Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Иранға ресми сапары басталды
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің шақыруы бойынша ресми сапармен Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранға келді. Елбасын Иран басшысы сән-салтанатымен ең құрметті меймандарды қарсы алатын «Саадабад» кешенінің «Жумхури» сарайында қабылдады.
Екі елдің басшылары екеуара әңгіме барысында қазіргі таңдағы халықаралық және аймақтық саяси мәселелер жайында пікір алысып, оларды саяси және бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктерін қарастырды.
Екі ел көшбасшылары Хасан Руханидің Астанаға 2014 жылғы қыркүйектегі мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін де қозғады.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Х.Рухани өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке қатысты өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті еліміз Иранмен әрдайым достық қарым-қатынаста болғанына назар аударды.
Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевтың Тегеранға бұл жолғы сапары Қазақстан-Иран ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысының Иран Ислам Республикасына ресми сапары кеңейтілген құрамда жалғасты. Келіссөздер барысында ортақ мүдделілік бар бірқатар бағыттардағы перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жүйелі дамып келе жатқанын, сондай-ақ оның аясын кеңейту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан-Иран серіктестігінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету қажеттілігі айтылды.
Жалпы, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа бағытта, жаңаша қарқынмен өрбіді. АҚШ, Батыс елдері Иранға санкция салған кезеңнің өзінде ресми Астана араағайындыққа жүріп, екі жақтың қарым-қатынасына жылымық орнықтыруға бар күшін салды. Бәлкім, соның нәтижесі де болар, үстіміздегі жылдың басында Ираннан санкцияны алып тастау туралы шешім қабылданды.
Бұл туралы сол кезде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасаған еді: «Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарының (ЖБІЖ) орындалуы және осыған орай БҰҰ-ның Иранға қарсы санкцияларын алып тастауы халықаралық қатынастарда жаңа кезеңнің басталуын белгілеп, қауіпсіз әлем құру жолындағы аса маңызды сындарлы қадам болып табылады», делінген мәлімдемеде. Сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясат ведомствосы сабырға басымдық берген келіссөздер мен дипломатиялық консультациялар ең бір өзекті деген жаһандық, сондай-ақ, өңірлік мәселелерді шешудің бірден-бір дұрыс әрі тиімді жолы екендігіне де тоқталған-ды.
Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екендігіне қарамастан, соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда айналымы төмендегені көрер көзге бірден байқалады. Аталған көрсеткіш 2010 жылы 1,1 млрд. долларды құраса (экспорт – 1,09 млрд., импорт – 26 млн. доллар), 2013 жылы – 620,5 млн. доллар (экспорт – 538,9 млн., импорт – 81,6 млн. доллар) ғана болған еді, ал өткен жылы 635 млн. доллар (экспорт – 565,5 млн., импорт – 69,1 млн. доллар) деңгейінде қалып қойды. Яғни, бес жылдың ішінде сауда айналымы екі есеге кеміп кеткен.
Әрине, оның өзіндік себептері бар. Тауар айналымы көлемінің осыншама төмендеуі, ең алдымен, Иранға қатысты экономикалық эмбаргоның енгізілуі болды. Бұл өз кезегінде банк секторының қызметін тұралатып тастады. Барлық халықаралық және біржақты санкциялар Ираннан алынып тасталғаннан кейін, шетелдік инвесторлар үшін, оның ішінде қазақстандықтар үшін Иран экономикасының әртүрлі салаларына өз қаржысын салуға үлкен мүмкіндіктер ашылды. Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарына қол қойылуы Иранның дамуындағы және оның сыртқы әлеммен қарым-қатынасындағы жаңа кезең болып табылады.
Иран саяси және экономикалық оқшауланудан шыққаннан кейін дүниенің түкпір-түкпірінен артынып-тартынып Тегеранды бетке алғандар көбейді. Көптен бері бұғаулы тұрған елдің қақпасы әлемге айқара ашылып, экономикалық кеңістіктің жаңа бір көкжиегі пайда болды. Парсы елімен байланысы байырғы кезеңнен қалыптасқан Қазақ елі де бұл жағынан құралақан емес, жыл басынан бері қазақстандық делегация ізді-ізімен Тегеранға табан тіреді. Әуелі ақпан айында Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, іле-шала «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А.Мамин, наурызда Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков бастаған делегациялар ирандық әріптестерімен келіссөз жүргізіп, уағдаластықтарға қол жеткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына осы жолғы ресми сапары да екіжақты қарым-қатынастың көкжиегін кеңейтіп, сауда-экономика саласындағы байланысқа соны серпін беретіні сөзсіз.
