Құнды құжат
Вашингтондағы іс-шара Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құру, ғаламдық ядролық қауіпті қысқарту саласында халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін үйлестіру маңыздылығы туралы бастамаларының өзектілігін тағы да айқындады. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ел ішіндегі ядролық жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып, дүниежүзіне өзін бейбітсүйгіш, диалогқа ашық, көреген саясаткер ретінде таныта білді. Содан бері бүкіл халықаралық қауымдастық оның ғаламдық қауіпсіздік үшін жасаған батыл қадамын үлгі тұтып, көтерген бастамаларына қолдау білдіріп келеді. Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген бастамаларын халықаралық және қазақстандық сарапшылар да қолдап отыр. Әлемді ядролық қарудан азат ету жолында еңбек еткен Қазақстан Президентінің орны ерекше екенін айта отырып, Елбасымыздың ядролық сынақты тыйым салуға арналған жалпы келісімге жеке басы көп күш жұмсағанын еске сала кету қажет. Атап айтсақ, жалпыға ортақ ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісімнің күшіне енуін қамтамасыз ету мақсатында Елбасының бастамасымен ол 2012 жылы іске қосылды. Қазіргі уақытта Келісімге 183 мемлекет қол қойып, 161 мемлекет оны ратификациядан өткізген. Менің ойымша, ядролық қарудан бас тарту бастамасы өте маңызды. Президент Н.Назарбаевтың Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда құру идеясы орынды. Себебі, Қазақстан – әлемдегі ірі уран өндіруші, экспорттаушы ел ғана емес, тұрақтылық сақталған мемлекет. Сондықтан келешекте Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті өткізуге Қазақстан әбден лайық. Қазақстандағы Төмен байытылған уран банкі әлемдегі даулы мәселелерді шешуге, мәселен, Ирандағы ядролық проблеманы жоюға ықпал ете алады. Уранның қозғалу барысын орталықтандырылған тәсілмен бақылаған дұрыс. Бұл елдердің басым бөлігіне ядролық қаруды таратпай-ақ, өз атом энергиясын дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет болғандықтан, бұл мәселеде тәжірибесі мен біліктілігі мол. Н.Назарбаевтың тың идеясы тек бір ұлттың, не аймақтың ғана мүддесін көксемейді, бүкіл адамзат қоғамы үшін үлкен мәнге ие. Айгүл ДЕМЕУОВА, философия ғылымдарының докторы, профессор, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі. АҚТАУ.Келешекті көздеген кемелдік
Соңғы уақыттарда адамзат әлемі ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерімен биіктен көрінгенімен, ұрпақ болашағына қайшы келетін жағдайлар да орын ала бастады. Ядролық қару адамзат баласының ортақ адамшылық мінезіне жат, оның өмір сүріп отырған кеңістігіне ауыр зардап әкелген бірден-бір дүние болғаны жасырын емес. Адамзат баласының өзімшілдігі, осы өршіл мінездің экономикасы мен ғылымы дамыған мемлекеттердің саяси ұстанымына айналуы тарих алдында жіберген үлкен қателігі болып саналады. Себебі, адамзаттың табиғи даму жолы, халықтардың ұлттық дәстүрі мен мәдениеті бейбітшілікті қалайды. Ғылым мен техникаға, ақпараттық технология ресурстарына арқа сүйеген өзімшілдік мінез, түптеп келгенде, ұрпақ алдында өз қателігін мойындатады. Соның бірі бүгінгі уақыт. Білім мен ғылым десе, ішкен асын жерге қоятын ата-бабамыз ядролық сынақтың зардабын көзбен көрді, басынан өткізді. Қазақ жерінде қанша сынақ болса, ұлттың өміріне одан да көп қауіп төнді. Дүниеге келген сәбиден еңкейген кәріге дейін адамның қолымен жасалған қару зардабының ұмытылуы еш мүмкін емес. Жасалынған түрлі сынақтар, қару-жарақ түрлері, одан туындайтын экологиялық ахуал түрлі аурулардың өршуіне ықпал етті, әлі де бұның салқыны мен салдары жойылды деп айту қиын. Ядролық қарудың кілтін ұстаған мемлекеттер бұл мәселені ескеруі қажет. Кезінде қазақ зиялысы Мағжан Жұмабаев: «Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты», деп тегін айтпаған. Қазіргі мемлекетіміз үшін әрбір адамның бақытты өмір сүруі маңызды болып отыр. Әрине, ата-бабамыздың кезінде де адамның денсаулығы, табиғаттың тазалығы, адамның қай жағынан болса да жетілуі ескеріліп отырған. Егерде ескерілмесе, қазақ халқы осынау ұлан-ғайыр атамекенді иеленіп, кейінгі ұрпаққа табыстамаған болар еді. Ақыл мен білек күшін үйлестіріп аттың үстіне қонған қазақ жастарының ең басты құндылығы денсаулық, парасаттылық болды. Бұны айтып отырған себебіміз, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тәуелсіздік алған жылдары ұлттың қауіпсіздігін ескерді, алдымен мемлекеттің аумағын заңдастырып, ядролық қарудан бас тарттық. Қазақстанның бұл саясаты бүгінде алпауыт мемлекеттер үшін тәжірибеге айналуда. Мемлекет қолдан жасаған немесе өзге бір мемлекет жасап берген қаруына емес, өзінің болмысына, тарихына, даналығына, біліміне сүйенуі керек. Егер де ядролық қарудан бас тартпасақ мемлекетке сырттан сенімсіздік, халық арасында үрей, іштей реніш орын алады. Ең басты байлық – халықтың бейбіт өмірі, мемлекеттің бейбіт жолмен дамуы. