18 Қаңтар, 2011

Елбасымен біргеміз!

457 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

* * *

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ ОЗАДЫ

Шымкентте Елбасының өкілеттігін 2020 жылғы 6 жел­тоқ­санға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдаған 20 мың­дай адам қатысқан митинг өтті Жексенбі күні Асанбай Асқа­ров атындағы ипподром алдын­дағы алаңға 20 мыңға тарта ха­лық жиналды. Негізгі ұйым­дас­ты­рушы «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы мен Елбасы өкілет­ті­гін 2020 жыл­дың 6 желтоқ­са­нына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу бой­ын­ша құрылған облыстық баста­ма­шы топ. Митингіге ардагерлер, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, зиялы қауым, ұлттық-мә­дени орталықтар, кәсіподақтар, жастар өкілдері, Шымкент қала­сы­ның тұрғындары, БАҚ өкіл­дері қатысты. Жиынды облыстық мәс­ли­хаттың хатшысы, облыстық бас­тамашы топтың жетекшісі Әбіл­қа­сым Досболов жүргізді. Ми­тин­гі­де облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәулен­құ­лов, О.Жандосов атындағы орта мектептің директоры О.Левикова, Академия­лық-инновациялық универси­тет­тің студенті, жастар ісі коми­те­тінің төрағасы Т.Дастанов, облыс­тық кәсіподақтар ұйы­мының төрағасы Д.Шерімқұлов, №45 орта мектептің директоры Р.Пак, Облыстық өзбек мәдени ор­талы­ғының төрағасы И.Хашимжанов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенті Д.Овсеев, Облыстық фермерлер мен кәсіп­керлерді қолдау қоры қоғамдық бірлестігінің төр­аға­сы Р.Қараи­бра­гимов, ардагер жур­налист Б.Қонысбек сөз сөй­леді. Референдум өткізу бастама­сына республика бойынша 5 миллионнан астам, оның ішінде 800 мыңға жу­ық оңтүстікқазақстан­дық­тар, саяси күштер мен түрлі дең­гей­дегі еңбек ұжымдары, ғы­лыми және шығармашылық интеллигенция, этномәдени, діни, қоғам­дық бірлестіктердің өкіл­дері мен жекелеген азаматтар қол қой­ып, қолдау білдірді. Бұл – Елбасы жүр­гізіп отырған саяси бағыттың бүкілхалықтық қол­дауға ие екендігін барынша айқын дәлелдейді. Референдум өткізу туралы бастама көтерілгеннен бері об­лыс бойынша 1382-ден астам түрлі деңгейдегі жиындар мен митингтерде, жиналыстарда, түр­лі саяси, қоғамдық ұйымдар өкіл­дерінің кездесулеріне 810 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық қа­тысып, Қа­­зақстанның Тұңғыш Прези­денті­нің өкілеттігін ұзарту жөнін­де референдум өткізу ту­ралы ұсы­нысқа бірауыздан қол­дау білдіруде. Парламенттің қос палатасы Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына Елбасы Н.Назар­баевтың өкілеттігін респуб­ликалық референдумда ұзарту мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізу туралы заң қабылдады. Бұл – халық қалауы, қазақстандық әрбір аза­маттың шынайы тілегі. Митингіге қатысқан оңтүс­тік­қа­зақстандықтар еліміздің тәуел­сіз­дік­ке жетуі, тәуелсіздік алған 20 жыл көлеміндегі Қазақ­стан­ның жетістігі, іргелі мемлекетке айналуы, халықтың тұрмыс-тір­шілігінің жақ­са­руы тікелей Ел­басы Н.На­зар­баевтың жүргізген саясатының ар­қа­сында екендігін айта келіп, Қа­зақстанның жоспар­лаған бағдарла­ма­ларының орын­да­луын да, алдағы алатын белестерін де тікелей өз­дерінің тұңғыш Пре­зидентімен бай­ла­ныстыр­ғы­сы келетінін айтады. Акцияға қатысушы 20 мыңнан астам оңтүстік­қазақстандық­тар­дың атынан Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Президенті Н.Назар­баевқа аш­ық хат жолданды. Онда: «Референдум өт­кізу – хал­қы­мыздың қалауы, шы­на­йы тілегі. Сіз әрдайым хал­қы­ңызбен біргесіз. Сондықтан да ха­лық қа­лауы ескеріледі деген ойдамыз. Бүкіл Оңтүстік Қазақстан об­лысы тұрғындарының атынан Қа­зақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен оты­ры­сының шешімін қолдауы­ңызды, ел ішінде референдум өт­кізуге келісім беруіңізді сұрай­мыз», – делінген. – Біз сталиндік репрессия кезінде Грузиядан Қазақстанға зорлап көші­рілген түрік халқының ұр­па­ғымыз, – дейді кәсіпкер Райс Қа­раибрагимов. – Досқа құшағы ашық, мейірбан қазақ жұрты қо­лындағы жарты нанын бізбен бө­лісіп, екі бөлмесінің бірін бо­са­тып беріп өмір сүріп кетуімізге жағдай жасады. Біз мұны ешқа­шан ұмыта алмаймыз. Мені тегім түрік де­ме­се­ң­із, қаным – қазақ. Біз үшін Қа­зақ­станнан артық Отан жоқ, бол­май­ды да. Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы Қа­зақ­стан­да ғана емес, әл­емдік саясатта орны бар дара тұлғалардың бірі. Сондық­тан да Түркістанға кел­ген сапа­рында Түр­­кияның президенті Абдулла Гүл “Назарбаев – Түркі әле­мінің көш­басшысы” деп баға берген бола­тын. Әлем мойын­даған тарихи тұлғаның Қазақ­стан­ды бүгін­гіден де биік белестерге көтере беретіндігіне сенемін. Сон­дықтан да Ел­басы­мыз­дың өкілет­ті­гін ұз­ар­ту­ды шын көңіліммен қалаймын. Митингке жиналғандар осын­дай жүрекжарды тілектерін ай­тып жатты.

