09 Сәуір, 2016

Коммуналдық саланы жаңғырту қарқынды жүруде

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
коммуниуация-кішіБүгінгі таңда «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы негізінде табиғи монополиялар субъектілерінің нақты атқарған жұмыс көлемі 36,8 миллиард теңгені құрайды, яғни қаржының 61%-ы игерілді.  Осылай деп атап өтті Пре­зидент жанындағы Орталық ком­му­никациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақ­стандық орталығы» АҚ басқарма төр­ағасы Сергей Шайжүнісов. Мем­лекеттің қолдауына сәйкес тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы саласын реформалау мен халықаралық қаржы инсти­туттарымен ынтымақтастық құ­ру мәселесі талқы болған жиында С.Шайжүнісов бірқатар мәлі­мет­терді алға тартты. Бұл ретте ол мемлекет қазіргі кезде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына ерекше мән беруде және осы саланы жаңғыртуға бағытталған бағдарламалардың іске асырылуына қомақты қаржы бөлуде, деп атап өтті. Аталған бағдарламалардың арасында Мемлекет басшысы өткен жылы бекіткен коммуналдық құ­ры­лымдарды жаңғыртуға бағыт­талған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бар. Бүгінгі таңда осы бағдар­ламаның аралық қорытындысы бойынша 2015-2016 жылы 259 шақырымды құрайтын жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін, 14 қазандыққа қоса 3 су стансасы құрылысын салу және жаңғырту жоспарланған болатын. Осы орайда үстіміздегі жылдың наурызындағы жағдай бойынша олардың 211 шақырымы салынған. Оның ішінде жылумен жабдықтау желісі 143 шақырымды құраса, жылумен жабдықтау және су бұру бойынша 67 шақырым жаңғыртылған. Жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы есебі бойынша 60 миллиард теңге көлемінде қаржы игерілген. Және де «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде 2016 жылға 75 миллиард теңгені құрайтын 99 жоба іріктелді. Оның ішінде сумен жабдықтау бойынша – 22,4 млрд.теңгені құрайтын 48 жоба, су бұру бойынша – 10,4 млрд.теңге болатын 20 жоба мен жылумен жабдықтауға бағытталған 44,2 млрд.теңге көлеміндегі 31 жобаны атап өтуге болады. Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігі – жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің құрылысын және қайта құрылымдауды несиелендіру енгізілгенін айрықша атап өткен абзал. Және де Мемлекет басшысының жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік аспаптарды орнатуға қатысты тапсырмасына орай «ТКШ дамыту қоры» АҚ бюджеттен бөлінген 6 миллиард теңге қаржыға сәйкес жалпыүйлік жылу есептегіш аспаптарды орнату бойынша бағдарламаны іске асыру үшін үздіксіз жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда респуб­лика бойынша өткен жылғы қыркүйектегі мәліметтердің негізінде жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгені құрайтын 2 235 бірліктегі жылу есептегіш аспаптары нақты орнатылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы да 6015 бірліктегі жылу есептегіш аспап орнату жоспарлануда, бұл жалпы республикалық қажеттіліктің 43 пайыздық жиынтығын құрайды. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».