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерінің бірі осы. Қазіргі таңда әлем елдеріне ортақ адамзаттық проблемалардың бір ерекшелігі, бұны мемлекеттер бірікпесе шеше алмайды. Мемлекеттер арасындағы орын алып жатқан шиеленістер, түрлі санкциялар келісім арқылы бейбіт жолмен шешуді талап етеді. Әлемдегі мемлекеттер мен мемлекет басшылары алдында бейбіт өмірдің жолын түсіндіру маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет – ұлттың, халықтың ортақ үйі. Қазіргі жаһандану заманында мемлекеттің есік-терезесін жауып қойып, оқшау өмір сүру мүмкін емес. Мемлекеттің қай бағыттағы саясаты болмасын оның даму стратегиясына негізделуі қажет. Бұл Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әлем мемлекеттері алдына қойып отырған соғысты болдырмау, ядролық қаруды тоқтату, адамзаттық бейбітшілік пен келісімді нығайту ісімен тығыз байланысты. Елбасының «Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдардың күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар», – деп айтқан ұсыныстары адамзаттың, болашақ ұрпақтың мүддесі тұрғысында алпауыт мемлекеттердің алдына қойылып отырған өзекті мәселе. Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі дүние жүзіндегі барша халықтардың бақытына бағытталған бастама дер едім. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың әлем жұртшылығы алдында айтқан ақиқатты ойларынан осы шындықты ұғынамыз.Мұны бейбітшілік сүйгіш әр азамат терең сезінуі тиіс. Ал мемлекеттер басшыларының бұған қолдау көрсетуі керек. Келешегін ойлаған қай халықтың да осы манифестен түйер түйіні, шығарар шешімі кемел болуы тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі арқылы біздің елдің бейбіт бастамасы тағы да әлемдік деңгейде айтылған адамзаттық асыл ой ретінде бағалануда. Елбасының іргелі бастамасы жаһанға бейбіт бастамаларымен танылған Қазақстанның мәртебесін бұрынғыдан да асқақтата түскені сөзсіз. Үмбетхан СӘРСЕМБИН, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі. АҚТӨБЕ.Жаңа бастама – өзекті және уақтылы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарының астанасы – Вашингтон қаласында ұйымдастырылған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі соңғы, қорытынды саммитте жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен үлкен қызығушылық таныта отырып танысып шықтым. Елбасының жаңа бастамасының дер кезінде көтеріліп отырғанын және аса өзектілігімен ерекшеленетінін үлкен қанағат сезімімен атап өтсем деймін. Манифесте соңғы 25-30 жыл бедерінде болған аса маңызды оқиғалар мен шешімдер терең талдау жасала отырып мазмұндалып, өткен кезеңге оның адамзат өміріне, бүкіл жер беті халқының қауіпсіздігіне тигізген ықпалына объективті баға берілген. Мемлекет басшысы тарапынан атқарылған зор жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан жаһандық әлемнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне теңдессіз үлес қосып келеді десек, бұл жайттың бүкіл қазақстандықтардың мақтаныш сезімін туғызатыны ақиқат. Және де бұл еш асыра айтқандық емес. Елбасы ұлы державалар арасында өзіне лайықты орын алып отыр. Осы орайда, әлемдік қоғамдастықтың мойындауы мен ризашылығына бөленгенін де аса әділеттілік деп санаймын. Ел Президенті аталған маңызды бағдарламалық құжатында ғылыми жаңалықтардың негізінде жасалған жаңа технологиялардың кең ауқымдылығын ерекше атап көрсетеді. Осы ғылыми жетістіктерді парасатты тұрғыдан пайдалану қазірдің өзінде адамзат өміріне теңдессіз оң нәтижелер алып келді. Әрине, оларды жақын болашақта әрі қарай да енгізе беру адамзат дамуының жаңа, маңызды фазасының негізі болатынына еш күмән жоқ. Қазіргі кезде халықаралық қоғамдастық тарапынан өзінің бағдарламалық құжатында