12 Сәуір, 2016

Чернобыль ерлеріне

379 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
еңселі ескерткіш орнатылады Қарағандыда өткен қала құрылысы жөніндегі кеңестің отырысында Чернобыль атом электр стансасында болған алапат апаттың 30 жылдығына орай, жарылыс зардаптарын жоюға қатысқан ерлердің құрметіне облыс орталығында қойылатын сәулеттік-мүсіндік құрылымның жобасы талқыланды. Өткен ақпан айында «Чернобыль ардагерлерінің облыстық одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері облыс әкімінің жеке қабылдауында болып, Чернобыль қаһар­ман­дарына ескерткіш орнату туралы өтініш білдірген болатын. Бұл өтінішті аяқсыз қалдырмаған өңір басшысы қоғамдық бірлестік мүшелерімен арнайы кездесіп, отырыс ұйымдастырды. Басқосу барысында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты апат зардаптарын жоюға қатысушы, отставкадағы генерал-майор Янис Дуда хабарлама жасады. Одан кейін сәулеттік-мүсіндік құрылымдар жобаларын әзірлеушілердің ақпараттары тыңдалып, Владимир Троценко және Игорь Баграмов әзірлеген ескерткіш жобасының екі нұсқасы талқыға түсті. Отырыс барысында кеңес мүшелері Игорь Баграмов жасаған ескерткіш жобасын бекіту туралы бірауыздан шешім қабылдады. Кеңес қорытындысында облыс басшысы Нұрмұ­хамбет Әбдібеков Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровке аталған ескерткіш құрылысының жұмыс барысын бақылауға алуды және оны апаттың орын алға­нына 30 жыл толатын биылғы атаулы жылы тиянақ­тап, мемориалдың ашылу рәсімін Қазақстан Республи­касының Конституция күні қарсаңына жоспарлауды тапсырды. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.