Жаңғырту жобаларының жемісі
Өңірлік коммуникация қызметінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Республикалық, облыстық, қалалық және аудандық БАҚ өкілдері қатысқан жиында мәлім болғандай, өңір экономикасының жалпы көрсеткіштерінде өсім бар. Биылғы І тоқсанның қорытындылары бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 500 млрд. теңгеден асып, 102 пайыз өсімді құрады.
Ұлт Жоспарында көрсетілген 5 реформа аясында атқарылған жұмыстарға жекелеп тоқталған облыс басшысы алғашқы сөзді кәсіби мемлекеттік аппарат құру шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік аппарат тиімділігін арттыру, мамандар біліктілігін жоғарылату, билік органдарындағы адамдардың адалдығы мен тазалығын сақтауға ерекше көңіл бөлінгенінен бастады.
Ең басты мәселе – кадр. Білікті маман барлық мәселенің түйінін шешеді, деген облыс басшысы Күршім, Ұлан, Катонқарағай, Бесқарағай аудандарының жаңадан тағайындалған әкімдері «А» тобының талаптарынан табылғанын, мемлекеттік қызметке білікті мамандардың келуіне жаңа реформаның жол ашқанын жеткізді.
Заң үстемдігін қамтамасыз ету шараларына тоқталу барысында сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту шеңберінде құрылған жергілікті полиция қызметінің жедел әрі дер кезінде қимылдауы үшін учаскелік инспекторларға 100 автокөлік сатып алынатынын жеткізді. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 285 миллион теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті полиция қызметін қоғам тарапынан бақылау мен оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін облыс орталығы мен моноқалаларда «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» әзірленді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл картаны кез келген интернет қолданушы жеке басының қауіпсіздігін айқындау мақсатына пайдалана алады. Аталған карта қазіргі кезде Риддер мен Курчатов қалаларында қолданысқа енгізілді.
Облыс экономикасының өрісі келешекте де өнеркәсіптің дамуымен тығыз байланысты болмақ. Сондықтан Индустрияландыру картасының жобалары негізгі тірек іспетті. Облыста 890 миллиард теңгеге 76 жоба жүзеге асырылуда. Осы жылға дейін 225,7 миллиард теңгеге 48 жоба іске қосылса, ағымдағы жылы 9,7 миллиард теңгеге 10 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде экспорттық нарыққа өнім шығаруға арналған Ақтоғай кен байыту кешені және Өскемен толық циклді автозауыты мен автобөлшектер технопаркінің құрылысын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, 2017-2018 жылдары қолданысқа берілетін Жарма ауданындағы Бақыршық кен байыту кешені, Бесқарағай ауданындағы кобальт-никель өнімдерін алу зауыты, Зырян ауданындағы Тұрғысын гидроэлектр стансасының құрылыстары да маңызды жобалар қатарында.
Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін шығыс өңірінде ғылымға негізделген экономика құру қадамдары қолға алынды. Қазіргі кезде технологиялық үдерістерді оңтайландыру және экономиканың тиімді жаңа бағыттарын дамыту мақсатында 5,4 миллиард теңгені құрайтын 10 маңызды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар атқарылып жатыр. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бұл жобаны қаржыландыру бағдарламасы әзірленуде.
Мақсатымыз – өндірісті әртараптандырумен бірге, инновациялық тұрғыдан жасақтау болуы тиіс. Елбасы тапсырмасы бойынша, біз ғылымды қажет ететін экономика құру жолына түстік. Осы бағытта өңірдің әлеуетін толық деңгейде пайдалануды көздеп отырмыз. Шетелдердің ғылыми жетістіктеріне шаттана бермеуіміз керек. Бізде ғажап адамдар, дарынды ғалымдар, білімнің мол қоры бар, деген өңір басшысы әлемде 5 тантал өндіретін зауыт бар екенін, оның бірі Өскеменде орналасқанын, сондай-ақ, титанның тіс емдеу емханаларында кеңінен қолданысқа ие екенін, оның өңделген материалын 10 есе қымбатқа сатып алғанша, өзімізде өндірудің әлдеқайда тиімді екенін айтты.