тарихи шешім қабылдау, сөйтіп, мемлекеттердің ядросыз әлем негізінде бейбіт қатар өмір сүруі үшін жағдай туғызуға алғышарт жасауға ұмтылған жер жүзіндегі жетекші көшбасшылардың бірі ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына әділетті баға беріп отыр. Біздің Мемлекет басшымыз соғыс вирусының халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастырып, ғылыми техниканың аса жаңа жетістіктерін адамзаттың өзіне қарсы қолдануға мүмкіндік туғызып отырғанын үлкен алаңдаушылықпен атап көрсетеді. Қазақстан Президентінің манифесі үлкен құндылыққа және маңызға ие. Өйткені, онда барлық мемлекеттердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке теңдей жауапкершілігі қағидаттары негізінде бейбіт үнқатысу бойынша іс-қимылдардың тұтастай бір кешені алға тартылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың өлім себетін қару түрлерін ғарыш кеңістігінде, Әлемдік мұхиттың түбі мен бейтарап суларында, Арктикада орналастыруға тыйым салу бойынша жаһандық шешім қабылдау қажеттігі жөніндегі ұсынысы қазіргі таңда аса көкейкесті болып табылады. Ел Президентінің арнайы халықаралық құқық негізінде Әлем Ареалдарының кең ауқымын құру жөніндегі ұсынысын жүзеге асыру да үлкен маңызға ие. Бұл ұсыныстың астарында әскери блоктардың жұмысына қарсы шаралар қабылдаумен қатар, оларды бірте-бірте жою мүмкіндігі жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жүзеге асыруға саясаткерлермен, қаржы топтарының және іскерлік құрылымдардың өкілдерімен қатар, бүкіл әлемнің оқымыстылары да белсенді қатысулары тиіс. Қазақстан ғалымдарының күш-жігерін, біздің көзқарасымызша, ядролық отынды электр және жылу энергияларын өндіретін қауіпсіз және ықшам құрылғылар жасау үшін қолдануға, яғни жаңа технологиялар жасауға бағыттауға басымдық берілгені жөн. Қазақстан ғалымдары осы үдерісте өзіне лайықты орын алатынына күмән жоқ, өйткені, осы маңызды бағдарламалық құжаттың – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің басты лейтмотиві адамзатты өлім себетін соғыс қатерінен арашалауға бағытталып отыр емес пе?! Қалық АБДУЛЛАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық нженерлік академиясы энергетика және энерготиімді технологиялар бөлімшесінің төрағасы.Бұл – тұтастық алгоритмі
Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін адамзатты кейінгі ұрпағына ең құнды мұра – атомдық жарылыстан азат жер шарын қалдыруға шақырған үндеу болды десек, артық айтпаймыз. Расында, бүкіл ғалам алдында жарияланған манифестің мәні зор. Президент Н.Ә.Назарбаев әлемдік қоғамдастық іс-қимылының тұтастық алгоритмін ұсынды. Ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту үшін дәйектілікпен алға қарай қадам басу қажеттігін айтып, бұл бағытта қазірдің өзінде маңызды шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысы айтқандай, ядролық қаруға қарсы қозғалыс қоғамға қозғау салды. 2015 жылдың 7 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағаны – осының дәлелі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бүкіл планетамыздағы адамзат баласына қауіп төндіріп, оларды қырып-жоятын жойқын қару – ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі тарихи шешім қабылдағалы да ширек ғасыр уақыт өтті. Ядролық қарусыз әлем – адамзаттың бүгіні мен келешектегі ізгі мұраттарының ең бастысы. Жер шарын жайпап, ондағы тіршілікті жоюға жол бермеу біздің басты міндетімізге айналуы тиіс. Қазіргі кездегі әлемде орын алып жатқан ірілі-ұсақты аймақтық қақтығыстар, ішінара болып жатқан соғыстар, террорлық әрекеттердің барлығы болашағымызды жарқын етпесі анық. Сондықтан, ядролық қарудан бас тартуға ұмтылу – әлемдік өркениеттің негізгі құндылығы деп түсінуіміз керек. Жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын басты мұрат еткен халқымыз, әсіресе, бүгінгі жастар, ертеңгі жаңа ұрпақ бұл үрдістің мәні мен мағынасын терең ұғынуы қажет. Яғни, жастардың бойындағы бейбіт өмір сүруге деген құлшынысты оятып, оған ұмтылдырудың маңызы зор. Ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан бейбітшілік пен ынтымақтастық, сенім мен өзара түсіністіктің жаңа заманауи үлгісін әлемге паш етті. Н.Ә.