Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен АҚШ Энергетика министрі Эрнест Мониз кездесті. Онда атом, мұнай-газ және химия салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар, сондай-ақ, энергетика саласындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын сөз етті. Ерекше назар жақында Вашингтон қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне аударылды.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы АҚШ Энергетика министрін Иран ядролық бағдарламасы шеңберіндегі келіссөздер үдерісінің сәтті аяқталуымен құттықтай отырып, Қазақстан осы мәселеге ерекше назар аударатындығын және оның өңірдегі сауда-экономикалық ахуалды жақсарту тұрғысынан қарағанда, маңызы зор болып табылатынын атап өтті.
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы энергетикалық әріптестік жөніндегі арнайы комиссияның (ЭӘАК) жұмысына жоғары баға беріп, оның одан әрі дамуына сенімдерін білдірді. Сұхбаттастардың пікірінше, ЭӘАК ядролық қауіпсіздік, атом энергетикасы, көмірсутек ресурстары, жаңартылған энергетика және энерготиімділік, сондай-ақ, электр энергетикасы сияқты басым бағыттағы екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды және сәтті тетік болып саналады.
Жаһандық ядролық қауіпсіздік режімі мен таратпау мәселелері де жан-жақты талқыланды. Америкалық тарап Қазақстанда АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкінің құрылуы мен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша екі раунд келіссөздер өткізу үдерістеріндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Сонымен бірге, сұхбаттастар атом, мұнай-газ және химия өнеркәсібі салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тұрғысынан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, америкалық тараптың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ, дәстүрлі және баламалы энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың бірлескен жобаларын іске асырудағы серіктестік жайы да талқылау тақырыптарының біріне айналды.
АҚШ энергетика ведомствосының басшысы климаттың жаһандық өзгеруіне, болашақ ұрпақ үшін таза экологияны сақтауға қатысты өзінің алаңдаушылығын білдіре келіп, Қазақстанның алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне АҚШ-ты қатысуға шақырғанын қуаттады. Сондай-ақ, ол Қазақстан Президентінің ЭКСПО-сити инфрақұрылымының негізінде БҰҰ жанынан Жасыл технологияларды дамыту орталығын құру жөніндегі бастамасы мен болашақта «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңын америкалық компаниялар мен инвестициялық қорлардың пайдалануына мүмкіндік берілетініне өзінің ризашылығын жеткізді.
«Егемен-ақпарат».