2016 жылғы 31 наурыз, Астана қаласы
Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы
Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасын зерделей келіп және қолданыстағы неке-отбасы заңнамасын бiркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының бала асырап алу туралы ұлттық және халықаралық деңгейлердегі заңнамасы (бұдан әрі – бала асырап алу) Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және «Неке (ерлі-зайыптылық)» және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінен (бұдан әрі - Кодекс), «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 – II Заңынан, 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы Конвенциядан, 1993 жылғы 29 мамырдағы Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенциядан, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларынан, «Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенциядан туындайтын міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2010 жылғы 21 қыркүйектегі № 966, «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380, «Жетім баланы және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлемді тағайындау, қайтару қағидаларын және оның мөлшерін бекіту туралы» (2015 жылғы 2 шілдедегі өзгерістерімен бірге) 2014 жылғы 10 шілдедегі № 787 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларынан, «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктерді есепке алу қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 05 желтоқсандағы № 508, «Бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 09 желтоқсандағы № 513, «Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 15, «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру туралы рұқсат беру мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы қорытынды беретін комиссия қызметінің қағидаларын және құрамын бекіту туралы» 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 13, «Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және асырап алуға жататын балаларды есепке алуды ұйымдастыру және олар туралы ақпаратқа қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 16 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрықтарынан, «Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығынан және өзге де тиісті нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Бала асырап алу туралы арызды бала асырап алуға тілек білдірген азаматтар баланың тұрғылықты (тұратын) жеріндегі сотқа соттылық қағидалары бойынша береді.
Бала асырап алу туралы істер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қарауына жатады (Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27-бабының үшінші бөлігі – бұдан әрі – АПК).
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетел азаматтары, оның ішінде олар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайларда да бала асырап алу туралы арызды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа береді.
Кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің істі сот талқылауына дайындауды аяқтағанға дейін мәлімдеген өтінішхаты бойынша бала асырап алу туралы арыздарға байланысты істер, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, облыс орталықтарының шегінде орналасқан аудандық (қалалық) соттардың қарауына жататын істерді қоспағанда, қаралуы немесе баланың тұрғылықты (тұратын) жері бойынша аудандық (қалалық) сотқа берілуі мүмкін (АПК-нің 27-бабының үшінші бөлігі).
3. Сот бала асырап алу туралы арызды қабылдай отырып, оның нысаны мен мазмұны бойынша АПК-нің 148-бабы қоятын жалпы талаптарға, сондай-ақ АПК-нің 311-бабының талаптарына сәйкестігін тексереді.
Осы санаттағы істердің ерекшелігін негізге ала отырып, сот асырап алушылардың өздері, олар асырап алуды қалайтын балалар туралы, балалардың тұрғылықты (тұратын) жері, олардың ата-аналары туралы, балалардың аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы, асырап алынған балалардың тууы туралы актілер жазбасындағы ықтимал өзгерістер туралы өтініштерді, Кодекс бала асырап алушы болу мүмкіндігін байланыстыратын мән-жайлар туралы, оларды растайтын дәлелдемелерді, сондай-ақ тізбесі АПК-нің 312-бабында көрсетілген қажетті құжаттардың арыздың қосымшасында бар-жоғын тексеруі қажет.
Арыз берушінің осы құжаттарды алу мүмкіндігі болмаған жағдайда сот оларды арыз берушінің өтінішхаты бойынша тиісті органдардан сұратып алуға тиіс.
Қазақстан Республикасынан тысқары жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, балаларды асырап алуға тілек білдірген шетелдіктер, оның ішінде Қазақстан Республикасында тұруға арналған ықтиярхаты барлар, бала асырап алу рәсімі басталарда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының (Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің) жазбаша келісімін ұсынуға тиіс.
Арызға бала асырап алушының (бала асырап алушылардың) өздері қол қоюға тиіс, бала асырап алушылардың мүддесі үшін кез келген адамның арыз беруіне жол берілмейді.
Бала асырап алушылардың сот отырысына қатысу міндеттілігі АПК-нің 57, 58, 60-баптарының негізінде уәкілетті өкілдердің болуы құқығынан айырмайды, олар сенім білдірушінің жеке өзінің қатысуынсыз сот талқылауы сатысынан тыс қажетті дәлелдемелерді жинауға және ұсынуға, судьяның талабы бойынша қосымша дәлелдемелерді ұсынуға, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сұратып алуға көмектесу туралы мәселе қоюға құқылы.
