07 Сәуір, 2016

Кандидаттар қатарына Х.Кларк те қосылды

223 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
120111-1БҰҰ Даму бағдарламасының басшысы Хелен Кларк осы ұйымның Бас хатшысы қызметіне кандидаттардың қатарына қосылды. Бұл жөнінде «ВВС» ақпарат агенттігі хабарлады. Хелен Кларк – БҰҰ қызметкерлері арасында лауазымы жағынан ең жоғары тұрған әйел болып саналады. Егер ол сайлауда жеңіске жетіп, Бас хатшылыққа сайланған жағдайда, ол БҰҰ тарихында Бас хатшы лауазымындағы тұңғыш әйел атанады. Х.Кларк «Ассошиэйтед пресс» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Ұйым басшылығына өз кандидатурамды ұсынып отырмын. БҰҰ-да және өз елімдегі басшылық қызметімде 30 жылдан астам тәжірибем бар», – деді ол өзінің қабылдаған шешіміне байланысты. БҰҰ-ға қызметке келгенге дейін ол Жаңа Зеландияда 9 жыл премьер-министр болды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның қызметтік мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Бас хатшылыққа кандидаттардың саны қазірге сегіз адамға жетті. Шар-1Тағы бір қытайлық шенеунік айыпталды ҚХР орталық әскери кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Го Босюн 80 миллион юань (12,3 миллион доллар) көлемінде пара алды деп айыпталды. Бұл ақпаратты жергілікті БАҚ Қытай халық-азаттық армиясынан алынған дереккөзге сілтеме жасау арқылы таратты. Басылымдағы ақпаратқа қарағанда, бұл Босюннің әскери қызмет жолында алған парасының бір бөлігі ғана болса керек. Өйткені, ол өзіне бағынышты әскери қызметшілердің қызметін өсіру үшін олардан пара алуды әдетке айналдырған. Жемқорлыққа салынғаны үшін айыпталып отырған Го Босюн ҚХР құрылған 1949 жылдан бергі аралықта елдің әскери күштерінде ең жоғары лауазымдағы жетекшілердің бірі болып келді. Кейбір деректер бойынша, оған қатысты әскери сот ісі жабық режімде өтуі мүмкін. Оған қатысты тергеу-тексеру амалдары өткен жылдың сәуірінде басталыпты. Сондай-ақ, ол шілде айында Қытай Коммунистік партиясы қатарынан шығарылған. Қысқа қайырып айтқанда: * «Amnesty international» құқық қорғау ұйымы әлемде өлім жаза­сының саны күрт өсіп, 1989 жылдан бергі кезеңде ең жоғары көрсеткішке жеткенін хабарлады. Мысалы, өткен жылы әлем бойынша 1634 адам өлім жазасына кесілген. Бұл 2014 жылғыдан 50 пайыз көп. * ОАР президенті Джейкоб Зума өз үйін жөндеуге жұмсаған 20 миллион доллардан астам ақшаны қайтаратын болды. Сот оған осыншама қаржыны қайтаруды міндеттеген еді. «Мен сот шешімін құрметтеймін және оны орындаймын», – деді ол жасаған мәлімдемесінде. * Жаңа Орлеан (АҚШ) соты қоршаған ортаның ластануына соқтырған ірі апат үшін ВР компаниясын 20,8 миллиард доллар төлеуге міндеттеді. Бұл тарихтағы ең үлкен айыппұл болып саналады. Оны төлеу 18 жылға бөлінген. * Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Армения тарапының Таулы Қарабақта бітім жарияланғаннан бері келісімді 115 рет бұз­ғанын мәлімдеді. Тараптар, сондай-ақ, қақтығыстан келген шығын­да­рын жария етті. Өзін өзі жариялаған Таулы Қарабақ билігі 29 адам­ның қаза тапқанын, ал Әзербайжан 31 әскердің оққа ұшқанын хабарлады. Бір тәулікке жұмысын тоқтатады Грекия азаматтық авиация қызметкерлерінің 24 сағаттық наразылық акциясына шығуына байланысты бүгін, яғни 7 сәуірде елдің әуежайлары жұмыс істемейді. «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл күні әуежайлардан