Сыртқы істер министрлері Қазақстан Президентінің ТМД-ны жаңғырту жөніндегі бастамасын талқылады
Кеше Мәскеуде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) мәжілісіне қатысты. Достастыққа мүше елдер сыртқы саясат ведомстволарының басшылары ТМД аясындағы өзара іс-қимылдың ағымдағы жағдайы мен перспективалары туралы пікір алмасып, алдағы күзде Бішкекте өткізілуі жоспарланған мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесуге дайындық мәселелерін талқылады.
«Біз үшін талқылаудың негізгі тақырыбы Достастықтың 25 жылдығын лайықты қарсы алу болды. ТМД-ның 1991 жылдың 21 желтоқсанында тәуелсіз мемлекеттер басшыларының Алматы декларациясында тағайындалғаны белгілі», – деп атап көрсетті өзінің сөзінде Е.Ыдырысов.
Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасты. Осы орайда, мәжіліс шеңберінде ТМД-ға тең төраға үш мемлекеттің сыртқы істер министрлері Таулы Қарабақ жанжалы аймағындағы жағдайдың ушығып кетуіне байланысты бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда ЕҚЫҰ-ның Минск тобы тарапынан айқындалған жанжалды бейбіт реттеу негізіндегі қағидаттарды белсенділендіру қажеттілігі атап көрсетіледі. Ұйымның бұрынғы, іс басындағы және келесі төрағалары енетін тең төрағалар қазіргі кезде сәйкесінше Қазақстан, Қырғызстан және Ресей болып табылады.
«Біздің кездесуіміз бағытталған келесі маңызды мәселе Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД мен оның құрылымдарының қызметін жаңғырту және тиімділігін арттыру бойынша бастамасы болды», – деп хабарлады Е.Ыдырысов. Оның сөзіне қарағанда, «аталған мәселе бойынша консенсустық сұлба айқындалып келеді».
«Бішкектегі ТМД саммитіне дейін біз ұйымымыз үшін үлкен маңызға ие тиісті шешім
дайындаймыз ғой деген үміттеміз. Мақсат – Достастықтың жаңа пішінге ие болып, заманауи, жаңғыртылған және жаңа күн талабына жауап бере алатындай болуына қол жеткізуге ұмтылу», – деп қорытты сөзін қазақстандық министр.
Сондай-ақ, СІМК қылмыстық сот жүргізу, денсаулық сақтау және мәдени ынтымақтастық салалары бойынша бірқатар бағдарламалық және тұжырымдамалық құжаттардың жобаларын мақұлдады. Олардың арасында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттер халқының денсаулығы» стратегиясы, Онкологиялық ауруларға қарсы іс-қимыл таныту саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы, ТМД-ға қатысушы елдердің «ART EXPO» халықаралық көрмесі туралы ереже бар. Министрлер, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бірқатар ұйымдарына қорғаныс, жастармен жұмыс және жастар кәсіпкерлігін дамыту салаларындағы базалық ұйымдар мәртебесін беру мүмкіндігі мәселелерін қарастырды.
ТМД СІМК алаңдарында Е.Ыдырысов Ресей Сыртқы істер министрі С.Лавровпен жұмыс кездесуін өткізді. Онда екіжақты қарым-қатынастың көкейкесті мәселелері мен Ресеймен өңірлік және жаһандық ауқымдағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Саулебек БІРЖАН.