4. «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 535-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жоғарыда көрсетілген баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 13) тармақшаларында көрсетілгеннен басқа ерекше іс жүргізу істері бойынша арыздардан (шағымдардан) Республикалық бюджет туралы Заңмен белгіленген және мемлекеттік баж төленген күні қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі - АЕК) 50%-ы мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
Баяндалған жағдайларға орай, бала асырап алу туралы арыздар бойынша істер талап қою ісін жүргізу тәртібімен емес, ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатындықтан, мемлекеттік баж бала асырап алушылардың (асырап алушы бір адам немесе ерлі-зайыпты жұп) және арызда көрсетілген асырап алынатын балалардың санына қарамастан АЕК-тің 50%-ы мөлшерінде алынуға тиіс.
5. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланы асырап алу кезінде ішкі істер органы немесе жергілікті атқарушы орган толтырған хаттаманың немесе баланың табылғаны туралы актінің болуы жеткіліксіз. Осындай баланы асырап алу туралы арызды қабылдау кезінде судья арызға баланың Кодекстің 196-бабына сәйкес тіркелуін растайтын тууы туралы акт жазбасы көшірмесінің және оның тууы туралы куәліктің арызға қоса тіркелген-тіркелмегенін тексеруге тиіс.
Егер тауып алынған, тастанды (бас тартылған) бала асырап алу туралы арыз берілген сәтте Кодекстің 196-бабында көзделген тәртіппен тіркелмесе және істі сотқа дейін дайындау сатысында осы кемшілікті жоюдың мүмкін емес екендігі анықталса, онда сот АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, іс қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды жою үшін арызды кері қайтару туралы мәселені шешуге тиіс.
6. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдіктердің асырап алуы туралы істерді қарай отырып, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шетелдік азаматтар процессуалдық құқықтарды пайдаланатынын және процессуалдық міндеттерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей орындайтынын соттардың назарда ұстағандары жөн (АПК-нің 472-бабының екінші бөлігі).
Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе шетелдік тұлғаларға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгілеген нысан бойынша берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық заңдастыру немесе апостиль болған жағдайда қабылдайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы үшін 2001 жылғы 30 қаңтарда күшіне енген, шетелдің ресми құжаттарын заңдастыру талабын жоятын Конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) (Гаага қаласы, 1961 жылғы 5 қазан) қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда құжаттарды заңдастыру талап етілмейді.
Конвенцияның 3 және 5-баптарының талаптарына сәйкес, Конвенцияға қатысушы мемлекеттерде ресми құжаттарды дипломатиялық немесе консулдық заңдастырудың орнына, лауазымды адамдардың қолдарының, құжаттағы мөрлер мен мөртаңбалардың төлнұсқалылығын растау үшін осы құжат жасалған мемлекеттегі құзыретті орган апостиль қояды. Сот осы Конвенцияның 4-бабында көзделген апостиль қою тәртібінің сақталуына назар аударуы қажет, нақтылы айтқанда: апостиль құжаттың өзіне немесе құжатпен бірге бекітілетін жеке параққа қойылады, ол аталған Конвенцияға қоса берілген үлгіге сәйкес болуға тиіс.
Егер шетел агенттігі берген апостилдендірілген құжатты сотқа ұсыну кезінде оның шектеулі қолданылу мерзімі өтіп кеткен болса, онда мұндай құжатты жарамсыз дәлелдеме деп тану туралы мәселені шешу қажет.
7. АПК-нің 314-бабы бойынша баланы асырап алу туралы істер баланы асырап алушылардың (асырап алушының) өздерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын орган өкілдерінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралуға тиіс. Егер сот отырысына асырап алушылардың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын орган өкілдерінің, сондай-ақ прокурордың қатысуы заң бойынша міндетті болып табылса, онда асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге де заңды өкілдерін, оның туыстары мен басқа да мүдделі адамдарды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін сот қажетті жағдайларда іске қатысуға тарта алатынын назарда ұстаған жөн.
Егер сот он жасқа толған асырап алынатын баладан оның қаралып отырған мәселе бойынша пікірін анықтау үшін сот отырысында сауал қоюдың орындылығы туралы тұжырымға келсе, онда сот баланың сотқа қатысып отыруы оған жайсыз әсер етпеуі үшін, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органның пікірін алдын ала анықтап алғаны жөн.
