11 Сәуір, 2016

Қостанайда екінші рет «Дәулетова оқулары» конференциясы өтті

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
11-04-2016-kitapchana1ҚОСТАНАЙ. 11 сәуір. Қостанайда Қазақ КСР еңбек сіңірген кітапханашысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нәзира Дәулетованың 90 жылдығына арналған ІІ «Дәулетова оқулары» өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Шараға облыстағы аудандар мен қалалар кітапханалары басшылары, мәдениет саасының қызметкерлерімен қатар Нәзира Дәулетованың балалары мен немерелері, Ұлттық академиялық кітапхананың (Алматы қ.) бас мамандары қатысты. Кітапхана мен кітапханашы мамандығының қоғамдағы рөлі мен беделін көтеру және Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың ғылыми мұраларын насихаттау үшін 2014 жылы Дәулетова оқуларын өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Ол Қостанайда екінші рет өтіп отыр. «Дәулетова оқулары» конференциясында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Лариса Сероус, Н.Дәулеттованың қызы Ғалия Жақияқызы, Республикалық ұлттық академиялық кітапханасы ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің менеджері Мұқибек Ауыт құттықтау сөз сөйледі. Республикалық ұлттық академиялық кітапханасының анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету қызметінің жетекшісі Анар Рахимова Нәзира Дәулетованың еңбегіне шолу жасай отырып, елімізде кітапхана ісін заманауи деңгейге көтеруде көп жұмыстар атқарған тұлғаның басшы ретіндегі этикасы мен талап қойғыштығы бүгінгі мәдениет саласы қызметкерлеріне үлгі екенін айтты. Ол академиялық ұлттық кітапхана қорынан облыстық әмбебап кітапханаға сирек кітаптар  сыйлады. Одан кейін Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітпаханасының директоры Дариға Дүйсебаева облыс өңіріндегі кітапханалардың Дәулетова дәстүрін жалғастырып отырған бүгінгі жұмысын баяндап берді. Одан кейін Алтынсарин мемориалдық мұражайының қызметкері Шектібаева Нәзгүл, Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ғылыми қызметкері  Ұрқия Рысжанова, тағы басқалар сөз алып, халқымыздың Қостанай өңірінен шыққан  рухани тұлғаларының кітапханаларда насихатталуына, өзге де  маңызды мәселелерге тоқталды. Конференция соңында Н.Дәулетова атындағы «Жыл кітапханашысы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Конференцияға қатысушылар кітаптар көрмесін де тамашалады. Дәулетова оқулары алдағы жылдары да жалғасын табатын болады. Келесі жылы эстафетаны Солтүстік Қазақстан облысы алады. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, фото: egemen.kz. 11-04-2016-kitapchana2