Екіжақты қарым-қатынас демекші, осы тұста ерекше атап өтетін бір жайт бар. Былайғы күнде елдің бәрі дос қой, ал нағыз досыңды басыңа іс түскенде ғана танитының анық.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ елі Иранға кешегі оқшаулануға ұшыраған кезде мейлінше қолдау көрсетіп, қажетті жерінде мәмілегерлік қызметін ұсынып, әйтеуір парсы жұртының тығырықтан шығуына қолынан келген көмегін жасап бақты. Иранның басшылығы да қиын сәтте Қазақ елінің қолұшын бергенін бағалай біледі. Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өз еліне арнайы сапармен келіп қайтуға шақыруы да сол себепті. Бұл екі ел басшылары өткізген брифинг барысында да бірнеше мәрте айтылды.
Аталған сапар барысында екі мемлекет басшыларының қатысуымен елдеріміздің түрлі салалардағы өзара қарым-қатынастарын қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін 60-тан астам екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылды. Солардың қатарында ИИР-мен 2026 жылға дейінгі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша кеңейтілген ұзақ мерзімді бағдарламаны, Иранмен 2026 жылға дейінгі «Жібек жолы» бағыты бойынша көлік-логистикалық әлеуетті пайдалану жөніндегі кеңейтілген ұзақ мерзімді бағдарламаны, Тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасын айтуға болады.
Сонымен қатар, металлургия өнеркәсібі, жаңа технологиялар, жаңғыртылатын энергия көздері, ғарышты бірлесіп игеру және инженер-техникалық қызмет көрсету салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі құжаттар бар. Қазақстан Үкіметі мен ИИР Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, Қазақстан мен ИИР арасындағы Құқықтық көмек, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қарым-қатынастар жөніндегі үкіметаралық келісім, Қазақстан мен ИИР үкіметтері арасындағы Сотталған азаматтарды беру және экстрадициялау туралы келісім және т.б. маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойылуына да осы сапар мұрындық болды.
Сонымен бірге, Қазақстан Президентінің Тегеранға сапары кезінде екі тарап арасында жалпы көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асатын сауда-саттық және инвестициялық жобаларға қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ пен «Каве» индустриялық тобы арасындағы кальцийленген сода шығаратын зауыт салу жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісім, ирандық «Так Ай групп» компаниясының Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жылыжай орындарын салу, жеміс ағаштарын, ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөніндегі келісім, қазақстандық «Топан» ЖШС мен ирандық «Электро Кавир» компаниялары арасындағы ИИР аумағында бірлескен кәсіпорын салу жөніндегі келісім, «АЛЗ БАТТ» Сауда ұйымы» ЖШС мен ирандық «K.T. Steel Complex Manufacturing/Import» компаниясы арасындағы болат өнімдерін жеткізу жөніндегі келісім, қазақстандық «Экофарм» мен ирандық «Артим Теджарат Дару» фармацевтикалық компаниясы арасындағы дәрі-дәрмек өндіру және Иранға өткізу туралы келісім, т.с.с. Осындай бірқатар екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қою екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын жаңа деңгейге көтереді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен ИИР Ұлттық даму қоры арасындағы инвестициялық ынтымақтастық туралы меморандум мен «Қазақстан даму банкі» АҚ пен Иранның «Мелли» банкі арасындағы меморандум да екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетіні анық.
Екіжақты құжаттарға қол қойылғаннан кейін екі ел Президенттері өткізген брифинг барысында Қазақстан-Иран арасындағы қарым-қатынастарға жан-жақты тоқталды. Мәселен, Иран Президенті Хасан Рухани өз сөзінде Қазақстан басшысына шақыруды қабыл алғаны үшін ерекше ризашылығын білдірді.
– Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын тәуелсіздігін жариялағаннан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Қазақстан қай уақытта да біз үшін дос, көрші мұсылман елі болып табылады. Қазақстан Үкіметі АҚШ пен Батыс тарапынан Иранға санкция салынған кезде де, ядролық мәселеге қатысты келіссөз барысында да бірге болды. Тіпті, екі кезеңнен тұратын Алматыдағы келіссөз барысында да араағайындық жасады. Сондай-ақ, Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарының (ЖБІЖ) орындалуына үлкен көмек қолын созып келеді, – деді Иран Президенті.
Хасан Рухани өз сөзінде қазақстандық делегацияның сапары барысында мемлекеттік және жеке сектордағы қарым-қатынасты кеңейту бағытында жалпы саны 66 құжатқа қол қойылғанын, екіжақты визалық режімді жеңілдету, екіжақты сауда қатынастарын дамытуға ілгері қадам жасалғанын атап өтті. Екеуара әңгімеде де, кеңейтілген құрамда өткізілген келіссөз барысында да біз ауыл шаруашылығы секторын дамыту туралы мәселені талқыладық. Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да уағдаластыққа қол жеткізілді. Ғылым мен мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Ал, мұнай мен газ, мұнай химиясы саласы, мұнай өнімдеріне келетін болсақ, бұл салада да пікіріміз ортақ болып шықты. Сондай-ақ, екі жақ та теміржол саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсу керектігіне уағдаластық. Үш елді – Қазақстан – Түрікменстан – Иранды байланыстыратын теміржол әрі қарай енді Қытай жолына қосылады, деді Иран Президенті.