Психологтың қатысуымен сот отырысында сауал қою кезінде бала пікірінің ата-аналарының бірінің немесе басқа да мүдделі адамдардың оған ықпал етуінің салдары болып табылатын-табылмайтынын, осы пікірді білдіру кезінде оның өзінің жеке мүдделерін ұғынатынын және оның пікірді қалай негіздейтінін анықтау қажет.
Егер он жасқа толған бала денсаулық жағдайына байланысты (мысалы, бала кезінен мүгедек және жүріп-тұруы шектеулі болса), сот баланың мүдделерін ескере отырып, оның асырап алуға қатысты пікірін өзінің тұратын жері бойынша анықтай алады.
8. Баланың ата-аналары бар болған жағдайда олардың келісімі бала асырап алудың міндетті шарты болып табылады. Ата-аналардың баланы асырап алуға келісімі нотариалдық куәландырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бала тұрған жердегі мекеме басшысы не бала асырап алынған жердегі немесе ата-аналар тұратын жердегi қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган растаған арызда көрсетiлуге тиiс, сондай-ақ бала асырап алу iсiн жүргiзу кезiнде сотта тiкелей бiлдiрiлуi мүмкiн. Ата-ананың бала асырап алуға сотта берген келісімі хаттамада (қысқаша хаттамада) көрсетілуге және ол оған өзі қол қоюға, сондай-ақ шешімде көрсетілуге тиіс. Істердің осы санаты жабық сот отырысында қаралатынын назарға ала отырып, сот арызданушылардың өтінішхаты бойынша процестің аудио-бейнежазбасын жүргізбеуге құқылы, мұндай жағдайда сот отырысының толық хаттамасы әзірленеді.
Ата-аналардың құқықтарының басымдығын негізге ала отырып, олардың кез келгені өздерінің бала асырап алуға бұрын берген келісімді оны осыған мәжбүр еткен себептерге қарамастан шешім шығарғанға дейін күшін жоя алатынын ескерген жөн (Кодекстің 93-бабы). Бұл жағдайда сот бала асырап алу туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Заңның ата-аналардың бала асырап алуға келісімінің қажеттілігі туралы талабы Кодекстің 94-бабында көзделгеннен басқа жағдайларда, ата-аналары (ата-анасы) бар және қорғаншылықта (қамқоршылықта), отбасылардың қамқорлығында, тәрбие, емдеу, емдеу-профилактика мекемелерінде, халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінде және басқа да осындай мекемелерде тұрған балаларға да қолданылады.
Кәмелеттік жасқа жетпеген, он алты жасқа толмаған ата-аналардың балаларын асырап алған кезде де заңды өкілдердің келісімі қажет. Кәмелетке толмаған ата-аналардың заңды өкілдері болмаған кезде немесе кәмелетке толмаған ата-ана баланы туған кезде медициналық ұйымда қалдырып кетсе және үш айдан астам уақыт бойы баланың тағдыры ешкімді толғандырмаса, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімі қажет.
Кодекстің 77-бабының 7-тармағына сәйкес, ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала асырап алуға ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты ай өткен соң жол берiледi. Ата-аналарының біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған баланы асырап алуға екінші ата-анасының келісімімен жол беріледі.
Қорғаншының (қамқоршының) немесе жоғарыда көрсетілген мекемелер басшыларының баланы асырап алуға келісім беруден бас тартуының, ата-аналардың асырап алудан бас тартуынан ерекшелігі, егер мұны баланың мүдделері талап етсе, соттың асырап алу туралы мәселені оңынан шешуіне кедергі болмайды (Кодекстің 93-бабының 1, 4-6-тармақтары).
Кодекстің 94-бабы некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын ананың баладан бас тарту туралы белгіленген тәртіппен ресімделген жазбаша арызы медициналық ұйымда болған кезде соттың ата-аналардың асырап алуға келісімін растайтын басқа құжаттарды сұрату құқығын шектейді. Көрсетілген жағдайда сот ананың нотариалдық палатаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, медициналық мекеменің басшысына сұрау салуды жіберу жолымен баланы асырап алуға келісімін кері қайтарып алған-алмағанын баладан бас тартуды және асырап алуға келісуді кімнің ресімдегеніне байланысты істі сотта қарау барысында тексергені жөн.
