12 Сәуір, 2016

Жақсылыққа құштар жазушы

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
12472615_241249379562524_5449045756964360752_nӨткен сенбі күні Ұлттық академиялық кітапханасында «Бұл кітап әлемі...» атты кітап айлығы аясында көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов және В.Пикуль атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досановпен кездесу болып өтті. Кеш барысында танымал қаламгердің балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі жүріп өт­кен жолындағы қуанышы мен қайғысы, қызығы мен шы­жы­ғы, тіпті, небір тылсым сыр­ларға толы таңғажайып әлеміне саяхат жасалды. Таяуда ғана шетелде ота жасалып, дәрі­герлердің біраз күтіну керек,  деген ескертпесін елемес­тен, елор­далық оқырманымен қа­у­ы­­­шуға Алматыдан ат арытып жеткен жазушының әңгімесі мен оның түрлі оқиғалармен бетпе-бет келуі, шындығында, кеш қонақтарын ұйытты десем, асырып айтқандық емес. Журналист болуды аңсаған балаң жігіттің жазушылық өмірге қалай ойысқаны, одан кейінгі әдебиет майданында кезіккен небір жақ­сылы-жаманды жағдаяттар, жаз­ған көркем дүниелердің қа­лай, қайтіп тууы, т.б. жөнінде өр­біген әңгімелер тыңдарманның құлағына майдай жақты. Зиялы қауым өкілдері қалам­гердің әдебиеттегі алар ерекше орнына, шығармашылық жетістіктері мен азаматтық қыр­ларына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, Сәбит Досановпен бірге бастан өткізген әр кезең­дерді еске алысып, тұшымды әңгімелер қозғады. Оның бойын­дағы адаммен тез тіл табысқыш, бауырмал қасиеттерін кейінгі жастарға үлгі-өнеге ретінде айта отырып, әрдайым жақсы, игі іс жасауға жаны құмартып тұратын қайраткер ағаның сегіз ажалдан аман қалуы осындай жақсылықтарының қайтарымы болар деп топшылады. Жақсылық жасау – жан жадырататын сауапты іс. Осы қасиет арқылы жас та, кәрі де өзінің мақсат-мүддесіне, арман-тілегіне жетеді. Сәбит аға да солай. Сондай-ақ, кештің қызықты өтуіне тағы бір себеп, ол құр­дас­тардың әдемі әзіл-қал­жыңдары дер едік. Жасыратыны жоқ, қаншама кездесу көрсек те, дәл осындай шыбынның ызыңы естілмеген кешке алғаш куә бол­дық. Өйт­кені, бұл кеште қоз­ғалған тақы­рып шынайы, өте қызықты және әсерлі шықты. Шара соңында Ұлттық ака­де­миялық кітапхана басшысы Үміт­хан Мұңалбаева кеш иесі, жазушы Сәбит Досановқа Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын тарту етіп, көпшілік қауым атынан қа­ламгерге мық­ты денсаулық, шы­­ғар­машылық табыстар тіледі. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».