ұшақтар әуе кеңістігіне көтерілмейді. Себебі, азаматтық авиация қызметкерлерінің федерациясы мемлекеттік сектордағы ADEDY кәсіби одақтарының әлеуметтік қамту жүйесін жоюға қатысты наразылығына қосылған. Сонымен қатар, азаматтық авиация қызметкерлері тағы бір талап қойып отыр. Ол – елдегі мемлекеттік әуежайларды сатуға жол бермеу. Бүгінде Грекия билігі 14 әуежайды сатуға шығарған. Негізінде оларды Германияның компаниялары сатып алуға ниет білдірген. Отставкаға кетуге өтініш білдірді Исландия үкіметінің басшысы Зигманд Дэвид Гуннлаугссон «Панама құжаттарында» жемқорлыққа қатысы бары туралы мәліметтер жария етілген соң, отставкаға кетуге өтініш білдірді. Қазіргі кезде әлемдік деңгейде дау тудырған «Панама құжаттары» аталған есепте Исландия премьер-министрінің зайыбының елдегі банктерде үлкен үлесі бар оффшорлық компанияға иелік ететіні келтірілген. Исландияның балық және ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқаратын Зигурдур Инги Йоханссон өзінің кандидатурасын премьерлікке ұсынатынын мәлімдеді. Ал премьер-министр З.Гуннлаугссон Исландия президентінен «Панама құжаттарына» байланысты туындаған наразылық акциялары мен өзіне сенімсіздік вотумын білдіру қаупі болуы ықтималдығына қатысты парламентті таратуды сұраған. Имамдар сотталдыКүдікті ретінде алты имам ұсталды Тәжікстандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, елде экстремистік топтарға қатысы бар деген күдік бойынша алты имам ұсталған. Прокуратура күдіктілердің қандай экстремистік топтарға мүше болғанын атамады. Егер ұсталған имамдардың кінәлі екені дәлелденетін болса, олар алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы және оларға үлкен көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Өткен жылы осы елде оннан астам адам «Джамаат Ансарулла» исламшыл ұйымына кірді деген айыппен сотталған еді. Тәжікстан билігі осы ұйымды ел аумағында тыйым салынған «Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымымен байланысы бар деп атайды. Ал «Өзбекстан ислам қозғалысының» Ауғанстан мен Пәкістандағы «Әл-Каида» және «Талибан» экстремистік ұйымдарымен байланыста екендігі дәлелденген. Тәжікстан құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, бүгінде осы елдің бір мыңға жуық азаматы Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекетінің» құрамында жүр. Елдің қауіпсіздігіне залал келтіруі мүмкін «Би-би-си» агенттігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, хакерлер тобы желіге Түркияның 50 миллион азаматының жеке мәліметі бар деген деректер қорын орналастырған. Оның ішінде ел президенті мен үкімет басшысының да жеке мәліметтері бар көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, хакерлердің осы мәлімдемесі расталатын болса, бұл әлемде ең ауқымды жеке мәліметтердің жария етілуі болады екен. Сарапшылар жеке мәліметтердің жариялануы Түркия халқының қауіпсіздігіне залал келтіреді деп есептейді. Құпия ақпараттардың хакерлердің қолына қалай түскені қазірге белгісіз. Болжам бойынша, мұндағы басты мақсат – Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен осы елдің элитасына қарсы бағытталған «саяси ойын» болуы мүмкін. «Ассошиэйтед пресс» агенттігі түркиялық 10 азаматтың сәйкестендіру нөмірлерін тексергенде, оның 8-і дұрыс мәлімет болғандығын хабарлады. Интернет материалдары негізінде әзірленді.