Бақтияр ТАЙЖАН.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

* * *

РЕФЕРЕНДУМ – ХАЛЫҚ ТАЛАБЫ

Қазақстан Парламентінің қос палатасының бірлескен отыры­сын­да Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабына өз­геріс енгізу туралы мәселе қа­рал­ды. Бұл қаралған заң жобасының маңызы Қазақстан мемлекеті үш­ін, қазақстандықтар үшін өте жоғары. Онда қазір қоғамда өте қызу талқыланып жатқан, соңғы кездері БАҚ-тардың ең басты тақырыбына айналған Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жө­нін­дегі бастамашы топтың ұсынысы талқыға салынды. Қойылған мә­селе депутаттардың жан-жақты талқысына түсті. Қоры­тынды­сын­­да Парламент депутатта­ры­ның бірауызды қолдауымен бұл тарихи шешім қабылданды. Конститу­ция­ға өзгеріс енгізу арқылы Парламент Қазақстан Республикасының негізін қалаушы және оны құрушы реформатор, Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи миссиясын іске асыру үшін Конституция шеңберінде оның қоғам­дық-саяси мәртебесін заңды түрде мойындап, еліміздің одан әрі тұ­рақты және қарқынды дамуын қам­тамасыз етуге басты шешім қа­былдады дей аламыз. Еліміз үшін осы маңызды оқи­ғалардың алғышарты қандай еді? Барынша қорытындылап айтатын болсақ, «тоқсан ауыз сөздің то­бықтай түйіні» мына мәселеге келіп тіреледі: тарих үшін қас қағым сәт болаып табылатын азғантай ғана уақыттың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үшін ұлан-ғайыр іс жасады. Тұңғыш Президенттің салиқалы, сарабдал саясатының ар­қасында еліміз ең алдымен тұ­рақтылыққа ие болды. Елдегі тұ­рақтылық Мемлекет басшысына терең экономикалық және саяси реформаларды сәтті жасауға мүм­кіндік берді. Оның нәтижесін бү­гінде көре де бастадық. Тіпті 2008-2009 жылдардағы экономикалық дағ­дарыстың ең бір асқынған тұ­сында да біздің елдің экономикасы тұрақты күйінде қалып, Елба­сының жүргізген реформала­ры­ның табысты өткендігін дәлелдеді. Әлемдік экономика үшін өте ауыр болған 2009 жылды біздің еліміз 1% өсіммен аяқтады, ал 2010 жыл­ды 7 пайыздық өсіммен аяқтады. Мұндай даму ырғағы Қытай, Үн­дістан секілді дамушы және кейбір дамыған батысеуропалық елдерде ғана болды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алдына орасан зор міндеттер қойып отыр. Алдымыздағы онжылдықта барлық күш-жіге­рі­міз шикізатқа тәуелді елдер киген қамыттан құтылуға бағытталып, еліміздің инновациялық келбеті жаңа тұрпатқа енбек. Сондықтан, Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзартуға бастамашылық жа­саған шығыс­қазақстандықтардың бас­­тамасы маған әбден түсінікті. Мәселе, бұл жерде кейбір шешендер дәлелдеуге тырысатындай, сай­лауға кететін қаржыны үнем­деу ту­ра­лы емес. Ел тағдыры, хал­қымыз­дың жарқын болашағы ол айтып от­ырған қаржыдан анағұр­лым қымбат. Елбасы осы күнге дейін ел ал­дына қойылған қандай қиын мақ­сат-міндеттер болса да барлығы­ның шешімін таба білген қай­раткер екенін қазақстандықтарға әлдеқашан дә­лел­деді. Ол Тәуелсіз қазақ мемлекетін құрушы, барлық қазақстан­дық­тарды дініне, діліне, тіліне қа­ра­мас­тан, бір тудың астына топтас­ты­ра білген нағыз Ұлт Лидері. Өкілеттікті ұзарту туралы бас­таманы халқымыздың өзінің жар­қын болашағын Н.Ә.Назарбаевтың қолына тапсыруы деп түсінуіміз керек. Бұл – біздің елімізге берілген тарихи мүмкіндік. Халқымыз мұндай тарихи мүмкіндікті уысы­нан шығарып алмайтынына мен бек сенімдімін. Президент өкілеттігін ұзарту­ды қолдап 5 млн.-нан астам қа­зақ­­стан­дық өз қолдарын қойды, бұл дауыс беретін электораттың жар­тысы деп айтуымызға болады. Мұ­ны ескермеуге жоғары заң шы­ғарушы органдағы халықтың заң­ды өкілдері болып табылатын Пар­ламент мүшелерінің құқығы жоқ деп есептеймін. Қазақстан Парламентінің мү­ше­лері Қазақстанның қолданыс­тағы заңнамасы шеңберінде ха­лық­тың ұсынысын заңдастырды. Ал бұл өзгерістердің бәрі қазақ­стандықтардың мүддесіне толық сәйкес келеді. Ел тізгінін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа ұсына отырып, қазақстандықтардың басым көп­ші­­лігінің Отанымыз – сүйікті Қа­зақстанның болашағы жарқын ек­ендігіне сенімі кәміл.

Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.

