07 Сәуір, 2016

Мәжіліс өз міндеттерін межеледі

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09Кеше алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің алғашқы жалпы отырысы болып, оны палата Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы Б.Ізмұхамбетов қысқаша сөз сөйледі. Бүгін Мәжілістің алтыншы шақырылымы өз жұмысына толығымен кірісті деуге болады, деп бастады ол өзінің сөзін. Елбасы Н.Назарбаев сессияның ашылуын­да атап өткеніндей, елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді, іске асырылып жатқан Ұлт Жоспарын заңнамалық тұрғыдан одан әрі қамтамасыз ету біздерге жүктеледі. Соның ішінде бірыңғай салықтық және кедендік кодексті, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану кодексін қабылдап, бәсекелестік, электр қуаты және кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беру саласындағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет, деді ол. Одан әрі Төраға жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюд­жеттері мен меншігін тиімді бас­қару ісін заңнамалық тұрғыдан қам­та­масыз ету міндет екенін атап өтті. Үкіметтің 2016 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес аталмыш мәселелер бойынша әзірленетін заң жобалары Мәжілістің қарауына күзде енгізіледі екен. Бірақ біз бұл мерзімді күтпестен осынау заң жобаларын сапалы дайындау мақсатымен Үкімет құрған 5 жұмыс тобының қатарына депутаттарымызды енгізіп, бірлескен жұмыстарымызды бастап кеттік, деді Төраға. Б.Ізмұхамбетовтің айтуына қарағанда, қазір Мәжі­лістің қоржынында 20 заң жо­басы қаралуды күтіп жатыр екен. Оның бесеуі депу­тат­­тар­дың бастамасымен әзір­­леніпті. Сөзінің соңында Мәжіліс Төрағасы депутаттарға бар­лық ұйымдастырушылық мәсе­лелерді шұғыл түрде шешіп, нақты заң шығару проце­сіне белсене араласу керек­тігін айтты. Барлық парла­менттік фракциялар мен депутаттық топтар Үкі­мет және қоғаммен бірле­сіп, жедел, кәсіби және ашық жұмыс істеп, сапалы заң­дар қабылдауымыз қажет. Оған үш саяси партия және Ас­самблея өкілдерінен тұратын Мәжіліс құрамының білімі, күш-жігері, жинақталған тәжірибесі, жауапкершілігі жеткілікті деген сенімдемін, деп қорытты өзінің сөзін Б.Ізмұхамбетов. Күн тәртібіне сәйкес жалпы отырыстың қарауына төрт мәселе шығарылды. Со­ның ішінде Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі мен Халық­аралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қазақстанда офистер құру мен олардың жұмыс істеуі туралы келісімді және Қазақстан мен Македония арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келі­сімді ратификациялау тура­лы заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселе­лері екен. Осы екі заң жоба­сы туралы баяндаған Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комите­тінің төрағасы Мәулен Әшім­баевтың қорытынды әзірлеуге сұраған мерзімімен депутаттар келісті. Сондай-ақ, үшінші мәселе болып ұсынылған кейбір заңнамалық актілерге азаматтық заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойын­ша өзге­рістер мен толықтырулар ен­гізу туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыру мер­зімін 2017 жылдың 20 нау­рызына дейін ұзартуға да келі­сім берілді. Төртінші мәселе бойынша палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева алтыншы сайланған Мәжілістің өкілеттіктерін іске асы­рудың бірінші сессияға ар­нал­ған негізгі іс-шаралар жос­парының жобасы туралы баяндады. Жоспардың жобасы Парламент Мәжілісі жұмысының әртүрлі қырларын қамтитын 8 тарау­дан тұрады. Сессия бары­сында Парламент қыз­метінің аса өзекті мәсе­лелері бойынша 4 Үкімет сағатын, комитеттердің 5 көшпелі отырысын өткізу ұсынылады. Кең ауқымдағы жұртшылық өкілдері және аза­маттық сектордың қаты­суымен Парламентке келіп түскен заң жобаларын жан-жақты талқылау мақ­сатында 7 дөңгелек үстел өткізу көзделіп отыр. Мәжі­ліс депутаттарының халық­аралық және парламент­аралық қызметке қатысуы жеке кесте бойынша жүзе­ге асырылатын болады. Соны­мен қатар, жұмыс барысында депутаттардың бастама­шы­лығымен қосымша іс-ша­ралар өткізу және ұйым­дастыру қажеттігі туындауы мүмкін. Оларды қосым­ша түрде қарап, палата бюро­сының тиісті шешімімен жос­парға енгізуге болады. Осы айтылғандарды ескере отырып, алтыншы сайланған Мәжілістің бірінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарының ұсынылып отырған жобасын бекітулеріңізді және тиісті қаулы қабылдауларыңызды сұраймын, деді Г.Исімбаева. Депутаттар ұсынылған жұмыс жоспарының жобасын бірауыздан бекітті. Осымен алтыншы сайланған Мәжілістің алғашқы жалпы отырысы өз жұмысын аяқтады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».