Сондай-ақ, Иран басшысы екіжақты келіссөз барысында Каспийге қатысты барлық бағыттар талқыланып, оның экологиясын қорғау, әсіресе, Каспийдің құқықтық мәртебесіне қол қою сөз болғандығын тілге тиек етті. Өңірлік ынтымақтастыққа қатысты мәселелер де талқыланып, экстремизм мен терроризм үлкен қатер төндіретініне байланысты екі жақтың пікірі де ортақ, бір-біріне жақын екендігін аңғардық. Ирактағы, Ауғанстандағы, Сириядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы атап көрсетілгені, Йемендегі соғысты тоқтату, барлық дағдарысты тек саяси шешім арқылы реттеуге болатыны айтылды.
Алдағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ыстамбұлдағы саммитіне екі елдің қатысуы талқыланып, екі тарап та саммитте мұсылмандардың бірлігі туралы тоқтамға келді, деп қорытындылады сөзін Хасан Рухани.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде ең алдымен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханиге, Иран халқына қонақжайлық көңілі мен құрметі үшін алғысын жеткізді.
– Бұл кезеңді өте тарихи кезең деп санаймын. Иран халқын, оның Президентін ұлы жеңістерімен құттықтаймын. Ядролық мәселенің шешілуі, Ираннан эмбаргоның алынуы халықтың алдында, болашақтың алдында үлкен-үлкен мүмкіндіктер ашады деп санаймын, – деп бастады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы өз сөзінде қандай қиын кезеңде де өзінің принципінен айнымағандығын атап өтті. «Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай барлық уақытта Иранмен ешбір қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Жоғары деңгейде ұстадық. Қанша жағдайда қарсылық, эмбарго болса да Қазақстан Иранға деген өзінің шын көңілінен, ыстық пейілінен ешуақытта ажыраған жоқ. Бүгін екеуара, кеңейтілген құрамда келіссөздер өткіздік. Екіжақты келіссөз барысында 66 құжатқа қол қойылды. Олардың жалпы сомасы 2 миллиард доллардан артық деп санаймыз. Оның үстіне, тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым-білім, медицина салаларында біршама құжатқа қол қойылды», деді Елбасы.
Қазақстан Президенті өзі сөзінде бертінге дейін көлік жүйесі кедергі болып келгендігін, Президент Руханидің тікелей қатысуымен Қазақстаннан Түрікменстан арқылы Иран мен Бандербасқа шығатын теміржол салынғанын, оның қазірдің өзінде іске қосылып, Шығыс Қытайдан Иранға бірінші контейнерлік пойыз 12 тәулікте келгендігін жеткізді. Теңіз арқылы ол 2,5 есе көп уақыт алар еді. «Біз өңірлік ахуалды көп талқыладық. Біздің пікіріміз бір жерден шықты. Терроризмге қарсы күресте бүкіл дүние болып бірігуіміз керек. Себебі, ол бәрімізге қауіп төндіреді. Лаңкестік дегенді мұсылмандықпен бірдей деп санауға қарсы күрес жүргізуіміз қажет. Ислам уммасының бірлігін сақтауымыз керек. Біздің ойымызша, Сауд Арабиясы мен Иран арасында ешқандай түсініспестік болмағаны жөн. Екі арадағы мәселені келіссөздер арқылы шешуге болады деп санаймын», деді Қазақстан Президенті.
Сөзінің соңында Елбасы ирандық әріптесіне тағы бір мәрте ризашылығын білдіріп, Иран Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Сондай-ақ, Елбасы Иран Ислам Республикасының рухани көшбасшысы Әли Хаменеймен кездесті. Кездесу барысында екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иран халықтарын ежелден қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және рухани қарым-қатынас байланыстыратынын айтты.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасып, терроризммен және экстремизммен күрестің маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Әли Хаменей Қазақстан-Иран қарым-қатынасының сауда және инвестиция, бірлескен жаңа жобалар жасау салаларындағы даму қарқынына қанағаттанушылық білдіріп, осының бәрі екі елдің халқының достығын нығайту жолындағы берік негіз қызметін атқаратынын айтты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына ресми сапарының алғашқы күнін елдің абыройын асырған, қос елдің келешектегі байланысына серпін беретін күн деп бағалауға болады. Қазақ елінің халықаралық беделін айтпағанда, екіжақты сауда-экономикалық байланыстар арқылы отандық экономиканың да өрісі кеңейе түспекші.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» –
Тегераннан (Иран).
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.