Назарбаевтың «Ядролық қарудан бас тарту – ХХІ ғасырдың басты мақсаты» деген бастамасын, Қазақстан әзірлеген Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясының БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында қабылдануы – осының айғағы. Екі алпауыт мемлекет – кешегі КСРО мен АҚШ арасындағы ядролық қауіп Кеңес Одағының тарап кетуіне байланысты сейілгенімен, бүгінде ядролық державаға айналуға ұмтылатын мемлекеттер де бар. Бүгінгі таңда жер жүзінде 19 000 ядролық оқтұмсыққа ие тоғыз мемлекетте ядролық қаруды сынауға мораторий жариялауларына қарамастан, ішінара ядролық сынақ жүргізу орын алуда. Яғни, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстарын әлі де күшейте түсуі қажет. Ұлттар мен мемлекеттер жеке-жеке, бөлек өмір сүргенімен, жер, су мен ауа ортақ. Сондықтан да осы ортақ құндылықтарымызды сақтауымыз қажет. Қазақстанда 14-30 жас аралығындағы жастардың саны 5 миллионға жуық. Бұл – үлкен күш. Бүгінгі жас ұрпақ жаһандық проблемалардың ішінде ядролық қарудан келетін алапат апатты бір сәт те қаперден шығармауы тиіс. Асқар АБДУАЛЫ, тарих ғылымдарының докторы. ТАРАЗ.Парасат дауысы басым естілуі тиіс
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде бүкіл адамзаттың болашағына деген қамқор көңілін айқын көрсеткен. Ол, бірінші кезекте, өзінің көкейкестілігімен, тереңдігімен және қисындылығымен таңғалдырады. Нұрсұлтан Әбішұлы ғылым жаңа буындағы технологиялар жасай отырып, теңдессіз жаңалықтар ашуда, осылайша адамзат баласын Төртінші өнеркәсіптік төңкеріске әкеле жатыр, дейді. Өкінішке қарай, жаһандық кеңістікте үстемдік етуге деген ұмтылыс, әскери блоктардың өмір сүруі жаһандық қауіпсіздікті жоғарылатудың орнына, оған қатер төндіруде. Себебі, кез келген күш оған қарсы күш туындататыны белгілі. Бір елдің әскери блоктың көмегімен екінші бір елге қатысты өзара қарым-қатынаста теңдессіз басымдық алуға тырысуы – ерекше қауіпті үдеріс. Сол екінші ел, әсіресе, өзіңнің жақын көрші елің болса, жағдай әлденеше есе күрделене түсетіні айтпаса да түсінікті. Елбасы өзінің бағдарламалық құжатында сондай елдер әскери, экономикалық және саяси басымдық мүмкіндіктеріне ие бола отырып, өздері мүшесі болып табылатын әскери блокты жауапсыздықпен пайдаланады дегенді меңзейді. Қазақстан Президентінің БҰҰ жанынан жаппай қырып-жоятын қару жасау және оны жетілдіру үшін пайдаланылуы ықтимал ғылыми жаңалықтарды тіркейтін Есеп реестрін құру керек деген ұсынысы аса қисынды және уақтылы. Осы Реестр негізінде ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып-жоятын қарулардың жаңа түрлерін жасау үшін пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат бойынша оны орындайтын халықаралық міндеттеме қабылдау ұсынылады. Бұл идеяны бұған дейін ешкім қозғамаған еді, енді мұны алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев айтып отыр. Мемлекет басшысы қосарланған стандарттар саясатының салдары өлім себетін қарулар – ядролық, химиялық, бактериологиялық қару түрлері әлемге кеңінен таралып, олардың адамзаттың қазіргі кездегі ең қатерлі жауы – халықаралық терроризмнің қолына түсуіне алып келуі ықтимал екенін ескертеді. Соғыс вирусының кеңінен таралуының бір себебі, жетекші державалардың әскери-өнеркәсіптік кешенінің күшейтілуі болып отыр. Өйткені, бұл кешен өркениеттің пайдасына жұмыс істейтін экономикаға қарағанда, салыстырмалы түрде үлкен пайда әкелетін бизнес секілді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ, дүниежүзі халқының аңсарын білдіретін баламасыз мәселені төтесінен қойды. Ал оны оң шешу соғыс ықтималдығын жоққа шығарады, бұл, өз кезегінде, адамзаттың бейбітшілік пен келісім арнасында дамуына мүмкіндік береді. Көзді ашып-жұмғанша кез келген әлемдік соғысқа алып келуі ықтимал дау-жанжалдардың тамырына балта шабу адамзаттың тыныштықта өмір сүріп, дамуына жағдай туғызатыны белгілі. Манифесте мазмұндалған әлемнің 3 басты соғыссыз жаһандық стратегия қағидаттары мен әлемдік қоғамдастықтың 5 іс-қимыл алгоритмдер бағыты біздің Көшбасшымыздың болашақ ұрпақтың тағдырына деген шынайы алаңдаушылығынан туындап отыр. Ал Елбасының осы бағыттардағы белсенді іс-қимыл ұстанымы көңілдерге сенімділік ұялатып, оның үндеуі құлақтарға уақтылы жетеді деген үміттеміз. Марат БІТІМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы тау-кен бөлімшесінің төрағасы.Жалпыға ортақ шешімге келуге шақырды
