09 Сәуір, 2016

Сарбаз өмірін сақтап қалған

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Батырполковниктің ерлігі ерекше бағаға лайық Бейбіт күннің өзінде қару атылып, бомба жарылады. Бейбіт күннің өзінде көзсіз ерліктер жасалып жатады. Қарағанды облысындағы әскери бөлімшелердің бірінде болған оқиға осыған көзді тағы бір мәрте жеткізді. Оқыс оқиға өңірдегі Қарабас кентінде орын тепкен №6505 әскери бөлімшесінің оқу орталығында болды. Қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов әскери жаттығу барысында РГД-5 гранатасын нысанаға қарай лақтыруы тиіс болатын. Алайда, қатерлі қаруды қолына алғаш ұстаған сарбаз сасқалақтап қалып, лақтырған гранатасы окоптың жиегіне тиіп, одан домалап барып аяғының астына түскен. Сол кезде сарбаздың жанында тұрған полковник Қайрат Үмбетов шалт қимылмен жауынгерді итеріп жіберіп, оны денесімен жаба үстіне құлаған. Сол сәтте граната да қара жерді солқ еткізіп жарылған. Жарылыстың салдарынан Қайрат Үмбетов иығынан және оң жақ аяғының тізеден төмен жерінен жарақат алды. Ал, сарбаз Абзал Сұлтан­құловтың жамбас тұсына жарықшақ тиген. Бүгінгі күнде екеуі де дәрігерлерден тиісті көмекті алды. Медицина мамандарының айтуынша, құдай сақтап, екеуінің де жарақаты жеңіл болған. Осы ерлігі үшін полковник мемлекеттік наградаға ұсынылды. Қайрат Үмбетовтің әскери қыз­­мет­те жүргеніне – 21 жыл. Бір жылдан бері №6505 әскери бөлімшесінде штаб басшысы болып қыз­мет етеді. Отбасында зайыбы екеуі бір ұлды тәр­биелеп жатқан үлгілі әке. «Мен өзімді батырмын деп санамаймын. Менің істегенім – кез келген офицердің мойнындағы күнделікті міндет», – дейді ол. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.