* * *

ХАЛЫҚ СЕНІМІНЕН ШЫҚҚАН БАСШЫ

Біздің барлық табысымыз Нұр­сұлтан Әбішұлының есімімен ты­ғыз байланысты. Мен 1996 жылғы бюджетті қазір еске аламын, сол кезде де депутат едім, сонда біз­дің кірісіміз 380 млрд. теңге бол­ған еді, ал қазіргі бюджеттің кірісі 4 трлн. 41 млрд., яғни 10 есе ар­тық. Ос­ындай табыс төккен тер­дің, ұтым­ды ұйымдастырушы­лық­­тың, тамаша басқарушылықтың жемісі екені даусыз. Былтырдың өзінде ғана елімізде жаңадан 152 үлкен өндіріс орындары ашылғанын білдік. Бұл дегеніңіз еліміздің қарыш­ты дамып келе жатқанының көрі­нісі емес пе? Президенттің бірінші экономика, содан кейін саясат деген сөзінің өте дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлел­деп берді. Осы­дан 20 жыл бұрын ол кісі Қазақ­станды жақсы тұрмыс­қа жеткізетінін айтқан еді, ақыры сол уәдесін орындады және эконо­миканы одан әрі жақсы дамудың рельсіне тү­сірді. Енді осыдан ар­тық бізге қан­дай басшы керек, кім бізге осындай басшы бола алады? Мен 15 жыл Парламентте, одан бұрын 48 жылдай өндірісте жұмыс істеген адаммын. Нұрсұлтан На­зар­баевты 30 жылдан астам уақыт бойы білемін. Сондықтан мен бізге қазір Н.Назарбаевтан артық ешкім де басшы бола алмайды деп толық сеніммен айта аламын. Ал халық айна, ол бәрін де біліп отыр. Өздеріне ешкім де Нұрсұлтан Әб­ішұлындай басшы бола алмасын болжап отыр. Тек қана халықтың сенімінен шығып, елдің бола­ша­ғын ойлаған басшы отырғанда ға­на біздің мемлекеттің дами алаты­нын олар жақсы түсінуде. Сон­дықтан да аз уақыттың ішінде 5 млн.-нан артық қол жинап, Ел­ба­сының президенттік өкілеттігін ұз­арту туралы референдумның бол­ға­нын қолдап отыр. Қай күнде билік халықтың пікіріне құлақ асып отыру керек. Осы күнге дейін біз­дің билік халық қажеттілігіне, оның пікірі мен ұсынысына үнемі құлақ асып келеді. Жыл сайынғы жолдауларында да Президент ха­лықтың жоқ-жітігін қатты ескеріп, оған бірінші кезектегі қажетті мә­селелерді шешу қажеттігін айтып және оны шешуді Үкіметке жүк­теп отырады. Берілген тапсырма­лардың бәрі соңғы жылдары, әсі­ресе соңғы 10 жылда толық орын­далып, іске асып отыр. Соның арқасында халықтың тұрмысы жылдан-жылға жақсарып келеді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында өте дұрыс шешім қабылданып, Конституцияға Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың президенттік өкілеттігін бү­кіл­халықтық референдум арқылы ұзартуға мүмкіндік беруді көздей­тін өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң қабылданды. Бұл заң­ның маңызы өте зор. Өйткені, сай­лаушылардың 70 пайызға жуығы сондай шараның болғанын қалап отыр. Ал біз халықтың тілегіне құ­лақ асуымыз керек.