9. Егер баланы ерлi-зайыптылардың екеуi асырап алмаса, ерлi-зайыптылардың бiреуi баланы асырап алған кезде бала асырап алуға екінші жұбайдың жазбаша келiсiмi талап етiледi (Кодекстің 96-бабы).
Асырап алу туралы арызды қарап жатқан сот ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынастарды тоқтатқанын, бір жылдан астам уақыт бойы бірге тұрмайтынын және арызданушының жұбайының тұрғылықты жері белгісіз екенін анықтаған жағдайлар бұған жатпайды. Аталған мән-жайлар АПК-нің 63-бабында көзделген дәлелдемелермен (ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық қарым-қатынастардың тоқтағаны туралы куәнің айғақтары, іздеу салудың нәтижелері туралы мекен-жай қызметтерінің, ішкі істер органдарының анықтамалары және т.б.), сондай-ақ осы жұбайды хабарсыз кеткен деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімімен анықталуы мүмкін.
Жұбайлардың бірі баланы асырап алған кезде сот асырап алушының отбасында қалыптасқан жағдайды, басқа жұбайдың асырап алудан бас тарту себебін, осы жұбайдың заң бойынша асырап алушы болу құқығын болдырмайтын мән-жайлардың бар-жоғын, анықталған мән-жайлар жиынтығының асырап алынатын баланың мүдделеріне сәйкес келетінін-келмейтінін анықтағаны жөн.
10. Сот асырап алу туралы арызда асырап алынатын баланың аға-інілері мен апа-сіңлілерінің бар екені туралы көрсетілген-көрсетілмегеніне қарамастан, асырап алынатын баланың аға-інілері мен апа-сіңлілерінің бар-жоғын және олардың іс қаралып жатқан сәтте асырап алуға жататынын-жатпайтынын істі сот талқылауына дайындау сәтінде анықтағаны жөн. Асырап алу балалардың мүдделеріне сай келгеннен басқа жағдайларда (мысалы, балалар өздерінің туыс екенін білмесе, бірге тұрмаса және тәрбиеленбесе, денсаулық жағдайына байланысты бірге тұра алмаса және тәрбиелене алмаса) әр түрлі адамдардың ағалы-інілі мен апалы-сіңлілі балаларды асырап алуына жол берілмейді.
11. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтардың асырап алуы туралы істі қарау кезінде соттар мыналарды:
1) егер осы балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының тәрбиесіне (заңмен көзделген асырап алу, қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастырудың өзге де нысандары), немесе туыстарының тұрған жеріне және азаматтығына қарамастан балалардың осы туыстарының асырап алуына беру мүмкін болмаған жағдайларда ғана балаларды асырап алуға жол берілетінін назарда ұстағандары жөн (Кодекстің 84-бабының 4-тармағы).
Көрсетілген мән-жайларды анықтау үшін соттар қорғаншылық пен қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органнан баланы Қазақстан Республикасының азаматтары отбасының тәрбиесіне немесе баланың туыстарының азаматтығына және тұрған жеріне қарамастан осы туыстардың асырап алуына берудің мүмкін еместігін растайтын құжаттарды, асырап алынған баланы бастапқы, өңірлік және орталықтандырылған тіркеу туралы деректерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органынан асырап алынған баланың орталықтандырылған есепке қойылғаны туралы деректерді сұратуы қажет. Аталған құжаттарды зерттеу кезінде баланың қай уақыттан бастап есепте тұрғанын, орталықтандырылған есепке қоюдың үш айлық мерзімінің өткен-өтпегенін, баланың Қазақстан Республикасының азаматтарына немесе баланың туыстарына тәрбиелеуге немесе асырап алуға ұсынылған-ұсынылмағанын, егер ұсынылса, олардың отбасына қабылдап алудан қандай себептермен бас тартқанын тексеріп, осы баланы асырап алудан бас тартқан туыстардан және адамдардан олардың бала туралы мәліметтермен танысу және асырап алудан не отбасының тәрбиесіне қабылдаудан бас тарту туралы арызға қол қойған-қоймағандары туралы жауап алған жөн;
2) Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы асырап алуға үміткер және асырап алу бойынша аккредиттелген агенттіктер арқылы белгіленген тәртіппен тіркелген адамдар өздері азаматы болып табылатын не тұрақты тұрғылықты жері бар мемлекеттің құзыретті органының олардың тұрмыс жағдайлары және асырап алушы болу мүмкіндігі туралы қорытындысын, құзыретті органның асырап алынған баланың Қазақстан Республикасынан қабылдайтын мемлекетке кіруіне рұқсатын сотқа ұсынуға тиіс. Сот осы азаматтардың тұрмыс жағдайы және асырап алушылар болу мүмкіндігі туралы асырап алу жөніндегі шетел ұйымдары (асырап алу жөніндегі агенттіктер) әзірлеген қорытындыны зерттеген кезде осы ұйымдарға тиісті мемлекеттің құзыретті органның атынан осындай қорытындыны әзірлеу өкілеттігі берілген-берілмегенін тексерулері қажет.
