Қостанайда алтын күректің самалы қар көбесін сөгіп, қарғын су жұртты әбіржіте бастады. Тұрғындармен қатар төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті әкімдіктер, полиция органдары қызметкерлерінен түнде ұйқы қашты. Облыстың солтүстік аудандары мен қалаларында, Қостанай қаласы маңында біраз елді мекендер қар суының қоршауында қалды. Қостанай қаласындағы Қостанай-2 шағын ауданындағы көшелер мен үйлер суда тұр. Сонымен қатар, қаладағы бірнеше ұзын көше, Дизель зауыты тұрғын ауданын да су басты. Қозғалыс белгісіз уақытқа тоқтатылды, қоғамдық көлік қозғалысының бағыты өзгертілді.
Әсіресе, Қостанай-2 шағын ауданындағы жағдай қиын боп тұр. Қардың күндіз-түні еруіне байланысты кеше түнде қарғын судың осы шағын тұрғын ауданда орналасқан ұзындығы 3,5 шақырым, тереңдігі 3-4 метр, ені 4 метр болатын «Нагорная канава» су жіберу арнасынан асып кету қаупі туды. Арна шетіне 3000 қапшық құмнан тосқауыл қойылды. Осы жұмыстарға және тұрғын үйлерді судан тазартуға 200 адам мен 35 техника жұмылдырылды. Үйлер мен аулалардағы суды насоспен сорып алу жұмыстары жалғасуда.
Күн жылынған сайын қардың тез еруінен Рудный қаласындағы Горняцкий ауылының екі көшесіндегі үйлерді, Қостанай ауданына қарасты Озерный, Таран ауданындағы Таран, Арқалық қаласындағы Нефтебаза, Северный, Сарыкөл ауданындағы Сарыкөл ауылдарындағы тұрғын үйлер суда қалды. Олардың барлығында құтқару, қызыл судан тазарту жұмыстары жүргізілді. Су тасқынына қарсы және оның залалын жою жұмыстарына төтенше жағдайларлар департаменті құрамасы мен жергілікті атқару органдарынан 30-дан аса техника және 66 адам жұмылдырылды. Оның сыртында Батыс Қазақстан облысынан да 51 адам, 9 техникасы, 8 қайығы, мотопомпасы бар құрама күш келіп қосылды.
Облыстың оңтүстігінде жатқан Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласы төңірегінде қар еріп болған. Торғай өзені мен оның салаларында сең жүрген, су жылдағы мөлшер шамасында.
– Су басу қаупі облыстың солтүстік өңіріндегі Денисов, Таран, Қамысты, Жітіқара, Қостанай, Алтынсарин аудандарындағы бірқатар елді мекендерде сақталып отыр. Әйет, Тобыл, Желқуар, Жайылма, Бірсуат өзендерін қарап шықтық, қар көбесі сөгілгенмен әлі қалың, қарғын судың өзендерге ағуы да түрлі деңгейде, сең жүрген жоқ. Қар суы жылдағы мөлшерден шамамен екі есе көп, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмағанбетов.
Қар суының жайылмауы үшін облыста 37 шақырымдық арық, 44 каналдар арнасы, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы жүздеген су өткізу құбырлары тазаланды. Тобыл өңіріндегі Жоғарғы Тобыл және Қартомар су қоймаларына қазір қар суы көп мөлшерде жіберіліп жатыр. Қаратомар су қоймасына сәуірдің басынан бастап секундына 70 текше метр су жіберілуде. Жоғарғы Тобыл су қоймасына 816 миллион текше метр, Қаратомарға 506 миллион текше метр су жинауға болады. Қазір Жоғарғы Тобыл су қоймасында – 215, Қаратомарда 239 миллион текше метр бос орын бар.
Ауа райын болжаушылар Тобыл өңірінде әлі де жаңбыр, қар жауатынын айтып отыр. Бұл да су тасқыны қаупін күшейте түсетіні тағы аян.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.