Мәселен, томографиялық құрылғыларды толық жасамай, оның бір бөлшегін өндірудің өзі өнімді әлемдік нарыққа шығаруға жол ашады. Өңірде қолға алынған жобалар медицина, мұнай-газ саласының дамуына және өндірістің технологиялық қалдықтарын өңдеуге және тиімділігі төмен кендерден құнды металл алуға бағытталып отыр. Даниал Ахметовтің айтуынша, бұл жобалар өңір кәсіпорындарына енгізілген соң ел экономикасымен бірге, тұрғындардың өмір сүру деңгейіне де оң әсер ететін болады. Жаңа өндіріс тәжірибесі пайда болып, жұмыс орындары ашылады, жүздеген миллиард теңгенің жоғары технологиялық өнімі алынады, өңірдің экологиялық ахуалы да жақсарады.
Аймақ басшысы мемлекеттік ресурстардың қажетті инфрақұрылымға жұмсалатын шығындарын азайту мақсатында мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағдарламасын жүзеге асыруға ден қойылып отырғанын жеткізді. Нәтижесінде, биыл облыстың мемлекеттік инвестицияларға шаққандағы даму бюджеті 2015 жылмен салыстырғанда 38 миллиард теңгеге төмендеді. Бұл орайда Еуропа қайта құру және даму банкі, халықаралық даму институттарынан қаржы тарту міндеті қойылды. Соңғы 3-4 айдың ішінде облыстағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша Еуропа Қайта құру және даму банкімен 22 миллиард теңгені құрайтын келісімдерге қол қойылды.
Облыста 135 миллиард теңгені құрайтын 23 концессиялық жоба аяқталуға жақын. Осы негізде Өскемен мен Семей қалаларының өзінде 11 балабақша құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жекеменшік балабақшаларды ашу үрдісі байқалуда. Мәселен, өткен жылы 2645 орынға арналған 28 жекеменшік балабақша ашылды. Осы бағдарлама негізінде соңғы ширек ғасыр бойы көтеріліп келе жатқан Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын салу жоспарланып отыр. Облыс әкімі көптеген инвесторлар қызығушылық танытып отырған әлеуметтік маңызы жоғары ірі нысанның құрылысы жақын арада басталатынына сенім білдірді.
Ұлт Жоспарына сәйкес, құрылыс саласында да тың өзгерістер байқалуда. Рұқсат алу құжаттарын ұсыну 15 жұмыс күніне дейін қысқарды. Негізгі назар жалдамалы және несиелік тұрғын үй құрылысына арналып отыр. Ағымдағы жылы 322,5 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек, оның ішінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы 126 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі.
Жолдар – қай елдің болмасын өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. 58 қадамға сәйкес, ағымдағы жылы біз толық жөндеу жұмыстарына кететін шығынды орташа жөндеу жұмыстарына ауыстырдық. Бұл 10,6 млрд. теңгеге 387 шақырым жолды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, демалыс базаларына баратын бағыттар бойынша Сібе көлдері, Алакөл, Бұқтырма су қоймасы, «Көгілдір бұғаз» аумағы, сонымен қатар, Өскемен мен Семей, Аягөз бен Ақсуат араларындағы жолдар жөнделеді, деді облыс әкімі.
«ҚазАвтоЖол» Астана – Өскемен бағытындағы Орталық – Шығыс халықаралық көлік дәлізін, сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша республикалық Алматы – Өскемен автожолын қайта жөндеуден өткізуді Қытайдың Эксим Банкінен несие алу арқылы жалғастыру мәселесін қарастыруда.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімі екі сағатқа жуық уақыт өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін бағдарламалар мен жобалардың, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жобалар туралы кеңінен әңгімелеп, тілшілердің сауалдарына жауап берді.
Өскемендік автокөлік өндірісі өткізу нарығын кеңейтуде
Ет өндіруге екпін беріледі