12. Адамның асырап алушы болу құқығын растайтын құжаттарды тексеру кезінде сотталғандығының болу немесе болмау фактісін баланы асырап алуды қалайтын адам тұратын елдің тек құзыретті органы растауға тиіс екенін назарда ұстаған жөн.
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты бар шетел азаматтары асырап алған жағдайда, сот осы азаматтардың Қазақстан Республикасында тұрған кезеңі үшін сотталғандығының бар немесе жоқ екені туралы олар азаматтары болып табылатын елдің және Қазақстан Республикасының құзыретті органдары әзірлеген құжаттарды сұратып алдыруға міндетті.
Арыз берушілерде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен бекітілген аурулар тізбесінде көрсетілген аурулардың бар-жоғын, олар болған жағдайда адам баланы асырай алмайтынын, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа ала алмайтынын тексере отырып, арыз берушілер тұратын елде берілген медициналық қорытындыны зерттеулері қажет. Қорытындылардың жарамдылығына және дәлелдеме ретінде жеткіліктілігіне күмән туған жағдайда, сот асырап алушыларға Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде медициналық тексеруден өтуді ұсынуға құқылы.
Жетім балаларға және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан бала асырап алынған жағдайда, сот асырап алуға үміткерлердің балаларды асырап алуға тілек білдірген адамдардың есебінде тұрғанына көзін жеткізуі қажет.
13. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасымен тең халықаралық міндеттемелері бар елдің азаматтарына ғана шетелдіктердің бала асырап алуына рұқсат етіледі. Көрсетілген мән-жайларды анықтау мақсатында, бала асырап алушы елдің Қазақстан Республикасы бекіткен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар Конвенцияларды бекіту және тану фактісін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен асырап алушы ел арасында жасалған құқықтық көмек көрсету туралы екіжақтылы келісімнің бар-жоғын тексеру қажет.
14. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, балаларды асырап алуды қалайтын Қазақстан Республикасының азаматтары баланы жеке өздері таңдап алуға және олармен кемінде екі апта тікелей қарым-қатынаста болуға міндетті. Қазақстан Республикасынан тысқары жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары мен бала асырап алуға үміткер шетелдіктер баламен кемінде төрт апта тікелей қарым-қатынаста болуға тиіс. Көрсетілген адамдар осы мерзімді асырап алу туралы арызды сотқа бергенге дейін сақтауға тиіс.
Заң асырап алушыларды асырап алынатын балалармен белгіленген мерзімдерде жеке өздері танысуын міндеттейтіндіктен, сот отырысы барысында сот арыз берушілердің асырап алынатын баламен араласу мән-жайын зерттеп, олардың арасында қарым-қатынастың орнығуына көз жеткізуге тиіс болғандықтан, осы мерзімдер өткенге дейін берілген асырап алу туралы арыз АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай, арыз берушіге кері қайтарылады.
15. Сот асырап алудың заңмен қорғалатын құпиясын қамтамасыз ету мақсатында АПК-нің 19-бабының екінші бөлігіне, 314-бабына сәйкес осы санаттағы барлық істерді сот шешімін жариялауды қоса алғанда жабық сот отырысында қарайды. Асырап алу туралы істерді жабық сот отырысында қарау заңмен көзделгенін назарға ала отырып, судья істі дайындау сатысында осындай шешім қабылдауға және бұл туралы істі сот талқылауына тағайындау туралы ұйғарымда көрсетуге тиіс.