Нүсіпжан НҰРМАМБЕТОВ, Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

* * *

ОРНЫ ДАРА ТҰЛҒА

Халықтың ыстық ықыласы мен қолдауын тек жүрек қана шы­найы сезіне алады. Егер халық­тың өз сөзімен айтсар болсақ, елдің бүгіні мен ертеңін ойлай­тын бір адам болса, ол – Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев деп толық тұжырым жасауға болады. Өйт­ке­ні, ел өміріндегі қандай жақсы­лық­тың да Елбасынан бастау ал­ып отырғаны баршаға аян. Қай заманда болсын, бүкіл ел мен ұлтты өркенді даму жолына жұмылдырып, өз мемлекетін биікке көтере білген тұлғалар ғана тарихта зор құрметпен аталады. Біздің еліміз де тәуелсіз мемле­ке­тіміздің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың биік абы­рой-беделі мен оның кәнігі саясаткерлігі, зор қабілет-қарымы­ның арқа­сында зор мақсаттарға қол жеткізді. Елбасы дамудың бір­ден-бір дұрыс жолын таңдап, өзінің ке­мең­герлік бастамалары­мен халқы­мыз­ды әр уақытта да алға қарай берік сеніммен бастап келеді. Қазақ халқы ежелден «Ырыс алды ынтымақ» деген қағиданы берік ұстанады. Жүзден астам ұлт пен ұлыс, сан түрлі этнос пен то­лып жатқан діни конфессиялар шо­ғырланған елде татулық пен ын­тымаққа қол жеткізу Елбасы жүргізген саясаттың қол жеткізген табыстарының ең шоқтығы, биік шыңы деп айтсақ, қателес­пей­міз. Қазақстан халықтарының бү­гін­­гі тағы бір ерекше мақтанышы – Астана қаласы. Айналдырған он екі жылдың ішінде Президенттің асқан табандылығы мен ерекше қайрат-жігерінің арқасында Са­ры­арқаның төрінде қиялда ғана кездесетіндей тамаша қала пайда болды. Бүкіл әлемнің таңдайын қақтырған Астана бұл күнде әл­емдік стандарттардың барлық та­ла­бына толық жауап бере алады. Яғни, Нұрсұлтан Назарбаев десе – Қазақстан, ал қазақ елі десе – Нұрсұлтан Назарбаев ойға орала­тын болды. Иә, «ел тарихын тұл­ғалар жасайды» деген осы. Тұлға – елдің тұғыры, тұлға – елдің тұтқасы. Біздің Президентіміз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев дәл осындай ұлы кемеңгер тұлға. Қазақстанды әлем елдерімен араластыруға, оны танытуға талмай еңбек еткен ұлы тұлға – Назарбаев қазақ ортасынан шығып, дүние жүзі көлеміне танылған әл­емдік құбылыс. Соны түсінгенде ғана біз тәуелсіздіктің қалай келгенін, Астананың қалай туғанын, бүгінгі өміріміздің мәні мен ма­ғынасын терең түсіне аламыз. Президентіміздің қазақ елі үш­ін, Қазақстан үшін тындырған тағы бір елеулі шаруасы – Қа­зақстанның мемлекеттік шекара­сын мәңгілікке шегендетіп алуға қол жеткізгендігі. Әсіресе, ұлы көршілеріміз Ресеймен, Қытай­мен арадағы мемлекеттік шек­ара­ның бекітілуі тәуелсіздігімізді тұ­ғыр­лы ету жолындағы ең іргелі істің бірі болды. Бұл біздің ұр­пақ­тарымыз енді бұдан былай ха­лықаралық құжаттармен бекітілген өз шекарасының аумағында алаңсыз өмір сүріп, еңбек етеді деген сөз. Мемлекеттің басты байлығы – адам, халық. Елбасымыз сол ха­лық үшін, оның тағдыры мен өмірі үшін, бүтіндігі мен бірлігі, бақыты мен болашағы үшін қан­шама істер тындырып жатыр де­сеңізші! Бодандықтан құтылып, тәуелсіздігін алған мемлекеттің төрт­күл дүниені мойындатқан ұшан-теңіз табысы кімнің болса да мерейін өсірері хақ. Еліміз бай, жеріміз кең. Оған сырттан көз тігіп, қызыға да, қыз­ғана да қараушылар аз емес. Бостандықтың дәмін жаңадан ға­на татқан шағымызда еліміз бен жеріміздің тұтастығын, егемендікті ойлау, тек қана ойлап емес, оны қорғай да білу, нығайту әрбір қазақстандықтың ең асыл міндеті. Ал ол үшін бізге ең алдымен бірлік пен ынтымақ керек. Бір ата­ның баласындай, бір қолдың са­ла­сындай болып, Елбасына қол­дау көрсетіп, басшының төңіре­гінде тіреу болып, бүкіл Қазақ халқы сүйеу болып, тас түйіндей топтасуымыз керек. Әлем Қазақстанды алдымен На­зарбаев арқылы таныды. Ал­ды­мен Президентімізді мойындау арқылы олар елімізді де мой­ын­дады. Қазақстан Президенті әлем­дік саясаткердің жаңа үлгісін жа­сады. Яғни, ол өз қызметі арқылы елдер мен халықтардың мәдение­ті мен менталитетін жақындас­тыра отырып, өз бойына еуропа­лық, сондай-ақ азиялық ерекшеліктерді де әдемі үйлестіре білді. Мен «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Сондықтан Елбасы­ның өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдаймын және референдумда бір кісідей дауыс беруге барша жұртшылықты шақырамын. Ел ертеңі жастар екенін ескерсек, оларға жасалған бүгінгі қам­қорлық жарқын болашағымыздың бірден-бір кепілі. Осы орайда, Ел­басы саяса­тындағы басым бағыт жас ұрпаққа білім беруде әлемдік стан­дарттарға қол жеткізу болып от­ырғанын се­зінудің өзі үлкен қуаныш. Бүгінгі қоғамда, бүкіл адам­зат­ты өркениет бастауларына қа­рай бастап бара жатқан елбасшы­лар арасында Нұрсұлтан Назар­ба­евтың орны дара тұр.

