Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 10-қадамы – «Мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшуді» жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде брифинг өткізілді. Онда Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Әли Көмекбаев аталған сала бойынша жүргізілген жұмыстар жөнінде және қолға алынған тың бастамалар жайында айтып берді.
Ә.Көмекбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінде министрлік мемлекеттік қызметті жетілдіру үшін ауқымды жұмыстар жүргізуде. Жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңның нәтижесінде мемлекеттік қызметтің мансаптық моделін жүзеге асыру бастау алған. «Бұл жұмыстар меритократия қағидаты, ашықтық, әдептілік, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік негізінде және компетенциялық тәсілдер арқылы мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің оңтайлы озық өлшемдеріне айтарлықтай жақындата түсті», – дейді департамент директоры.
Сонымен қатар, шара барысында 2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу үдерісіне компетенциялық тәсілді енгізу мақсатында олардың жеке қасиеттерін автоматтандырылған түрде бағалау әдісі қолға алынғаны белгілі болды. Осыған қатысты Ә.Көмекбаев: «Мұндай қадам мемлекеттік қызметтің негізгі құндылықтарына деген шынайылықты анықтайды. Одан бөлек, аталған бағдарлама бастамашылық, коммуникативтілік, сараптамалық, әдептілік, стратегиялық ойлау сынды қасиеттер деңгейін анықтауға септігін тигізеді. Ал үміткерлердің базалық деңгейін бағалау үшін үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді», – деді.
Министрлік өкілінің айтуынша, мемлекеттік қызметке алғаш келгендер 3 айлық сынақ мерзімінен өтеді. Қазіргі таңда олар үшін тәлімгерлік институтының рөлі күшейтілуде. Бұл тәсіл сынақ мерзімінің сәтті өтуіне оң әсерін тигізбек. Сондай-ақ, департамент басшысы мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мақсатында жұмысының нәтижелілігіне қарай бағалау мен сыйақы беру жүйесі заңнамалық деңгейде жүргізіліп, соған сай төлемақы жасау шаралары қабылданып жатқанын назарға алды.
Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсу моделі жөнінде Әли Амантайұлы: «Бұдан әрі мемлекеттік қызмет өз мамандарын өздері қалыптастырады. Мемлекеттік қызметшінің мансаптық жоспарлауы біліктілігі мен жинаған тәжірибесіне байланысты болмақ. Бүгінде «Б» корпусының жоғары лауазымдарына орналасу тек төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметшілер қатарынан конкурстық негізде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта меритократия қағидатын бекіту үдерісі жалғасып жатыр. Мансаптық модель бойынша жалпы конкурс – төменгі лауазымдар, ал ішкі конкурс жоғары лауазымдар арқылы жүргізіледі. Сондықтан жоғары лауазымдарға тағайындалу үшін міндетті түрде төменгі лауазымдарда тәжірибенің болуы талап етіледі», – деді.
Бұдан бөлек, брифингте мансаптық модель мен кең ауқымды конкурстық іріктеу нәтижесінде және ауысу тәртібімен тағайындалу институтын жою арқылы мемлекеттік қызметтегі командалық ауыс-түйіс жолдарына барынша тосқауыл қойылғаны айтылды. Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап бұрын тестілеуден өткен қызметшілер ішкі лауазымдар үшін ұйымдастырылған конкурстарға қатысса, қайтадан аталған сынақты тапсырмайтынын атап өткен жөн. Яғни, тестілеу сынағы тек төменгі лауазымдарға келген жаңа мемлекеттік қызметшілер үшін ұйымдастырылады.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».