АСТАНА. 9 сәуір. Ақын, қоғам қайраткері, «Мәдениет» қорының президенті Олжас Сүлейменовке Түркияның Эрзурум қаласындағы Ататүрік университетінің «Құрметті докторы» атағы берілді. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ақынға бұл атақ Қазақстан мен Түркияның мәдениетаралық диалогінің дамуына, халықтар арасындағы достықтың күшеюі мен түркология саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін берілді. Сондай-ақ, салтанатты шара Олжас Сүлейменовтың 80 жылдық мерейтойына орайластырылды. Жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Эрзурум губернаторы Ахмет Алтыпармақ пен Түркияның қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Бүгінде Түркияның ең ірі жоғары оқу орындарының бірі саналатын Ататүрік университетінде 72 мыңға жуық студент 23 факультетте білім алады. Мерейтойға қатысқан студенттер кештің қызықты өткенін, ақынның өлеңдерін сүйіп оқитынын айтты.
«Олжас Сүлейменов Қазақстан мен Орта Азия елдерінде ғана емес, Түркияда да танымал. Біз жастайымыздан ақынның шығармаларын оқып, рухани қазынасынан сусындап өстік. Міне, қайраткермен жүздесу бақытына да ие болып, қуанып жатырмыз», – деді университет студенті Волкан Йешилай.
Сондай-ақ, Олжас Сүлейменов Түркия премьер-министрінің бірінші орынбасары Тұғрыл Түркешпен кездесті. Басқосуда қоғам қайраткері адамзат өркениетіне түркі халықтарының қосқан үлесі жайлы ой қозғап, «Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдығына орай шығарылған, мерейтойлық төсбелгіні табыстады. Ал ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымында ақынның түркітілдес халықтардың тіліне аударылған өлең жинағы көпшілікке таныстырылды.
Шара соңында Олжас Сүлейменов: «Жастармен кездесіп, ерекше шабыт алдым. Бәрі шетінен білімді, алғыр. Біздегі қатарластарымен салыстырып, ортақ ұқсастықтары көп екенін аңғардым. Мұндағы менің достарым, оның ішінде көпке белгілі зиялы қауым өкілдері алдағы мерейтойыма орай бірнеше жиын өткізіп, тосынсый жасады. Жиылған көпшілік маған деген ақ тілектерін жаудырды», – деді.
Талғат Райымбек.
Дерек: 24.kz.
Фото: Kazakh.ru.