АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының (ҚК) жыл сайынғы мазмұндық сессиясы өтуде. 2015-2017 жылдарға арналған кезеңде Қазақстан ҚК-нің Ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі жұмыс тобына төрағалық етуде.
Сессияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамалары туралы және ядролық қарусыздану мен таратпау салаларындағы Қазақстанның ұстанымы жайлы хабардар етті.
Делегаттар Қазақстан Республикасы Президентінің авторлығымен шыққан «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі атты мүлдем жаңа бағдарламалық құжатпен таныстырылды. Бұл айтулы актіде адамзат үшін тағдыршешті соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы, сондай-ақ, халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарудың толық тыйымына қарай ілгерілеуден бас тартқан жағдайда ядролық апокалипсистің қаупі хақында баяндалған. Комиссия басшылығымен қол жеткізілген келісім нәтижесінде манифест барлық мүше мемлекеттерге қолжетімді түрде БҰҰ Хатшылығының электрондық жүйесінде ресми құжат ретінде орналастырылды.
Қазақстан делегациясының баяндамасында, сонымен бірге, ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерінің рөлі бағаланды және таяуда Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитке еліміз басшылығының қатысуы нәтижелері жарияланды, оның ішінде ядролық қаруды таратпау режімін және ядролық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бірқатар елдер және топтармен жасасқан бірлескен мәлімдемелер туралы ақпараттар бар.
2015 жылғы 7 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларация қабылдау туралы; Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Төмен байытылған уран банкін құру туралы ҚР мен АЭХА арасындағы келісімге қол қою жайында; Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс бюджеттерінің
1%-ын БҰҰ Тұрақты мақсаттары қорына аудару хақында; сондай-ақ, Жаһандық антиядролық қозғалыс қалыптастырудағы Елбасының бастамалары жайлы ерекше атап өтілді.
Қарусыздану жөніндегі комиссия БҰҰ Бас Ассамблеясына бағынышты консультативтік орган болып табылады. Оның функциялары – қарусыздану саласындағы түрлі мәселелер бойынша ұсынымдарды қарастыру және жасау. Комиссияның күн тәртібі екі негізгі тармақтан тұрады: ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ, жай (конвенциялық) қару-жарақтар. ҚК жыл сайын сәуір айында үш аптаға жиылып, өз жұмысын пленарлық сессиялар мен екі жұмыс тобы арқылы жүзеге асырады.
Сәулебек БІРЖАН.