Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Жібек жолы бойындағы ауыл шаруашылығы саласын жандандыру: Орталық Азия өңіріндегі құрылымдық өзгерістер, ресурстар және сауда» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция-симпозиум өтті. Оған әлемнің 30 елінен 200-ден астам белгілі зерттеуші-ғалымдар, сондай-ақ, АҚШ, Жапония, Израиль, Австралия, Ресей және Еуропа елдері басшыларының кеңесшілері қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық білім орталығы» КАҚ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Халықаралық ауылшаруашылық экономистері ассоциациясы (IAAE) мен Өтпелі экономикалы елдердегі аграрлық дамудың Лейбниц институтының (IAMO, Германия) бірлесуімен ынтымақтастық-ықпалдастық жағдайында өтіп, үш күнге созылған іс-шараның негізгі мақсаты – ғалымдар бірлесе отырып өзара тәжірибе алмасу және ауыл шаруашылығындағы экономикалық тиімділікті арттыру әрі осы мәселеге тікелей қатысты проблема жолдарын айқындап, бірлесіп шешу.
Алқалы жиынды салтанатты түрде сессия төрағасы, профессор Томас Херцфелд ашып, аталмыш басқосудың мәні мен маңызына тоқталып өтті. Құттықтаушылар қатарында сөз алған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов конференция еліміздегі елеулі оқиға екендігін, өйткені, осыдан 30 жыл бұрын 1980 жылы Минск қаласында Ауылшаруашылық экономистерінің халықаралық ассоциациясының соңғы конгресі өткендігін, ал бүгінгі басқосу сол жиынның заңды жалғасы әрі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен орайластыра өткізіліп отырғандығын алға тартты.
– Қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстанда ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда 191 мыңнан астам агроқұрылымның 183 мыңнан астамы, яғни 95 пайызы шаруа қожалықтары. Солардың 40 пайызының ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер көлемі – 10, қалғандары 50 гектардан аспайды. Мұндай шағын қожалықтармен ауыл шаруашылығын қалай дамыта аламыз? Оның үстіне, олардың өндіріп отырған тауарларының бәсекеге қабілеттілігі, әрине, төмендеу. Сондықтан, мұндай құрылымдарды ірілендіріп, елімізде ірі аграрлық құрылымдар құру қажет. Сонда ғана, оларға инвестиция арқылы инновациялық технологияларды ендіре отырып, қазақстандық брендке айналатын ет-сүт өнімдерін экспортқа көптеп шығаратын боламыз, – деді Т.Есполов.
Конференция-симпозиум барысында өнімді аз беретін егістік жерлерді жайылымдық жерлерге айналдырудың тиімділігі өте жоғары деген пікірімен бөліскен Копенгаген университетінің профессоры, Германиядағы Өтпелі экономикалы елдердегі аграрлық даму Лейбниц институтының аға ғылыми қызметкері Александр Прищепов, сондай-ақ, гектарына 2-3 центнер өнім беретін жерлерді қайта-қайта жыртып, егін егу көп шығын келтіреді әрі жерге зиянын тигізетінін тілге тиек етті.
– Қазақстан о баста мал шаруашылығы кеңінен дамыған ел. Қазір де осы саланы дамытуға Қазақстанның әлеуеті жетеді. Бұл үшін түрлі экономикалық себептермен қараусыз қалған, онсыз да өнімділігі аз егістік жерлерді жайылымдық жерлерге айналдыруға болады. Бүгінде Ресей, Қазақстан және Украинада 60-70 млн. гектар егістік жер қараусыз жатыр. Солардың ішінде 50 млн-нан астам га жер Ресейге тиесілі болса, 10 млн. га жер Қазақстандікі. Әрине, оларды біртіндеп, ауылшаруашылық айналымына қайта енгізу шаралары жүргізіліп жатыр. Бірақ, сол 10 млн. гектар жердің тек 1-2 млн. гектарын ғана қайтадан егістікке пайдалануға болады. Қалғандары тиімсіз. Оларды жайылымға айналдырса құба-құп болар еді. Бұл үшін әрине, арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет», – деді А.Прищепов.
Ал Израильдегі Иерусалим университетінің профессоры Цви Израильде ауылшаруашылық кооперативінің жұмысы жақсы жолға қойылғанын, өйткені, олардағы кооперативтер мақта, бидай, көкөніс өсірмей, шағын шаруа қожалықтары өсірген өнімдерді сатумен айналысатынын жеткізді.
– Яғни, сервистік қызмет көрсетеді, деді профессор. – Сондықтан Қазақстанға да шағын қожалықтарды ұйымдастыру тәжірибесінен үйренуі керек. Екіншіден, халықаралық нарыққа шығуды ойластырып, ауыл шаруашылығын экспортқа бағыттау. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің болуы өте маңызды. Өйткені, мал шаруашылығы секторы мемлекетке ең маңызды табыс әкелетін сала. Жалпы, Қазақстан бидай өндіруден әлемдегі ең жетекші елдер қатарында. Сондықтан бұл жерде ғылым мен ауыл шаруашылығын ұйымдастыруды жолға қойып, бидайдан мол өнім алуға болады. Ал Алматы облысында жеміс-жидек пен көкөніс өндіруде үлкен әлеуеттеріңіз бар.
Конференция барысында 27 сессия өтіп, 150-ден астам баяндама жасалды, жиын жұмысы ағылшын, орыс тілдерінде ілеспе аудару әдісімен жүргізілді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».