Сот істі сот отырысында қарауға қатысып отырған адамдарға оларға арызды қарау барысында белгілі болған мәліметтерді жарияламау туралы және асырап алудың құпиясын жария еткені үшін оларды қылмыстық жауаптылыққа тартудың мүмкін екендігін ескертуге тиіс, бұл туралы сот отырысының хатттамасында не қысқаша хаттамада жазбаша және сот отырысының аудиожазбасында көрсетілуге тиіс.
16. Соттар асырап алудың мүмкіндігі туралы мәселені шешу кезінде әрбір нақтылы жағдайда асырап алушының адамгершілік және жеке басының қасиеттерін (арыз берушінің жұмыстағы, тұрмыстағы тәртібін сипаттайтын мән-жайлар, қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған соттылығының асырап алу сәтінде болуы), оның денсаулық жағдайын, жасын, отбасында қалыптасқан өзара қарым-қатынасты, осы адамдар мен баланың арасында туындаған қарым-қатынасты, сондай-ақ болашақ асырап алушылардың материалдық және тұрғын үй жағдайларын тексеруге және ескеруге тиіс.
17. Кодекстің 100-бабының 1 және 2-тармақтарының талаптарына сай, асырап алынған балалар және олардың ұрпағы - бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар мен олардың туыстары асырап алынған бала мен оның ұрпағына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерінде шыққан тегi бойынша туыстарына толығымен теңестiрiледi. Асырап алған бала жоғарыда көрсетілген құқықтардан айырылады және өзiнiң туған ата-аналарына қатысты мiндеттерден босатылады.
Аталған құқықтық салдарлар асырап алушылардың осы баланың тууы туралы акт жазбасында ата-аналары ретінде жазылғанына қарамастан туындайды. Асырап алған баланың ата-аналарының бірі қайтыс болған кезде және осы ата-ана тарапынан жақын туыстар қайтыс болған ата-ананың туыстарының асырап алған балаға қатысты құқықтар мен міндеттерді баланың мүдделері үшін сақтауын сұрау жағдайы бұған жатпайды.
Баланы бiр адам асырап алған кезде, егер бала асырап алушы ер адам болса - анасының тiлегi бойынша немесе, егер бала асырап алушы әйел болса - әкесiнiң тiлегi бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттердi де сот сақтауы мүмкiн (Кодекстің 100-бабының 3-тармағы).
Асырап алған баланың ата-аналардың бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастарының сақталуы жөнінде бала асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
18. Асырап алушылардың (асырап алушының) арызы қанағаттандырылған асырап алу туралы шешімнің қарар бөлігінде арыз берушілердің (арыз берушінің) баланы асырап алу туралы өтінішінің қанағаттандырылғаны туралы, баланы нақтылы адамдардың (адамның) асырап алғанын тану туралы, сондай-ақ тууы туралы актіге тиісті өзгерістер енгізудің қажеттілігі туралы, оның ішінде асырап алушыларды (асырап алушыны) туу туралы жазбалар кітабында ата-ана ретінде жазу туралы, баланың тегін, атын, әкесінің атын, туған күні мен жерін өзгерту туралы, егер арызда осындай өтініш және 10 жасқа толған баланың келісімі болса, сондай-ақ асырап алған баланың ата-аналарының бірінің немесе оның қайтыс болған ата-анасының өзіндік мүліктік емес және мүліктік құқықтарының сақталуы туралы, егер осы мәселелерді сот арыз берушінің не мүдделі адамдардың өтініші бойынша оңынан шешсе, көрсету қажет. Асырап алған баланың тегі мен әкесінің аты өзгерген кезде деректер асырап алушылардың (асырап алушының) тегі бойынша көрсетіледі, асырап алған баланың тегі мен әкесінің атын қазақ халқының дәстүрлері бойынша одан кейін өзгертуді уәкілетті мемлекеттік орган белгіленген тәртіппен жүргізеді.
Бала асырап алу кезінде баланың ұлтын өзгерту соттың құзыретіне кірмейді және Кодекстің 65-бабына сәйкес анықталады, ал сот баланың тұрғылықты жерін тек Қазақстан Республикасының аумағында ғана өзгертуі мүмкін (Кодекстің 98-бабының 1-тармағы).
«Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 223-III Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына сай, асырап алған бала туралы мәліметтер, оның дербес деректері өзгерген кезде жеке сәйкестендiру нөмiрі бала асырап алу туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен шартты түрде алып тасталатынын назарда ұстаған жөн.
