09 Сәуір, 2016

Қауіпті қарудың зардабы зор

445 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_1931-1Ел мен жер тағдыры, ол туралы айтылған әңгіме – баршаға ортақ. Вашингтонда өткен жиында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзіне қатысты Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры Нағбу ҚАМАРОВАМЕН пікірлескен едік. – Нағбду Сұлтансиыққызы, алыс-жақын шетелдердегі ахуалдарға қарай отырып, әрбір мәселені соғыс арқылы шешуден тайынбаушылық сипат алып бара жатқандай әсер береді. Сіз қалай ойлайсыз? Соғыстың жақсы емес екен­дігін біле тұрып, сан мыңдаған жазықсыз жандардың оққа ұшып, аналардың жесір, балалардың жетім қалатынын біле тұрып, қаруға жүгіну, мәселені соғыс ар­қылы шешу­ге әрекеттену XXI ғасырдың білім­ді, білікті адам­дарына жарас­пайтын әрекет. Н.Назарбаев «Әлем. XXI ғасыр» манифесін де соғыс туралы «жер өркениеті 15 мыңнан астам соғыс­ты, яғни әр жыл сайын 3 со­ғысты басынан өткерген. Олар­да жүздеген миллион адамдар қаза тауып, жер бетінен қалалар мен елдер жоғалып, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған» деп бастады. Осыншама үрейлі дерек­тердің өзі талайға ой салуы тиіс. Қазір технологияның таңғажайып жетістіктермен толығып, айрықша даму деңгейіне жеткен кезінде қару түрлерімен өзгені таңғалдыруға да, өзгемен бәсекелесіп, таласып-тартысуға да болмайды. Ең қауіп­тісі – жер ғаламшарындағы тір­ші­лік атаулыға зардабын тигі­зетін ядролық қару болып тұр. Бұл жойқын қарудың қасіретін барлық ел, барлық саясаткерлер білсе де, одан бас тартуға асығар емес. Аса қатерлі қарудың арты­на жасырынған қауіпсіздік, бей­біт­шілік баянды бола ма? Әңгіме – осында. Сондықтан, бізге де, бас­қаға да, әсіресе, қарапайым ха­­­лық­­қа, жас буынға, бесіктегі бейк­үнә бүлдіршінге бейбітшілік, тыныш­тық керек. Барша халықтың көкейіндегі жалғыз қажеттілік – осы. Біздің Елбасымыз бұл мәсе­лені АҚШ-тағы саммит мінб­ері­нен дұрыс және дер кезінде айтты. Ядролық қарулардың лаң­ке­стердің қолына түсу мүм­кіндігі де айтылды... –  «Мен қауіп еткеннен айтамын» демекші, демек, мұндай қауіп бар деген сөз. Бұл лаңкестердің біз білмейтін мақсат-жоспарларының бірі де болуы мүмкін. Бұл туралы Елбасымыз саммитте «ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылар қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәр­се», деді. Расында, ядролық қару­лардың терроршылардың қолы­на түсіп қалуынан қорқуымыз және алдын алып, сақтануымыз ке­рек. Н.Назарбаев осы мақсатта әлем­нің сан миллиондаған тұр­ғын­дарын – саясаткерлер мен жас­тар­ды, ғалымдарды, өнер адам­да­рын ядролық қарудан бас тартып, азат әлемге қарай саналы түрде ұм­тылу­ға шақырды. Сондай-ақ, қы­рып-жоятын аталмыш қару түрін өн­ді­ру­ді қадағалау қажеттігін ұсынды. Қазақстанның әлеуеті жағынан әлемде төртінші күшке ие ядролық қарудан бас тартуы, Семей сынақ полигонын жабуы – Елбасы айтқан «азат өмірге ұмтылудың» сөз жүзін­дегі нақты дәлелі бола алды. Семей­дегі сынақ полигонының жа­былуы әлемдік тәжірибедегі ал­ғаш­қы және бірден-бір оқиға екен. Ел­ба­сының сөзі америкалық сая­си ба­сы­лымда жарияланғанын оқып-біліп отырмыз. Бұл Елбасы сөзі­нің маңыздылығының, бүгінгі күн­нің тамырын дәл басып, ер­тең үшін сақтандыруының дұ­рыс екен­дігін өзгелердің мойын­дауының көрі­ні­сі деп білемін. «Ендігі соғыста жеңім­паз болмай­ды» екен, олай болса соғыссыз өмір сүргенге жетер байлық жоқ. Барлық мемлекеттер қандай жағ­дай болмасын, қандай қиын мәселе болмасын, осы ұстанымды ең басты орынға қойса ғой! Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.