Елбасы Америка Құрама Штаттарында өзінің әлемдік қоғамдастыққа деген манифесін жариялады. Бұл манифесте қазіргі әлемдегі қалыптасқан және болып жатқан саяси жағдай мен саяси үрдістерге терең сараптама жасап, өзінің көзқарасын әлемдік деңгейдегі тәжірибелі саяси қайраткер ретінде паш етті. ХХІ ғасырда әлем ғылыми-техникалық дамудың арқасында мемлекеттермен қарым-қатынасты өркениетті түрде дамыту негізінде адамзаттың өмір сүру деңгейі жаңа белеске, жаңа биіктерге жете ме деген үміт болатын. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі таңда әлемде қалыптасқан жағдай адамзаттың үмітін жоққа шығаруда. Еуропаның шығысында, лерінен кетуге мәжбүр болуда. ХХ ғасырдағыдай бір-бірімен «қырғи-қабақ» соғыстың жолына түсіп жатыр. Осыларға геоэкономикалық жағдайды, әлемдік экономикалық дағдарысты және ұлы державалардың бір-біріне жариялаған санкциялық соғысты қоссақ, адамзаттың ХХІ ғасырда дамуына және өсіп-өркендеуіне едәуір қауіп төніп отырғанын байқаймыз. Бұл жағдайда Елбасы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде мынадай тезистерді жариялады. Жалпы, әлем деңгейінде, жаһандану жағдайында болатын соғыс адамзаттың келешегін бұлыңғыр етеді. Президент осыны әлемнің көшбасшыларына, жалпы адамзатқа ескертіп отыр. Біріншіден, бұл болашақ соғыста ешкім жеңіске жетпейді, ол – аксиома. Екіншіден, болашақ үлкен соғыстарда ядролық қару, химиялық және биологиялық, оның үстіне жаңадан ғылыми жетістіктердің негізінде жасалып жатқан қару-жарақтың қолданылатыны сөзсіз. Үшіншіден, ондай қару-жарақ қолданған соғыстан кейін адамзаттың және жалпы планетамызда тіршіліктің болуы екіталай. Сондықтан әлемдегі саяси лидерлерге Елбасы ұсыныс жасады. Болашақ ұрпақтардың тағдырына байланысты балаларымыз бен немерелеріміздің өмірін сақтау үшін осы мәселелер төңірегінде бас қосып, мәмілеге келіп, бір ортақ шешімге келуге шақырды. 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы мемлекеттер басшыларының конференциясын өткізіп, бәріне ортақ әділеттілік қағидаттарға сүйену арқылы ХХІ ғасырдағы бейбіт әлем бағдарламасын қабылдау және оның қалыптасқан негізгі қағидаттарын бекітіп және сол қағидаттарды негізге ала отырып, қазіргі әлемде болып жатқан қантөгістерді біртіндеп азайту, тоқтату және мүлдем қантөгістерге апармайтындай жағдайға келтіруді ұсынды. Бұл манифест Елбасымыздың әлемдегі ең тәжірибелі және ең беделді тұлға екендігін тағы да көрсетті. Камал БҰРХАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор.Келесі саммиттің біздің елімізде өткенін қалаймын
АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен ІV Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит делегаттары алдында сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жоғары жиырма мемлекеттің қатарында екендігіне ерекше назар аударды. Шынында да, Қазақстанда ұлттық деңгейде нақты ядролық қауіпсіздік бойынша бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылған. Ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесінің жетілдірілгені өз алдына, ядролық және радиоактивтік материалдарды идентификациялау орталығын құру жөнінде жұмыстар да қауырт жүргізілуде. Осының бәрін тізбелей келіп, Мемлекет басшысы: «Алматыдағы Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары төмен байытылған отынға көшірілді. Ел аумағындағы Ұлттық ядролық орталықтағы осындай жобаны жүзеге асыру жеделдетіледі. Ядролық нысандардың бәрі МАГАТЭ-нің жан-жақты бақылауында тұр», – деп мәлімдеді. Саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық полигоны жабылған соң Невада мен Қытай Халық Республикасында сынақтардың тоқтатылғанына назар аударды. Яғни, біз бұдан Қазақстан халқы мен оның Көшбасшысының әлемді тажал қаруынан тазарту сынды ұлы да сауапты іске қандай зор үлес қосып келе жатқанын уақыт өткен сайын тереңдей сезіне түсеміз. «Біз бұрынғы полигон аумағындағы халықты сауықтыру және жер мен суды зарарсыздандыру жөніндегі жүйелі халықаралық көмек аясын кеңейту мәселесін қойдық, өйткені, Қазақстан осы қасіретпен жалғыз өзі бетпе-бет келіп отыр. Мен елдердің көшбасшыларын, әсіресе, Орталық Азия ядросыз аймағының кепілі саналатын бес державаның басшыларын, сондай-ақ, ядролық жойылудың суицидтік қатерін болдырмау жөніндегі әлемдік мақсатты құптайтын мемлекеттердің мәртебелі делегацияларын Полигонның жабылуының 25 жылдығына арналған еске алу шарасына шақырамын, – деді Қазақстан Президенті. Жаһандық жиында сөйлеген сөзінің соңында Қазақстан Президенті саммит өткізу жөніндегі Барак Обаманың бастамасы жалғасын табуға тиіс екенін атап өтті. «Қазақстанның осындай іс-шара өткізуге моральдық құқығы бар деп ойлаймын. Бұл полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқан елге деген ризашылықтың белгісі болар еді», – деді Мемлекет басшысы. Өз басым Елбасының бұл ұсынысын қуана құптаймын. Мұның өзі әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанымыздың абырой-беделінің, бейбітшілік сүйгіш имиджінің қаншалықты өскенін байқатады деп сеніммен айта аламын. Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, саясаттанушы, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты. Қарағанды облысы.Қазақстан – ядролық қарусыз әлем орталығы
Америка Құрама Штаттарында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жариялаған манифесін толық қолдаймын және ондай қимыл орынды да жөнді деп есептеймін. Біздің Президентіміздің осындай бастама көтеруге жөні де, құқы да бар деп ойлаймын. Оның тарихи негіздері және түсіндіретін жерлері бар. Кеңестік кезеңде біздің республикамыз ядролық қарудың аса қуатты базасы болды. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленді. Біз ядролық қуаты жағынан тек Ресей, АҚШ және Қытайға ғана жол бердік. Оны әлем біліп отырды. Қазақ жерінде 1949 жылы ашылған қанқұйлы Семей ядролық полигоны орналасты. Ол үш облыстың – Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының тоғысқан жерінде қоныстанған жүздеген мың адамның денсаулығы мен өміріне қаншама қасірет әкеліп, орасан зор зиян келтірді. Бұл полигонда жер астында, жер бетінде және ауада 500-ге жуық ядролық сынақ жасалды. Мамандардың айтуы бойынша, атом жарылыстарының жалпы қуаттылығы 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып кетті. Әлемдегі ядролық қарулар сынағының 24%-ы біздің полигонның еншісіне тиді! Бізге белгілі мәліметтер бойынша, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, әскери кезекшілігінде ядролық оқтұмсықтары бар 100-ден астам зымыран қалғандықтан, біздің республикамыз автоматты түрде ядролық державаға айналды. Республиканың аэродромдарында зымырандармен бірге 40 стратегиялық бомбалаушы авиация орналасты. Біздің территориямызда 1040 құрлықаралық баллистикалық зымырандарға арналған ядролық оқтұмсық және әуеде орналасатын қанатты зымырандарға арналған 370 оқтұмсық болды. Оның, жас және тәуелсіз республика үшін елеулі қауіп төндіргені сөзсіз. Сонымен бірге, оларды ұстап тұру үшін орасан зор қаржылай және адам ресурстары қажет еді. Ядролық державалар тарапынан да қауіп ұлғая түсті. Осы бір шетін мәселені: ядролық қаруды сақтап қалу керек пе, әлде жою керек пе деген мәселені шешу үшін түбегейлі әрі шұғыл шаралар қажет болды. Қазақстан екінші жолды таңдады. Өйткені, Елбасының пікірінше, «ядролық жанжалдың нәтижесі тек қана дұшпанды құртып жіберу емес. Ең бастысы, іс жүзінде сол мемлекет жерінің өзі өмір сүру үшін мүмкін емес жерге айналады». Елдің тізгіні өзіміздің қолымызға тигеннен кейін, өзінің тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап Қазақстан дүниежүзінің барлық елдерімен бейбіт әрі мейірбан қарым-қатынаста болу саясатын ұстанды. Осы туралы біздің Президент «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай деп жазды: «Қазақстанның ядролық қарусыз аймақ атануын сөз етсек, біз айтқанымызда тұрдық. Қазақстан – дүниежүзінде ядролық сынақ алаңын жапқан бірден-бір мемлекет». Сондықтан да Президенттің Жарлықтарының ең алғашқыларының бірі ядролық қарудан бас тарту болды. Бұл біздің еліміздің бейбітшілік сүйгіш саясатының көрінісі болды және әлемдік қоғамдастық тарапынан оң бағасын алды. Біздің Президентіміз ядролық клубтың мүшелері, ең алдымен АҚШ, Қытай және Ресейдің алдына: есесіне біздің ұлттық қауіпсіздігімізге, шекарамыздың қол сұғылмайтындығына және территориялық тұтастығымызды қамтамасыз етуге кепілдік болуы керек деген қатаң талап қойды. Бұл талап орындалды. 1996 жылы Қазақстан ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа мүше болды. Ал 2000 жылы Семей ядролық полигонындағы соңғы ұңғыма жойылды. 2006 жылы Семейде тағы бір маңызды оқиға болды: Орталық Азияның 5 республикасының сыртқы істер министрлері Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазақстан бұдан былай да таратпау және ядролық қарусыздану саласындағы саясатын жүргізе береді. Қазақстан басшылығының бастамасы бойынша 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы тарихи қарар қабылдады. Дәл осы күні 1991 жылы біздің республикамыз біржақты түрде Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатқан болатын. Әлемдік державалардың көшбасшылары Қазақстан Президентінің антиядролық қадамдарына оң бағасын берді. Ядролық қарудан бас тартқандығының арқасында Қазақстан өзін бейбітшілік сүйгіш ел ретінде мәлімдеді. Әлемдік қоғамдастықтың көз алдында еліміздің абыройы асқақтады. Біздің Президентіміздің рейтингі ғаламдық деңгейге көтерілді. Территориялық тұтастық пен шекарамыздың мызғымастығына төнетін қауіп сейілді десек болады. Енді бізге басқа мемлекеттердің ядролық зымырандары бағытталмайды деген сенімдеміз. Қазақстан күрделі де қымбатқа түсетін инфрақұрылымы бар ядролық қаруды ұстауға кететін орасан зор қаржылық ресурстарды үнемдеп, тұтасымен бейбіт әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бет бұрды. Осы бір қиын-қыстау күндер турасында Елбасы: «Біздің ядролық қарусыз мемлекет атанғанымызды сынайтындарды мен еш түсіне алмаймын. Ядролық қару ұстау үшін орасан зор қаражат пен жоғары дәрежелі маман керек. Бізде оның екеуі де жоқ. Оны былай қойғанда, ядролық қаруға ие болу деген сөз қай кезде қопарылып кетері белгісіз қатер ошағының үстінде отыру және басқа біреудің дәл саған қарай нысаналап қойған ядролық жебесінің сұғында отыру деген сөз. Сондықтан да, кейбір адамдар өз жеріміздегі ядролық қаруды ешкімге бермейміз деп даурыға бастағанда, мен қарадай күйзеліп біттім. Ондай даңғойлар әбден уланып біткен Семей жерін көрмейді, қарадай қыршынынан қиылып, қарадай мүгедектікке ұшырап жатқан жазықсыз жандардың тауқыметін түсінбейді», – деп жазды. Әлемдік державалардың көшбасшылары Қазақстанның ядролық қарусыздану бастамаларына өте жоғары баға берді. Мысалға, кезінде Барак Обама Президент Н.Назарбаевқа келесідей мінездеме берді: «Президент Назарбаев таратпау және ядролық қауіпсіздік мәселелерінде әлемдегі үлгі тұтарлық Көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан – ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қалай қол жеткізуге болатындығын көрсеткен елдің тамаша үлгісі». Ал Елбасының АҚШ-та жариялаған манифесі – еліміздің осы салиқалы саясатының жалғасы. Президент әлемді тағы да өзіне қаратып, ядролық қарудың қаупін азайтуға әлемді шақырды, нақты ұсыныстарын жасап қомақты үлесін қосты, жаһандық қауіпсіздік кепілі – күш біріктіру екенін анық жеткізді. Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, «Халықтар келісімі» қоғамдық қорының директоры. АСТАНА.Баламасы жоқ бастама
Әлем тынышсыздықты бастан кешуде. Дүниежүзінің әр-әр жерінде соғыс өрті өршіп, бейбіт адамдар өлуде, қан төгілуде. Діни экстремизм мен терроризмнің көріністері белең алуда. Мен Ауған соғысының азабын шеккен азамат ретінде осылардың қай-қайсысына да қарсымын. Қарумен әділеттілік орнамайтынын сол соғыстың өзі көрсетті емес пе? Біз соғысты көрген әкелердің ұрпағымыз, өзіміз де соғыс қаншалықты қайғы әкелетінін бір кісідей білеміз десек, артық айтқандық болмас. Сол соғыста қаншама жас қыршынынан қиылды, қаншама ана баласын жоғалтты. Қан-қасап қырғынның ауыртпалығын айтуға ауыз бармайды. Біз қазіргі жұмысымызда осындай қайғының алдын алуға болатынын айтып, бейбіт өмірдің мәнін түсіндіріп келеміз. Солай болуы да керек. Әйтпесе, әлемде бейбітшіліктің берекесі кетеді, тұрақтылықтың тұғыры қозғалады. Біздің елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы қай мемлекеттің де басшысына өнеге боларлық. Адамзаттың бейбіт өмір сүру қағидасын басшылыққа алған еліміздің әлемдік беделі арта түсуде. Бейбітшіліктің өркен жаюы тек ядролық қарудан бас тарту арқылы ғана емес, өркениетті мемлекеттердің өзара түсіністігімен келетінін Қазақстан әлемге мойындатып отырғаны шындық. Ядролық сынақтың тақсыреті біздің елімізде әлі де білінуде. Себебі, сынақ жарылыстары болған жылдары Қазақстанда 1,5 миллион адам оның зардабын шеккені ресми деректерден белгілі. 