Экономиканы терең біледі деген мамандарды тыңдап отырсаң, бүгінгідей шикізатқа арқа сүйеген саясат шарасыз күйге түскен заманда ауыл шаруашылығының аты озуы керек екен. Олай болса, ата-бабасы атам заманнан төрт түлік малдан несібе айырып келген қазақ дейтін елдің құдайын өзі беріп тұрған жоқ па?!
Дегенмен, бүгінгі күнде мал баққанда алдыма жан салмаймын деген қазақтың алдында аса күрделі мәселе тұр. Ол – төрт түліктің қанын тазартып, тұқымын асылдандыру сынды машақаты мол шаруа. Әсіресе, бұл мәселе «саусаң – сүт, жесең – ет» Зеңгі баба тұқымына келгенде зорая түседі...
Соңғы төрт жылдың мұғдарында Қарағанды облысына 2283 бас асыл тұқымды бұқа әкелініпті. Бұл, әрине біздегі шаруа қожалықтарының таза қанды бұқаларға деген сұранысын толық өтей алмайды. Қазіргі таңда мамандардың есебінше, 1100 бас бұқа жетпейді. Зоотехникалық талаптың қатаң заңына салсақ, әрбір 30 сиырға бір бұқадан келуі керек екен. Оның бер жағында, қан бұзылмас үшін бұқаны екі жылда бір ауыстырып отыру керек. Ал дер уақытында ауыстырылмаған бұқа норматив бойынша «мерзімі өтіп кеткен» деген санатқа жатқызылады. Әлбетте, жоғарыдағы талап орындалмаса мал тұқымының аза бастайтыны түсінікті.
Бұл мәселеге мұқият қарамаудың салдары үлкен зардаптарға әкеліп соқтырмақ. Ең бастысы, мұныңыз экономикалық көрсеткіштерге кесірін тигізеді. Ет пен сүттің өнімі азаяды, ал ол дегеніңіз, өнімнің өзіндік құны өсе түседі деген сөз. Тағы да бір ескеретін жайт, егер де бұқаға байланысты норматив бұзылар болса, онда мемлекеттік субсидия алу құқығының да жолы кесіледі. Ал енді асыл тұқымды бұқа сатып алам деген шаруаға мемлекет тарапынан болатын көмек қазір қомақты: субсидия арқылы оның құнының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Міне, осыдан келіп, ауылдық әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы бөлімдері үшін басым бағыттағы шаруаның бірі – осы норматив талаптарының сақталуына қатаң бақылау жасау болмақ.
Дегенмен, «Сыбаға» сайтының мәліметіне сенер болсақ, Қарағанды облысының көптеген өңірінде мал тұқымын асылдандыру шаруасына жеткілікті көңіл бөлінбей келеді екен. Бүгінгі күнде облыста 245 мыңнан астам ірі қара бар. Ал асыл тұқымды бұқалардың саны – 2103. Оның өзінде бұлардың 1006-сы «мерзімі өтіп кеткендер» санатына жататын көрінеді.
Енді, жалпы жағдайды аудандарға бөліп, жіліктер болсақ, мынадай көрініске куә боламыз. Жаңаарқа мен Шет аудандарындағы ахуал алаңдауға тұрарлық екен. Мұнда сәйкесінше, 215 және 174 бас бұқа жетіспейді. Ал Осакаров және Абай аудандарындағы жағдай біршама тәуір көрінеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов 2015 жылды қорытындылаған есебінде мынадай деректерді алға тартады. «Ірі қара мал еті өндірісінің экспорттық әлеуетін әрі қарай арттыру мақсатында 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5515 ІҚМ басы (5256 бас сиыр және 259 бас өндіруші бұқа) және шетелдік селекциялы 1055 мал басы әкелінді, Бұқар жырау ауданының «Жаке» ШҚ базасында 3000 басқа мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Сонымен қатар, Абай ауданында «Сарыарқа» АӨШ» ЖШС-де «ҚазАгроӨнім» АҚ-тың қаржыландыруымен 3000 басқа мал бордақылау алаңын салу жұмыстары жүргізілуде. Осакаров ауданының «Еңбек-95» ЖШС-нің базасында 600 бас малға тауарлы сүт фермасын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде». Бұл жұмыстардың бәрі ағымдағы жылдың соңына қарай жемісін беруі керек деп жоспарланған.
«Сиырдың сүті – тілінде» деген сөз бар. Мал басын көбейткен дұрыс. Ал енді оны жемшөппен қамтамасыз етудің мәнісі қандай? Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, өңірде жем-шөптің үш көзі бар екен: жайылым, табиғи шөп және екпе шөп. Өкінішке қарай, облыста соңғы жылдары даладағы жемшөптік дақыл жүйесінде әжептәуір өзгерістер орын алған. Мәселен, көп жылдық және бір жылдық шөптер мен сүрлем егетін алқаптардың көлемі азайып кеткен. Мәселен, 1991 жылмен салыстырар болсақ, көп жылдық шөп егу алқабы екі есеге жуық, мал азығы дақылдарын өсіру үш есеге, ал бір жылдық шөп егу тоғыз есеге азайған.
Жағдай осындай екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Бұл мәселені шешу үшін тыңайған жерлерді игеру мақсатында жемшөп өндіруді дамыту жоспары әзірленген. Бұл шаруа биылғы жылдан бастап қолға алынып, 2020 жылға дейін жалғаспақшы.
Бүгінгі күнде өңірдегі тұқым шаруашылығы көктемгі себуге деп 163 тонна көп жылдық, 210 тонна бір жылдық шөп тұқымын дайындап отыр. Мұның өзі 21 мың гектар алқапты қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жерде мамандар шөп тұқымының сапасына да ерекше мән беріп жатыр. Көп жылдық шөп тұқымының қорын жаңартып отыру – басты міндеттің бірінен саналады.
Таяуда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сәуір айының алғашқы онкүндігінде Астанаға Қытай аграршілері делегациясының келетінін хабардар етті. Бізге жеткен ақпарға қарағанда, бұл сапар барысында Қытайға мал және өсімдік өнімдерін шығару туралы шектеу алынып тасталуы бек мүмкін екен. Яғни, Қазақстан ТМД кеңістігінде Қытайға етті экспорттайтын алғашқы ел болмақ. Ал біз бұл игі іске қаншалықты дайынбыз? 2015 жылдың мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 930,3 мың тонна ет өндіріліпті. Бұл көрсеткіш 2014 жылға қарағанда 3,4 пайызға өскен. Қарағанды облысында ресми деректерге жүгінер болсақ, 2015 жылы ірі қара мал 1,8 пайызға өсіп, 475,7 мың басты құраған. Оның ішінде сиыр саны 245,4 мың басқа жеткен (өсім – 2,1 пайыз). Ал ет өндірісіне келер болсақ, 4,2 пайызға өсіп, 127,1 мың тоннаны құрапты. Яғни, бізде ет өндіру ісінің іргетасы көңілдегідей қаланған деп батыл тұжырым жасауға болады. Тек осы қолдағы бардан айырылып қалмай, шаруаны әрі қарай дөңгелете беру керек.
Қытай нарығы қол бұлғап шақырар болса, мұның өзі біздегі мал шаруашылығын дамытуға мықты серпін береді деген сөз. Әлбетте, бұл игіліктен Арқадағы мал баққан ағайын да өз несібесін айырады дегенге сенгің-ақ келеді. Тек сататын еттің сапалы һәм мол болмағы керек. Ал оның алғышарты – мал тұқымының асылдығында.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.