім, ал аудандық қор облысқа жіберіпті. Енді ешқан­дай көмек ала алмай отырмын. Өз үйімді үйтіп-бүйтіп жөн­дедім де, қыстап шықтым», дейді Қуанышбек ақсақал. Су шайып кеткен жолдардың жайын, осында жүргізіліп жат­қан құрылыстардың барысын облыс әкімінің өзі арнайы келіп көріпті. Және де бұл мәселені облыс басшысы жіті бақылауында ұстаған. Алайда, шалғайдағы қыстақ тұрғыны Қуанышбек Оспанов назардан тыс қалып қойғанын өңір басшысы біле ме екен? Ақсақалдың үй салу­ға қатысты өтінішін қарап шық­қан ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы М.Жайымбетов арызданушының тұрғын үйлерін салу бойынша жұмыс жүргізу үшін аудандық құрылыс бөлімінің тарапынан «Стройпроект-Караганда» ЖШС-на жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге өтінім беріл­гендігін хабарлапты. Мем­лекеттік сараптаманың оң қо­­рытындысына сәйкес әзір­ленген жобалау-сметалық құ­жат­тама болғанымен, бюд­жеттік өтінім берген кезде құжаттамаларды әзірлеу бойын­ша көрсетілген қызметке ақы төлеуге және инженерлік-геологиялық іздестіру жүргізуге берілген өтінімді облыстық қар­жы басқармасы қабылдамай тастаған. Мұндағы басты уәж құжаттарды рәсімдеу кезінде үйдің біреуін өтініш иесі ұлына сыйға тартқандығы анықталғандығы. Бір адамның атына екі үй салуға болмайды деген шешімнің себебін Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары былайша түсіндіреді: «Себебі, төтенше жағдайда зардап шеккен адамдарға көрсетілетін кө­мек ең төменгі қажеттілікті өтеу керек деп айтылған. Бір үйін баласының атына ауыс­тыру мақсатымен маусым айы­ның аяғында сыйға тартқан. Сондықтан да оны облыстық қаржы басқармасының мамандары заңға қайшы деп тауыпты. Төтенше жағдай өтіп кеткеннен кейін ресім жасалғандықтан, бұл сыбайлас жемқорлыққа жатады дейді». Сонда дейміз-ау, айдаладағы қыстақта құлауға айналған бас­панада екі қарт адамды қыстың қысылтаяңына қалдыру қандай заңда қаралған? Егер Ақтоғай ауданы әкімі орынбасарының жауабына жүгінсек, онда аудандық құ­ры­лыс бөлімі тарапынан еш­қандай кедергі келтірілмеген. Қайта ақсақалдың тұрғын үй салуға қажетті құжаттарының барлығын әзірлеп те беріпті. Бұл ретте Қуанышбек Оспановтың қыстақтағы баспанасын күрделі жөндеп беруге қажетті 1 миллион 100 мың теңге алу жайы түсіндірілген. Оны облыстық қайырымдылық қорынан алу керек болса, оған қажетті құ­жат­тар жинақталуда екен. Әри­не, барлық іс-әрекеттерге нақты құжаттар қажет екені даусыз. Алайда, сол құжаттар жинақталғанша, құрылыс материалдары мен тасымал құны өсіп кетпесіне кім кепіл. Жалпы, бұл жерде облыстық қайырымдылық қорынан ақша беріле ме, жоқ па, оны кім шешетіні тағы белгісіз. Өткізілген тұрғын үй құжаттары кері қайтарыла ма, жоқ әлде жаңасы ресімделе ме, ол жағы да беймәлім күйінде қалып отыр. Оның үстіне, қазір тағы да көктем келіп, қарғын су кейбір өңірлерді мазалап отырғанын көріп отырмыз. Былтырғы мә­селе «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып қоя ма, деген күдік те жоқ емес. Әлі күнге не баспанасының жөнделмегеніне, не қайырымдылық қорынан бөлінуге тиісті қаржы бөлін­бегендігіне налып, Оспановтың хат жазатындай жөні де бар. Өйткені, үй құжатының бар­лығын тиісті орындарға өткізіп те қойған. Осылайша, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы «Сана би» шаруа қожалығының иесі Қуанышбек Оспанов тұрғын үй құжаттарының барлығын об­лыстық қайырымдылық қорына өткізіп, өңір басшылығы тарапынан бір қолдау бола ма деген үмітпен отырған жайы бар. Әрине, үміт үзілмейді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».