Алтынгүл ҚОБДАҒАНОВА, «Көктем» қазақ орта мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары.

Атырау облысы, Индербор кенті.

* * *

АҒА БУЫННЫҢ АҚ ТІЛЕГІ

Тұңғыш Президентіміз – Нұр­сұлтан Назарбаев көреген, сали­қалы сая­са­тының арқасында бү­кіл қазақ елінің азаматтары айрандай ұйып, бір кісінің бала­сындай жұмылып, тәуелсіздігі­міз­ді көзінің қарашы­ғындай қор­ғауда. Барлық әлемді тасты аяқ­тай қағыстырған қаржы дағда­рысына дер кезінде нақты қарсы шара қолдану арқылы еліміз оны ауыздықтап қана қоймай, керісінше, қарқынды даму жо­лына түсті. Денсаулық сақтау, білім беру, ғылым саласы әлемдік дең­гейге ұмтылуда. 2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға басшылық жұмы­сын табысты аяқтап, осы ұйымға кіретін 56 елдің мемлекет және үкімет басшыларын шақырып Астана Сам­митін өткізді. Бүкіл әлем на­зары Астанаға ауды, құлағын түр­ді. Саммит барлық жағынан өте жо­ғары деңгейде өтті. Бүкіл ға­ламдық қатерлердің басы ашы­лып, оған қарсы шаралар белгіленген Астана декларациясы қабылданды. Елімізде халықтар достығы­ның қазақстандық үлгісі қалып­тасты. Қазақстан халқы Ассам­блея­сы өз жемісін беруде. Астана өмірге келген айналасы он жылдың ішінде әлемдік архи­тектураның қазақы үлгісіне негізделген әсем қалаға айналды. Үстіміздегі жылы 57 мемлекет біріккен Ислам Конфе­рен­циясы Ұйы­мына басшылықты қол­ға ала­мыз. Елімізде ұдайы өткі­зіліп келе жатқан әлемдік дін­ба­сылар үнқатысуының өзі жемісін бере бастады. «Мәдени мұра» бағ­дарламасы Орталық Азия елдері ішінде біздің елімізде тұңғыш рет қолға алынып, еліміз тарихына байланысты шет елдерде сақтал­ған мол мұралар оралуда. Да­на­ларымыздың тағылымдары мен мұралары жарық көруде, ұлы­ларымыз ұлықталуда. Индустрия­лық-инновациялық дамудың 2020 жылға дейінгі жоспары жасалып, бірінші бесжылдығының алғаш­қы жылы елімізді шикізат өнді­рісінен дайын өнімдер өндірісіне, яғни экспортқа дайын өнімдер шығарудың тұсауын кесті. Міне, осынша қыруар жұ­мыс басында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Әбішұлы тұр. Сон­дықтан, біздер, Қазақтың Ұлт­тық педаго­ги­калық универси­те­тінің 1964 жы­лы бітірген түлек­тері бас­тамашы топ көтерген Пре­зи­ден­тіміздің өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін референдум арқылы ұзарту баста­масын қолдаймыз.

Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің 1964 жылы бітірген түлектері, барлығы 20 адам қол қойған.

