Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу бойынша Мемлекеттік комиссиясының бірінші отырысы өтті.
Аталған комиссия Қазақстан Президентінің биылғы жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуді жоғары идеологиялық және ұйымдастырушылық деңгейде өткізу мақсатында құрылған еді. Сондықтан, комиссияның алғашқы отырысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларды дайындау мен өткізудің негізгі мәселелері талқыланды.
Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту, мерейлі жылды лайықты қарсы алу елдігімізге үлкен сын екенін айтты. «Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды. Арнайы Мемлекеттік комиссия құрылып, ол туралы ереже мен комиссияның дербес құрамы бекітілді. Бүгін комиссия мүшелері толықтай жиналып отыр. Жылды «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен мерекелеу туралы тұжырымдама қабылданды. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы ел тарихындағы бетбұрысты кезең болмақ. Ол елімізді түбегейлі жаңғыртатын 5 институттық реформаны қарқынды жүзеге асыру кезеңіне сәйкес келді. Сонымен бірге, әлемдік дағдарыстың салдары сезіліп тұрған күрделі уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Дегенмен, Елбасы атап өткендей, Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктері қандай дағдарыстан да салмақтырақ. Мерейлі жыл еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін одан әрі нығайтып, халықты рухани-мәдени біріктіре түсуі, сабақтастық пен прогрессивті дамуды қамтамасыз етуі тиіс. Қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміздің жеткен жетістіктерін әрбір азаматтың сезінуі айрықша маңызды. Елбасының сарабдал саясатымен еліміз Тәуелсіздік жылдарында барлық сала бойынша табысты реформалар жүргізді. Ең қарқынды дамушы елдердің бірі атанып, әлемге сыйлы әрі сенімді мемлекет ретінде танылды. Бүгінгі Қазақстан экономикасы мығым, саяси ахуалы тұрақты, қоғамы дамып, тіршілігі жақсарған, әлдеқашан қалыптасқан мемлекет. Бейбітшілік пен келісімді нығайтып, этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтай білген ел. Бұл ретте, Тәуелсіздік – біздің барлық жетістігіміздің негізі. Демек, бұл азаттығымыздың ширек ғасырлық мерейлі жылын мерекелеу барысында әрбір қазақстандықтың жүрегінен нық орын алуы тиіс», – деді.
Бұдан кейінгі кезекте Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық шаралары туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз алды. «Тәуелсіздік алған 25 жылдан бергі уақытта Елбасының арқасында бүкіл әлем Қазақ елін, қазақ ұлтын барынша таныды, мәртебелі мемлекет ретінде мойындады. Біз Тәуелсіздіктің арқасында іргесі берік, келешегі кемел мемлекет құрдық. Әлемдік қауымдастыққа демократиялы-зайырлы мемлекет екенімізді дәлелдедік. Сондықтан, Елбасының халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген тапсырмалар мен міндеттерді, елімізде іске асырылып жатқан реформаларды басшылыққа ала отырып, оларды лайықты жүзеге асыруға барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Ең бастысы, биылғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын бүкіл халық болып атап өту шараларына жыл басынан бері дайындық шараларын ойдағыдай бастап кеттік. Бұл – дәуірлік оқиға. Халқымыздың сан ұрпағының орындалған армандары мен үміттерінің нәтижесі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң қабылданып, еліміз тұңғыш рет әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекет мәртебесіне ие болды. Егемен дамудың 25 жылы ішінде Қазақстан «2030 Стратегиясын» мерзімінен бұрын іске асырып, «2050 Стратегиясын», «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыра бастады. Бүгінде әлемдік қауымдастық Қазақстанды ТМД елдерінің арасынан жаңғырған өзгерістердің көшбасшысы деп біледі», – деді А. Мұхамедиұлы.
Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Тәуелсіздіктің 25 жылдығында 100-ден астам ақпараттық-насихаттық шараларды өткізу жоспарда тұрғанын мәлімдеді. «Биыл 100-ден астам ақпараттық-насихат шараларын өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, желтоқсан айында атаулы жылға байланысты Тәуелсіздікке арналған пошта маркалары басып шығарылады. Аталған жұмыстар жыл басынан басталды. Мысалы, 18 ақпан күні әлеуметтік желілерде «25 жыл – бір ел – бір тағдыр» атты шара бастау алды. Оның аясында бірден 30 мыңнан астам қолданушы өз суреттерін (аватар) ұлттық нақышпен безендірген еді. Қазіргі уақытта 102 мың адам әлеуметтік желілердегі фотосуреттерін ұлттық нақышпен көмкеріп үлгерді», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, бұл тақырыпқа отандық БАҚ өкілдерінің қызығушылығы да артып келеді. Мысалы, жыл басынан бері 5 мыңнан астам материал жарияланған.
Сонымен қатар, ол мерейтойға ақпараттық қолдау көрсету аясында 50-ге тарта республикалық БАҚ-ты тарту көзделіп отырғанын, отандық кино мен эстрада жұлдыздарын да осы іске белсенді қатыстыру жоспарда тұрғанын жеткізді. Бұған қоса, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және мәдениет пен спорт өкілдерінің қатысуымен 25 онлайн-конференция өткізілмек. «Ақпараттық-насихаттық жұмыстар әлеуметтік желілерде де жүргізіледі. Қазан айында әлеуметтік желілерде біздің еліміздің географиялық ерекшеліктеріне арналған «Қазақстанның баруға тұрарлық белгісіз 25 жері» атты байқау өтеді деп көзделіп тұр», деді Ә.Исекешев.
Бұл күні еліміздің мәдениет және қоғам қайраткерлері алдағы мерейтойды абыроймен өткізу қажеттігіне баса назар аударып, құр науқаншылықтан ада болуға шақырды. Мәселен, сенатор, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аста-төк емес, санаға жететіндей, көкірекке қонатындай, жүрекке жылы тиетіндей етіп тойлануы шарт екенін айтты. «17 миллион халқымыз ол мейрамды қалай тойласа, соның сыртында бізді қадағалап отырған мемлекеттер де оны жете түсінуі тиіс», деді Н.Оразалин.
Мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың сөзі де осы үдеден шықты. Ал Бекболат Тілеухан аталған мейрам «құр тойлау, құр шалқу болмауы қажеттігін» жеткізді. «Ешқандай эйфорияның қажеті жоқ. Бұл мейрам – Тәуелсіздік алдындағы есеп. Бұл – Тәуелсіздіктің қадірін түсіндіретін үлкен идеологиялық шара. Осыны пайдаланып, елдің санасына құйып қалу қажет. Тәуелсіздіктен тәтті, азаттықтан асыл ештеңе жоқ екенін ұрпақтың санасына сіңіру керек», деді ол өз сөзінде.
Отырыс соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізуге арналған мемлекеттік комиссияның отырысында атаулы жылды атап өтудің медиа-жоспарын 25 сәуірге дейін бітіруді тапсырды. «Ең маңызды мәселелердің бірі – мерейтой аясындағы шараларды ақпараттық-имидждік қолдауды қамтамасыз ету. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігіне Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметімен, мүдделі орталық және жергілікті органдармен бірге Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің медиа-жоспарын 25 сәуірге дейін жасауды тапсырамын», деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы сонымен қатар, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде үлкен тәжірибе жинақталғанын, түрлі патриоттық интернет-акциялар және арнайы жобалар жасалғанын тиек ете келе: «Жыл бойы осы жұмыстарды атқарып шығу керек. Жаңа өндірістердің ашылуын, жаңа жұмыс орындарының пайда болуын, әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық нысандардың пайдалануға берілуін кеңінен көрсету керек», деді.
Отырыс аясында Мемлекеттік комиссия мүшелері мен шақырылған қонақтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тарихы: Қазақстан жолының қарышты қадамдары» атты деректі фотокөрменің ашылу рәсіміне қатысты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».