09 Сәуір, 2016

Ерен тұлғаны еске түсірді

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_7226+Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің талай буынын тәрбиелеген білікті тәлімгер Темірбек Қожакеевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Журналистика және журналистік білім беру: заманауи инновациялық технологиялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл бәрінен бұрын қолына қалам ұстап, ақ қағаз бетін айналдырған ағайындар үшін айрықша маңызы бар басқосу болды. Бүгінде рес­пуб­ликамыздың әртүрлі басылымдары мен телерадио арналарында жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз Темкең туралы тебірене ой толғап, емірене естелік айтты. Оны қызыға тыңдаған жастар жан дүниелерін байытар рухани олжаға кенелгені анық. Алқалы жиынды ашқан осынау оқу ордасындағы журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ тұғыры биік тұлғаның мерейтойына арналған шаралардың Астанадан бастау алғанын айрықша атап көрсетіп, жақсы істің қорытынды нүктесі Алматыда қойылатынына сенім артты. Конференцияға қатысушылар назарына ұсынылған бейнетаспалар келмеске кеткен кешегі күндер елесін көз алдымызға қайта әкелді. Сарғай­ған таспалар санадағы сағынышты тербеп жібергендей болды. Абзал аға­мыздың аудиторияны бірден бау­рап ала жөнелетін баяғы таныс даусына құмарта құлақ тігіп, өсиет іспеттес өзекжарды сөздеріне ден қойдық. Студенттермен кездесуден түсірілген ескі кадрларды көру барысында көңілге түрлі ой келді. Айтқандарына айызың қанатын қанжар тілді мұндай шешен жандардың қазір қарасы азайғаны қан­дай өкінішті. Саңқылдап сабақ тү­сіндіргенде соқырға таяқ ұстат­қандай шегелеп тастаушы еді-ау жарық­тық. Тыңдаушысын сілтідей тын­дыратын ондай лекторлар қайда?.. Баяндамашылар шеруін бастаған ЕҰУ жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу жөніндегі инс­титут директоры, профессор На­мазалы Омашев нақты мысалдар келтіре отырып, тағдырдың тар жол, тайғақ кешулерінен тайсалмай өткен өр мінезді марғасқаның мақтауға тұ­рарлық елеулі еңбектеріне талдау жасады. «Тумысы бөлек Темкеңнің есімі аталғанда еріксіз елең етесің. Ағайындас екеуміз табиғаты та­мылжыған Меркі ауданының масатыдай құлпырған Ойтал ауылында туып-өстік. Бала кезінен-ақ қарымды қабілетін байқатқанын елдегі ақ­сақалдардан жиі еститінбіз. Ол кісінің кітаптарын кішкентайымнан оқып-тоқыдым. Еліктеп-солықтап, соңынан ердік. Көп өнегесін көрдік. Сөз бен істің бірлігін бұзбай өтті бұл өмірден. Қазіргі қоғамға осындай ұстаным иелері жетіспейтін секілді. Қызметте қатал, талапшыл болатын. Онысы оқытқан шәкірттерім айналасынан ат оздырып, абыройға бөленсе екен деген игі тілектен туындайтынын іштей сезетінбіз. Тек сатира жанрынан ғана он шақты монография жазыпты. Ең бастысы, таңдаған тақырыбын жеріне жеткізе зерттеді. Мұны достары түгіл дұшпандары да мойындайды. Он алты жыл декан болғанда журналистика факультетін университет бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Дәріс беру мәнері бөлек-тұғын. Өзі оқытқан курсты жетік білетін. Басты бақыты – өзінің табиғатына сай саланы таңдағандығы. Қоғамдық құбылыстарды күнде көріп жүргенмен, оны екінің бірі сын-сықаққа айналдыра алмайды». ҚазГУ-дің журфагына түскенімізде ең алғашқы лекцияны оқыған, сондықтан да көзімізге ыстық көрі­нетін Намазалы ағайдың ақжарма пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Аталмыш университеттің про­ректоры, ҰҒА корреспондент мүшесі Дихан Қамзабекұлы ЕҰУ ректорының конференция жұ­мысына табыс тілеген құт­тықтауын жеткізіп қана қоймай, Т.Қожакеевтің белгілі себептермен қуғын-сүр­гінге ұшыраған тұстарда еңсесі езілмегенін, сағы сынбағанын, тауы шағылмағанын, қайта намысын қайрап, халқына қалтқысыз қызмет қылғанын, Алматы кітап­ханаларындағы сирек қорларды ақтарып, бұған дейін белгісіз болып келген «ақтаңдақтардың» бетін ашқанын алға тартты. Мәртебелі мінберге көтерілген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті Еркін Қыдыр ұс­тазын ұлықтаған қаламдастар қа­тарында жүрекжарды лебізін біл­дірді. Қожакеевтің аты затына сай қойылғанын, ол темірдей тәртіп орнатпағанда журфактың «еркелері» мен серкелері бас білдірмей кетуі әбден мүмкін екендігін жеңіл юмормен жеткізді. Сондай-ақ, еліміздегі журналист кадрларын даярлайтын сол кездегі республикадағы жалғыз факультеттің деңгейі Темкеңнің арқасында жоғары болғанын, ал қазір барлық облыс орталықтарында ашылған ондай бөлімдердің тым көбейіп кеткенін, алайда, білім беру сапасы тиісті талаптарға жауап бермейтіндігін тілге тиек етті. Халықаралық түркі акаде­мия­сының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп кезінде кандидаттық диссер­тациясына жетекшілік еткен аяу­лы ұстазының кісілік келбетіне, қай­раткерлік қасиетіне тоқталып, Алаш арысы Сұлтанбек Қожановтың әдеби мұрасын зерттеуде ақыл-кеңесін аямай, дұрыс бағыт-бағдар бергенін, сол үшін оған өзін өмір бойы қарыздар санайтынын білдірді. Профессор Рақымжан Тұрысбеков ғалымның әдебиет зерттеушісі ре­тіндегі іргелі ізденістері жайында жан-жақты әңгіме өрбітті. Осы орайда, 1992 жылы жарық көрген «Көк сеңгірлер» кітабының орны бөлектігін, мұнда алуан дерек көздері пайдаланылғанын, көшелі көзқарас пен зейінді зерделеу, соны саралау айқын аңғарылатынына назар аударды. Конференцияда сондай-ақ, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, Қазақстанның халық ақыны Қоныс­бай Әбіл, «Қазақ­стан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орын­басары, көрнекті көсемсөзші Қайнар Олжай, белгілі сатирик Көпен Әмірбек және басқалар сөйлеп, әзілмен әдіптелген естеліктер тиегін ағытты. Атақты ғалым, ұлағатты ұстаз, са­­рабдал сатира сыншысы Темірбек Қожекеев – есімі ел есінде сақталған ерен тұлға. Ендеше, оған қандай құр­мет көрсетсек те артық емес. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан».