Әлем тыныштығын, қақтығыссыз, соғыссыз өмірді қаламайтын адамзат баласы жоқ дегенімізбен, дәл қазіргі күннің өзінде мамыражай тірлікті аңсап, атылған оқтың, зеңбірек гүрсілінен қорқа оянып, бас сауғалап босқын болып жүргендер қаншама.
Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзі жаһандағы тыныштықты сақтау жайындағы іргелі ойларымен ерекшеленді. Біздің тілшіміз Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема ШӘУКЕНОВАҒА жолығып, оны әңгімеге тартқан еді.
– Зарема Кәукенқызы, бейбітшілікті ұстап тұру бейне бір оқыс қимылдасаң күл-паршасы шығатын шыны бұйым тәрізді. Оны аялап, шаң басса жуып, сүртіп, тазалап күтпесең, лайланғаны да айқын көрінеді. Әлем бейнесі қазір сағал-сағал, лайы күн көзін көлегейлеген әйнек тәрізді. Алысты айтпағанның өзінде, ТМД аймағы да тыныш емес. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем көшбасшылары жиылған жерде сөйлеген сөзінің маңызы арта түсетіні анық емес пе?
– Рас айтасыз, теңеуіңіз жақсы екен. Шынында да, жаһандық қауіпсіздік – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Елбасы айтқандай, ынтымақтастықтың жаңа дәуірі елесті сағымға айналып кетуі әбден ықтимал. Соғыс вирусының тыныш жатқан елдерге де кіріп кетіп жатқанын көрген соң Президент Н.Назарбаевтың саммитте жар салған ойы осындай зұлматты болдырмаудың алдын алудың қаншалықты маңызды екендігіне мән беруімен, бұл ретте, күш біріктірудің маңыздылығына тоқталуының планетадағы адамдар үшін қажеттілігін айқындай түсті.
Тыныштығының сәні кеткен қатерлі аймақтар, өкінішке қарай, біздерден алыс та емес. Таяу Шығыста лаулаған соғыс өртінен туған геосаяси «ойын» өзге елдерді де қарпып, мәселен, Түркия сынды аймақтағы мықты бір ойыншыны да ұйығына тартып барады. Осындай тұста ядролық қауіпсіздік мәселесінің маңызы үстемелене түседі.
Уақыт өткен сайын ядролық қаруы бар елдердің қатарының көбеймесе азаймай отырғаны да өкінішті. Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Ресей сапына Солтүстік Корея, Иран, Израиль сынды мемлекеттердің қосылуы ядролық проблеманың өзектілігін тіптен өрістетті. Солтүстік Кореядағы бірнеше ядролық сынақтан әлем дір етті және қауіпсіздік мәселесінің, сіз айтқандай, шыны әйнек тәріздес екендігін байқатты.
Бұл ретте, Қазақстан тарапының қауіпсіздік мәселесі турасындағы жоғары мінберден айтқан сөзінің өзектілігі құнды бола түседі.
– Дұрыс айтасыз, ядролық сынақ өткізіп, қатерлі қаруды қоймасына қойып, дүрдиген елдердің саны азаймай отыр. Өкінішке қарай, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел әзірше жалғыз. Неге?
Біздің еліміз тек өзі ғана емес, Орталық Азияны ядролық қарудан ада аймаққа айналдырды. Ал күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ деген сөзінің, табанды түрде осы бағытта талмай еңбек етіп жүрген елдің көшбасшысының аузынан шығуы, қазақша айтқанда, «мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық» дегендей, нақты қимылдың қажеттігін көрсетіп тұр.
Аса қынжыларлығы, Ядролық қаруға жаппай тыйым салу туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Бұл жерде алпауыт елдердің қосарланған стандарттар ұстануының салдарынан ядролық қаруды иеленгісі келетін елдер саны арта түсуі әбден мүмкін жайтқа айналды. Өзіңіз ойлап көріңізші, егер осы адамзаттың тірлігіне үлкен қауіп төндіретін, бүкіл болашаққа балта шабатын қару терроршылардың қолына түссе не болады? Оны мүмкін емес деп кім айта алады? Сондықтан да жаһандық басқосуға жиналған жерде ащы да болса шындықтың ашық айтылғаны келешек үшін қажет, жұмыр Жерді жайлаған адамзат үшін қажет.
– Әрине, бұл жерде халықаралық терроризм де қаперде тұрады емес пе?
– Бұл да бір шетін мәселе. Біздің институт дінтанумен айналысатындықтан, ғалымдарымыз осы бір қатерлі дерттің жайылуының алдын қалай алуға болады, халықаралық терроризмнің діни сенімді бетке ұстап, адамдар өмірін жалмап, лаңкестікке баруы мәселелерін үнемі қаперінде ұстайды. Жалпы, дін мәселесі еріккеннің ермегі емес.
Қазір байқалғандай, Самуиль Хантингтонның қайткенде де өркениеттер қақтығысы болады деген ойын құптаушылар баршылық. Ол не? Адамдарды алдын ала қақтығыстарға шақыру ма? Егер адамзат тарихына үңілсек, қазіргі күні бір-біріне қайшы дейтін ислам мен христиан әлемі бейбітқатар өмір сүруде, тіпті, бір бесікте – Араб түбегінде тербеліп туды. Соншама ғасыр қатар келе жатып, енді олар неге заман жетілген тұста қақтығысуы тиіс? Жоқ, әлемде ізгі ойлы адамдар болғанда, оның ішінде дін иелерінің жүректерінде имандары тұрғанда қақтығысқа орын жоқ.
Қай кезде де көпшілікті көшелі тұлға, көреген басшы басқарып, елдік мұратты ізгілікке бастаса, жамандыққа орын табылмайды. Сондықтан да Қазақстан басшысы айтқан ізгілікті ойлар әлем мұратына айналады деп сенемін.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».