300 мың шаршы метр болатын сынақ алаңында жерүсті, жерасты және әуе кеңістігінде 456 жарылыс жасалды. Еуропаның Германия сынды бір мемлекеті сыйып кететін аумақтағы осыншалықты жарылыстың зардабын жергілікті халық тартудай-ақ тартты. Семейден басқа Қазақстанның аумағында тағы да бірнеше өңірде ядролық жарылыс болғаны ақиқат. Олардың ішінде «Капустин-Яр», «Азғыр», «Ембі-5», «Нарын», «Тайсойған» секілді елді мекендерде жүйелі түрде жоғары деңгейде сынақтар болып тұрған. «Капустин-Яр» кешені мен «Азғыр» полигонында 29 ядролық жарылыс жасалған. Қазір сынақ түріндегі 10 жарылыстың алтауы Қарашығанақта, үшеуі Маңғыстау облысында, он бірі облыстың Байғанин ауданында жасалғаны анықталып отыр. Осыған қарап, Қазақстандағы атом апатының қауіптілігінің қаншалықты дәрежеде екенін аңғаруға әбден болады. Сынақтар тоқтатылғанымен сол жарылыстардың зардаптары әлі де сейілген жоқ. Сондықтан ядролық жарылыс болған аймақтарды залалсыздандыру, сынақтардан зардап шеккен адамдарды сауықтыру, атомды бейбіт мақсатқа пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты шаралар алуда Қазақстан өзіндік өнеге көрсетуде. Жалпы, ядролық жарылыстарға тыйым салынды. Алайда, оның зардаптары әлі толық жойылған жоқ. Оның адам денсаулығына деген зиянын сейілтпейінше бұл бағыттағы жұмыстар да тоқтамақ емес. Бұл елдің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы үшін маңызды. Ядролық қарудан азат әлем құру мақсатына жұмылу адамзаттың асыл міндеті болуы тиіс. Бұл бағытта біздің бәріміздің қорқынышты қарулар мен ядролық сынақтарды болдырмау жолында өзіндік ұстанымымызды білдіруіміз ұтымды болмақ. Сондықтан көшбасшы мемлекеттердің басшылары түсіністік танытуы, күш біріктіруі қажет. Елбасы Н.Назарбаевтың АҚШ-та өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте әлем үшін өзекті мәселеге дүниежүзінің назарын аударуы тегін емес. Осылай болғанда ғана, әлем тыныштықтың алтын бесігінде тербеледі. Бұл дүниежүзінің әр түкпіріндегі әр азаматтың қаперінде болуы тиіс деп ойлаймын. Ғұмар ГАЛЕЕВ, Ауған соғысының ардагері, «Оқшау соғыс қимылдарына қатысушылардың жауынгерлік бауырластығы» облыстық қорының құрылтайшысы. Ақтөбе облысы.Әрине, еліміз үшін мақтанамыз
Елбасының АҚШ-та өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің бірінші сессиясына қатысқанын, сол жиында сөйлеген сөзін – бәрін де «Егеменнен» оқып-білдім. Біздің еліміз 50-ден астам мемлекет қатарында саммитке қатысыпты. Әлем назарын тігіп отырған беделді, мәртебелі жиыннан еліміздің ойып тұрып орын алғанына өзін қазақстандықпын деген әрбір азамат қуанары сөзсіз. АҚШ-та өткен саммит делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығында тұрғандығына қатысушылардың назарын аудартыпты. Осы күндері елімізде ядролық қауіпсіздік бойынша бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын, ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесінің жетілдірілгенін атап көрсеткен. Сөйтіп, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Қазақстанның бейбітшілікті жақтаған үнін бүкіл әлем естіді. Еліміз қауіпсіздік, интеграциялану үдерісінде, дін, ұлт, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында халықаралық қоғамдастыққа да беделі айқын. Осы саммит барысында ядролық қару-жарақтардан арылған бейбіт өмір сүріп жатқан ел екендігіміз паш етілді. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі 2010 жылдан бері 2 жыл сайын өткізіліп келе жатқан саммитке тұрақты қатысушы. Біздің еліміз де әлемдегі қауіпсіздіктің берік тұғырын, тұрақты моделін орнатуға үлес қосып келеді. Елбасының Вашингтонға осы жолғы сапары еліміздің әлемдегі антиядролық қозғалыстағы жетекшілігін тағы бір мәрте көрсетті. Біз еліміздің биік мәртебесі үшін қуанамыз. Мысалы, бұрын-соңды болмаған Төмен байытылған уран банкінің еліміз аумағында құрылуы да ерекше бастама. Бейбіт атом энергиясы адамзатқа қызмет етеді деген сөз. Ал АҚШ сияқты алып ел Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің бірі екені белгілі. Егемен еліміз Елбасы саясатының арқасында әрқашанда халықаралық қатынастарда байсалды, сабырлы, абыройлы, сыйлы, беделіне нұқсан келтірмейтін көрегенді саясат ұстанады. Өзге елдер Қазақстанды әлемдегі ядролық қауіпсіздіктің белсенді жақтаушысы деп таниды. Сәуле ОСМАНОВА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы. Павлодар облысы.Ұстанымнан айнымаймыз
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ, біз еркін демократиялық қоғамды дамытудың жедел бағы