Қазақстан Президентінің Вашингтонда өткен саммитте жасаған мәлімдемесі халықтың қызу қолдауына ие болуда. Елбасының саясатын үнемі қолдап, бастамаларына үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер, заң ғылымдарының докторы Қайрат БАЛАБИЕВКЕ жолығып, пікірін білген едік.
– Дағдарыстың алғашқы толқыны соққанда Елбасының кәсіпкерлерге жасаған өтінішін бірінші болып қолдап, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға көмек қолын созған едіңіз. Бүкіл әлем халқын толғандырған сұрақтар бойынша өткен саммитте айтылған мәселелерге байланысты не айтасыз?
– Қазақстан – әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан мемлекет. Осыдан аттай 25 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық сынақ аймағы біржола жабылды. Айтқанға ғана оңай. Қазақ халқын бұратана ел санап, олармен есептеспей қолынан келіп тұрған соң қонышынан басқан Кеңес өкіметінің қиянатының зардабын қарапайым халық әлі де тартып келеді.
Семей полигонының зардабы екі қолы жоқ, башпайының саусақтарымен сурет салып, ядролық қасіретті дүниежүзіне әшкерелеген Кәріпбек Күйіков сынды азаматтардың кәріп-тағдырымен біткен жоқ. Семейдегі сынақ полигонының зардабы, сонда тұратын халықтың сүйегіне сіңген кесел оқтын-оқтын қайталанып, талай отбасыға ащы уын ішкізіп келеді. Оның сыртында Капустин-Яр, Азғыр сияқты полигондарда сол маңайда тұратын ауыл тұрғындарының денсаулығына өз зардабын тигізді.
Осының бәрін ой елегінен өткізген Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші болып ядролық қарудан бас тартып, өзгелерді де қатарында болуға шақырды. Әрине, қолында апат қаруы бар ядролық держава елдері мұндай келісімге көне салады деу қиын. Бірақ, отпен ойнаған түбінде опық жейді.
– Солтүстік Корея мемлекеті ядролық қаруды сынақтан өткізіп, көршілерінің ғана емес, дүниежүзінің иманын қасым еткендігі белгілі. «Тентек шоқпар жинайды» дегендей, ядролық қару жасауға әуестенудің түбінде қайыры қалай болады?
– Жер шары онсыз да қауіптің үстінде отыр. Бірін бірі мойындағысы келмейтін, бейбітшілікті сақтаудан гөрі атыс қаруына жүгінуге бейіл зорлықшыл мемлекеттердің, әпербақан әскер басшыларының кесірінен миллиондаған бейбіт жұрт зардап шегіп жатыр. Осындай жағдайда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемесі бейбіт өмір сүруді қалайтын барша азаматтың зор сүйіспеншілігіне ие болды.
Осындайда кеудеңді мақтаныш та кернейді. Күні кеше өзге мемлекетке бодан болып, есік көзінде көзі жәутеңдеп отырған Қазақстан өз алдына Тәуелсіздігін алумен қатар, дүниежүзінің ең жанды нүктесі қырғи-қабақ соғыстарды болдырмау, алдын алу жөніндегі келісімдерде жетекші орынға шықты. Бұл, әрине, Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі.
Бірлескен мәлімдемеде Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының ядролық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ, Вашингтон, Сеул және Гаага саммиттерінің ядролық қауіпсіздікке қарсы шешімдерін іске асыру жөніндегі күш-жігерін құптайды делінген.
Әлемдегі тепе-теңдікті сақтауға ұйытқы болып, үлкен ағаның орынтағына отырған Американың Қазақстан Президентінің бастамасын қолдап-қуаттауы талай кедергілердің бетін қайтарады, бейбітшілікті орнықтыруға барынша ықпал етеді.
Вашингтонда өткен саммитте Елбасымыздың ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек, біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз, деп талас-тартыстардың соғыс арқылы шешілмейтіндігін талдап беруін әлем халқы мақұлдады. Қанқұйлы біреулерге болмаса, елге тыныштық, бейбіт өмір керек.
Қазақстан Президенті адамзат үшін өте құнды осындай мақсатқа қызмет етіп келеді. Бұл – адамзат баласы үшін өте ізгілікті қадам.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.