* * *

ЕЛ ТАБЫСЫН ЕСЕЛЕГЕН

Биыл еліміз тәуелсіздігінің он тоғыз жылын лайықты атап өтті десек, мемлекеттің тәуелсіздігін, халықтың бірлігін сақтап, да­мы­туда, экономиканы өрге бас­ты­руда  Нұрсұлтан Назарбаев көп ең­бек сіңірді. Нәтижесінде Қазақ­стан әлемдегі эконо­микасы шап­шаң дамып келе жатқан елдердің бірі болып танылуда. Елбасымыз шаруашылығы­мыз­дың барлық са­ласын, солардың арасында темір жолды дамытуға мол үлес қосуда. Бүгінде «темір жол» деген ұғым қазақстандықтар өміріне мықтап енді. Темір жол бойымен халық шаруашылығының жүктері та­сы­луда, сондай-ақ темір жол көлігі миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетуде. Цифр­ларды мысалға келтірсек, еліміздің барлық жүк айналымының 70 пайыздан аста­мы, жолаушы айналымының 60 пайыздан астамы темір жол кө­лігінің үлесіне тиген. Бұл Елба­сының темір жол саласын қайта құру жөніндегі саясатының арқа­сында мүмкін болды. Жолау­шы­ларды күн сайын Алматыға Кереку жақтан алып баратын Ақсу-Дегелең бағытындағы темір жол­ды салдық. Бұл халыққа жеңіл болды. Бұрынғыдай Алматыға бару үшін Астананы айналып жүр­мейді. Қазір Павлодар мен Астана арасында электр пойыздар зулауда. Елбасы қолдаған, саламызды өркендетуге бағытталған жаңа жо­­балар ойдағыдай жүзеге асуда. Игілікті іс алдағы уақытта жал­ғасын табады. Мұның өзі та­бысымызды баянды, болаша­ғы­мызды жарқын ететіні анық. Мен Қазақстанның аса ірі ұлттық ком­панияларының бірі «Қазақстан темір жолының» сан мыңдық ұжы­мы  Нұрсұлтан  Назарбаев­тың президенттік өкілеттігін 2020 жыл­дың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы респуб­ликалық референдум өткізу жөніндегі ұсы­ныс­ты қолдайтынына сенемін.

Әби САРҚЫНШАҚОВ, «Қазақстан темір жолы» АҚ консультативтік кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген көлік қызметкері.

Павлодар.