19. Баланың мүдделерін тікелей қозғайтын ерекше мән-жайлар болған кезде, сот АПК-нің 244-бабына сәйкес, сот шешімін дереу орындаудың қажеттілігі туралы тұжырымға келу себебін баяндап, арыз берушінің өтініші бойынша шешімді дереу орындауға жіберуге құқылы (мысалы, асырап алған баланы емдеу курсын жүргізу немесе ота жасау үшін дереу ауруханаға жатқызу талап етілсе және кешеуілдету баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе).
20. Кодексте асырап алудың күшін жоюдың да, асырап алуды жарамсыз деп танудың да негіздері көрсетілген.
Кодекстің 108-бабына сәйкес, баланың ата-аналарының, бала асырап алушының жұбайының, бала асырап алушылардың, 14 жасқа толған асырап алған баланың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың баланың мүддесі үшін бала асырап алудың күшiн жоюды талап етуге құқығы бар.
Бала асырап алудың күшін жою туралы талап Кодекстің 106-бабының 1-тармағында көзделген негіздер болған кезде қойылады. Асырап алушыларда ата-аналық құқықтар мен міндеттер балалар олардан туғанда емес, асырап алудың нәтижесінде туындайтындықтан, талап қоюдың нысанасы ата-аналық құқықтардан айыру туралы емес, бала асырап алудың күшін жою туралы болуға тиіс екендігіне соттардың назарын аудару қажет.
Кодекстің 106-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда асырап алудың күшін жоюға баланың келісімін анықтау талап етілмейді.
Сот Кодекстің 106-бабының 2-тармағына сәйкес, баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірін ескеріп, асырап алушының тәртібінде кінә болмаған кезде де баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы. Мұндай мән-жайларға, атап айтқанда, бала асырап алушы мен асырап алған баланың арасында олардың жеке қасиеттеріне байланысты өзара қарым-қатынастарының қалыптаспауын; асырап алғаннан кейін баланың денсаулық жағдайында тәрбиелеу процесін айтарлықтай қиындататын не бұған мүмкіндік бермейтін ақыл-естің кемдігінің немесе тұқым қуалаған ауытқушылықтың анықталуын, аталған кемшіліктердің бар екендігі туралы асырап алушының асырап алу кезінде ескертілмеуін; бала қатты бауыр басып қалған ата-аналарының әрекетке қабілеттілігінің қалпына келуін, баланың ата-аналарын ұмыта алмауын, мұның өзі оның көңіл-күй жағдайына кері әсер етуін және т.б. жатқызуға болады.
Бала асырап алудың күшiн жою туралы арызды сот бала асырап алушылардың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарайды (Кодекстің 107-бабының 2-тармағы).
21. Кодекстің 103-бабына сәйкес, бала асырап алу:
1) бала асырап алу туралы сот шешiмі жалған құжаттар негiзiнде қабылданған;
2) Кодекстің 93-бабында аталған адамдардың келісімінсіз бала асырап алған;
3) некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) адам басқа жұбайының жазбаша келiсiмiнсiз бала асырап алған;
4) Кодекстің 91-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асырап алған баланың ата-аналары, асырап алушының жұбайы, асырап алудан құқықтары бұзылған адамдар, прокурор және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қоя алады.
22. Баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы шешімнің үзінді көшірмесі бала асырап алу туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, ал асырап алудың күшін жою туралы және бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы сот шешiмiнің үзінді көшірмесі бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеу орны бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға осындай мерзім iшiнде жiберілуге тиіс екенін ескеру қажет (Кодекстің 88-бабы және 105-бабының 4-тармағы).
Шетел азаматтарының бала асырап алуының күшін жою не бала асырап алуды жарамсыз деп тану кезінде сот шешімінің үзінді көшірмесі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Балаларды қорғау және шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы 1993 жылғы 29 мамырдағы Конвенцияның 21-бабының 1-тармағы негізінде туған еліне кері қайтару туралы мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетіне жіберілуге тиіс.
23. Мыналардың күші жойылған деп танылсын:
1) «Соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 нормативтік қаулысы;
2) «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының «Соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде неке және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбiр мәселелерi туралы» 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 қаулысына өзгеріс және толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 10 нормативтік қаулысы;
3) «Соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде неке және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 22 желтоқсандағы № 17 нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 14 нормативтік қаулысы.
24. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қ.МӘМИ.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы
Қ.ШАУХАРОВ.