07 Сәуір, 2016

Кадрдан тыс қалған бір кездесу сыры

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
КуюковЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аяқталғанына аз ғана уақыт өтті. Оның аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев біраз мемлекет және үкімет басшыларымен кездесу өткізіп, жаһандық қауіпсіздікке қатысты маңызды құжаттардың талқылауларына қатысты. Куйиков-2Бұған қоса, Елбасы АҚШ-тың саяси және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, ол кездесулер сағаттарға созылған қайнаған пікірсайыс, ойжарыс, ізгілікке шақырған, адамзат баласына төнген жаһандық қауіп-қатердің бұлтын кері ысыратын жақ­сы отырысқа айналды. Осы жер­де, Президенттің баспасөз хат­шы­сы Дәурен Абаевтың айтуын­ша, кадрдан тыс қалған мынадай бір ерек­ше жақсы жайттар да болған. Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамаға сыйлық ұсынған. «Естеріңізде болса, – дейді Дәурен Абаев, – Елбасы Обамаға бұдан бұрын да, яғни 2012 жылы Сеулде қазақша тұмар сыйлаған болатын. Бұл жолы Президент саммит тақырыбымен үндес «Жарылыс» атты картинаны табыс етті, деді. Картинаның авторы да жарылыстың зарын тартқан өлкенің ұланы Кәріпбек Күйіков болатын. Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымда орналасқан Егіндібұлақ ауылының тұрғыны, жарық дүниеге қолы жоқ кәріп болып туған оның өз суреттерін қылқаламды тісімен немесе аяқтарының башпайының арасына қыстырып салатынын айтып тұрып АҚШ Президентіне табыстаған Елбасы Кәріпбектің бүгінде Қазақстан іске қосқан АТОМ халықаралық жобасының құрметті елшісі екендігінен хабардар етті. Жобаның атауындағы аб­бревиатураның ағылшын тілін­дегі abolish testing aur mission сөздерінің бірінші әріптерінен құрылып, яғни «біздің миссиямыз сынақтарды болдырмау» дегенді білдіретініне қоса, оның аясында ядролық қаруға қарсылық танытатын Жер шарының кез келген адамы әлем үкіметтерін ядролық қарудан мәңгілікке бас тартуға және ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының тезірек күшіне енгізілуіне шақыратын онлайн петицияға қол қоя алатынын еске алсақ, АҚШ Президентіне ұсынылған сыйдың астарында қаншама салмақ, қаншама ізгі мұрат жатыр десеңізші. Қазір 50 жасты алқымдап қалған Кәріпбек Күйіков әлемді саяхаттап, адамдарға ядролық сынақтардың адамзат өміріне қандай кері әсерін тигізетінін айтудан талмайды. «Мен сіздерді тек жүрегіммен ғана құшақтаймын» деп Жер шарын аралап, Германия, АҚШ және Жапонияның жеке коллекцияларына туындылары қойылып, ядролық сынақтарға лағынет айтқан оның күрескерлігі де көпке үлгі. Адамның дене мүшесінің кемдігі болса да, ішкі жан әлемінің кемтарлығынан сақтасын! «Біздің отбасымызда тағы екі бала болған, алайда, олар 1 жасқа толар-толмастан көз жұмды. Менің басымдағыдай трагедия тек біздің отбасында ғана емес, өзгелерде де болған. Балалары ұсқынсыз болып туған бірқатар отбасыларды білетінмін. Ол ата-аналар келесі балалары сау болып туады деп үміттенетін. Алайда, үміттері ақталмай, науқас балалар туа берді. Туған он баласының барлығы да ауру болған отбасыны білемін», – деп жүрген жерінде ядролық қарудың сұмдығын жасырмай айтып, қаламымен қайрат танытып жүрген суретші туындысы енді АҚШ Президентіне ядролық қарудан бас тартудың қаншалықты маңыздылығын әрдайым еске түсіріп тұратын болады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан». Суреттерде: Кәріпбек КҮЙІКОВ пен оның салған суреті.