* * *

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БРЕНДІ

«Алтын адам» сақталған мұражайдың қызмет­кер­лері Ел­басының президенттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту ту­ралы референдум өткізуді бірауыздан қолдайды. Мұндай шешімге келуіміздің бірден-бір себебі, Елбасының «Мә­дени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасымен тікелей байланыс­ты. Кезеңдік жүйемен жалғасып келе жатқан жоба бойынша Қа­зақстандағы көп жылдар қарау­сыз қалып келген қаншама мәде­ни-тарихи ескерткіштер тәуелсіз­дік жылдары қайтадан еңсе тіктеп, қамқорлыққа алынуда, түрлі себеппен жан-жаққа тарыдай ша­шыраған құнды жәдігерлерді ту­ған еліне әкеліп, ал қайта­рыл­маған күнде олардың бірсыпы­ра­сының көшірмелерін жеткізу үш­ін мемлекет аянып қалып жат­қан жоқ. Ел мәдениетіндегі сондай айрықша құндылығымыздың бірі – «Алтын адам» екені бүгінде өз еліміз түгілі, өзге елдердің жұрт­шылығына мәлім. Сондықтан да алдымызда бұл мұражайды Мәс­кеудегі мемлекеттік тарихи му­зей­дің, Лондондағы Британ тәжі қазынасының, Боготадағы  алтын музейдің, Теһрандағы бағалы зат­тар ұлттық музейінің, Киевтегі Киево-Печорская Лавра сынды әлемдік деңгейдегі бес кереметтің қатарына қосу мақсаты тұр. Осы­нау мұрат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшпе­лілер мәдениеті мен тарихын ха­лықаралық ғылыми деңгейге кө­те­ру идеясымен сабақтасып жат­қан жоқ па? Қазақ даласы жер астындағы қазба байлықтарымен ғана әлемді қызықтырмайды, осы күні байтақ еліміз азаттық таңы­мен аршылған рухани байлық­та­рымен жоғары бағалана баста­ғаны шындық. Президентімізбен бірге «Алтын адам» шарламаған дүниеде бірде-бір жер жоқ шығар. Оның көрмелері «Ұлы Жібек жо­лы» жобасы бойынша өркениетті елдердің төрінде салтанат құрып, Ұлы дала мәдениетіне әлем ға­лымдарын елеңдетіп қойғанын тағы айтпай тұра алмаймыз. Бас­қалардың алдында бағың тарихи байлығыңмен асарын білеміз. Осы­­ны Елбасымыз әуел бастан көкейге тоқып, қай елге, қай жерге барса да тәуелсіздік ұстынын ұсынуды әсте ұмытпайды. Сол себепті де осынау теңдессіз мұра сақталған мәдени ошақ ретінде біз өз атымыздан Елбасының бас­шылық қызметін ұзарту туралы референдумды бір кісідей қолдай­тынымызды жеткізгіміз келеді. Кү­ні кеше өткен саммиттің Қазақ елі үшін орны қандай болғанын бүгінде жанымыз марқая әңгіме етудеміз. Бұл да тікелей Елба­сы­ның саяси көрегендігінің арқасы екенін дос тұрмақ дұшпанның өзі мойындаған үлкен ерлік. Сол ерлік «Алтын адам» ұлағатымен астасып жатты. Шетелден келген қонақтар мұражайға арнайы бас сұғып, оның түпнұсқасын өз көз­дерімен тамашалады. Қазақ елі­нің айбары мен ажары, тарих пен бүгінгі ерен қадам өзгеге осылай өнеге төгіп тұрған.

Гауһар САДЫБАЙ, Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайының директоры.

* * *

БІЗ ҚОЛДАЙМЫЗ!

Университетте білім алатын, техника­лық орта­лықтарда реттеуші болып жұмыс атқаратын, жеке кә­сіп­кер немесе ауыл мектебіндегі мұ­ғалім, яғни кез келген жас адам казіргі кезеңі мен бола­ша­ғын егемен, құқылы және демо­кратиялық мемлекетпен тығыз байланыстырады. Қазақстан Республикасы бүкіл әлемге танылды. Біздің еліміз ЕҚЫҰ мен ШЫҰ-ға төрағалық етті. Мұны Қазақстанға деген жо­ғары саяси сенімділік пен құрмет деп бағалауға болады. ЕҚЫҰ Сам­ми­тінің Астанада өткізілуі – Қазақ­станның төра­ғалық етуінің жоғары бағасының тарихи және заң­­ды нәти­жесі. Ең бастысы – бұл жа­һан­дық мәсе­лелерді шешудегі Қазақ­стан Президенті, Ел­ба­сы, Нұр­сұл­тан Әбішұлы На­зар­­баев­тың баста­ма­ларына қолдау біл­діру, халық­аралық деңгейдегі және әлем жұрт­шы­лы­ғы таныған беделінің анық көрсет­кіші болып отыр. Қазақстанның бірқатар жастар ұйым­дары елі­міз­дің ауызбірлігін, ынтымағы мен мем­лекет егемендігі тұғырының қайна­рынан бастап, Қа­зақ­станды бүгінгі көшбас­шы­лық­қа жеткізген ТӘУЕЛ­СІЗ­ДІК, ЛАЙ­­ЫҚ­ТЫ ӨМІР, КЕМЕЛ БО­ЛА­ШАҚ атты өткір сөз­дерді азаматтарға баян ете білген тұл­ғаны қалайды. Біз Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.На­зар­баевтың өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзартуды «Қол­дай­мыз!» деп, өз көзқа­ра­сы­мызды біл­діреміз, дейді еліміздің Жастар  ұйымы.