«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 99-қадамын іске асыру аясында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Мәдениет және спорт министрлігі аталған Заңды іске асыруда үйлестіруші болып табылады. Осыған орай, біз Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілхановты әңгімеге тартып, қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру жөнінде кеңірек түсіндіріп айтып беруін өтінген едік.
– Марат Алмасұлы, әуелі құрылған Қоғамдық кеңестердің негізгі рөліне тоқталып өтсеңіз?
– Тұрғындар алдындағы есеп беруге міндетті мемлекетті қалыптастыру мақсатында 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабылданды. Аталған Заң еліміздің құқықтық базасы үшін жаңалық болып табылады.
Осынау Заң тұрғындар алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына қоғамдық институттар мен азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру құралдарының бірі болып табылатын жаңа қоғамдық институт – қоғамдық кеңестер ұғымы енгізді.
Заңнама қоғамдық кеңестерге бюджеттік бағдарламалар жобалары мен олардың орындалуы туралы есептерді, өңірлердің даму бағдарламалары мен мемлекеттік және салалық бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар, азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау секілді бірқатар өкілеттіктер жүктейді.
Қоғамдық кеңестердің қызметі арқылы қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс тетігі қалыптастырылып, қоғамдық бақылау ұйымдастырылмақ және мемлекеттік органдар қызметінің мөлдірлігі қамтамасыз етіледі.
– Олай болса, қоғамдық кеңестерді қалыптастыру тетігіне тоқталып өтсеңіз? Яғни, Қоғамдық кеңес қызметінің ерекшеліктерін ескере келгенде, осы кеңестер құрамына қанша жұртшылық өкілдері, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қанша өкілі енгізілді?
– Заңнамаға сәйкес қоғамдық кеңестер екі деңгейде, яғни республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылмақшы. Республикалық деңгейде құрылған қоғамдық кеңестерге еліміздің Қорғаныс министрлігінен өзге барлық министрліктерде құрылған қоғамдық кеңестер жатады. Жергілікті деңгейде қоғамдық кеңестер облыстардың, Астана, Алматы қалаларының, сондай-ақ, аудандар мен қалалардың әкімдіктері жанынан құрылған.
Ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала деңгейіндегі Қоғамдық кеңестің функциялары жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі.
Жалпы алғанда, республика бойынша 225 қоғамдық кеңестер құрылса, соның ішінде 12 кеңес – орталық деңгейде, 16-сы – облыстардың, Астана, Алматы қалаларының, 197 кеңес – қалалар мен аудандар деңгейінде құрылған.
Заңнамада қоғамдық кеңестерді конкурс өткізу арқылы қалыптастыру механизмі қарастырылған. Қоғамдық кеңестегі жұртшылық өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрауға тиіс. Жұртшылық өкілдеріне конкурсқа қатысу үшін өзінің кәсіби немесе қоғамдық қызметі мен өмірбаяны туралы мәліметтерін белгіленген мерзімде өткізу секілді ең төменгі деңгейдегі талаптар қойылды.
Қоғамдық кеңестердің сапалық құрамына жүргізілген талдау нәтижесі жалпы республика бойынша азаматтық қоғам өкілдері бойынша көрсеткіштің заңнама талаптарына сәйкестігін көрсетті.
Мәселен, республикалық деңгейдегі кеңестердің құрамына 158 жұртшылық өкілдері кіргізілген. Бұл көрсеткіш барлық кеңес мүшелерінің жалпы санының 70%-ын құрап отыр, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың 93 өкілі қамтылған.
ҚР Парламентінің депутаттары Нұрлан Оразалин, Георгий Ким, Бірғаным Әйтімова, Қуаныш Сұлтанов, Гүлжан Қарағұсова, Артур Платонов, Бекболат Тілеухан, белгілі қоғам қайраткерлері Анатолий Башмаков, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Мэлс Елеусізов, Зинаида Федотова, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар басшылары Нұрлан Ерімбетов, Еңлік Нұрғалиева, Оралбай Әбдікәрімов, Марат Башимов, Елена Дмитриенко, Ольга Рыль және тағы басқалар қоғамдық кеңестердің мүшелері болып табылады.
Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің құрамына 350 азаматтық қоғам өкілдері кіргізілген, бұл кеңес мүшелерінің жалпы санының 77%-ын құрап отыр, соның ішінде – 134 ҮЕҰ-ның өкілдері қамтылған.
Олардың қатарында Алтынай Көбеева, Аружан Саин, Наталья Вшивцева, Қайрат Иманалиев, Олег Чернышов секілді еліміздегі ықпалды ҮЕҰ-лар жетекшілері бар. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің құрамына саяси партиялардың облыстық филиалдарының көшбасшылары, бизнес-құрылым жетекшілері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен БАҚ, этномәдени орталықтарының, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері кіргізілген.
Қоғамдық кеңестердің қалалар мен аудандар деңгейіндегі құрамына азаматтық қоғамның 2 мыңнан астам өкілдері кірген, бұл кеңес мүшелерінің жалпы санының 70%-ын құрайды.
Белгілі қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың басшылары қоғамдық кеңестердің төрағалары болып бекітілді.
Бұл жаңа Заңның енгізілген нормаларға сәйкес орындалған тұжырымдамалық талаптарының бірі болып табылады.
Қазіргі таңда қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру кезеңі аяқталған, яғни кеңестердің қызметі өз бетінше жүргізілуде. Осылайша олардың басты міндеті қоғамдық бақылау жүргізу болып отыр.
– Марат Алмасұлы, қоғамдық кеңестер қызметінің тәжірибесінде қоғамдық бақылаудың қандай түрлері пайдаланылуы мүмкін?
– Айта кетер жайт, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданғанға дейін де қоғамдық бақылаудың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін, мемлекеттік қызмет стандарттарын бұқаралық талқылау арқылы бағалауды қалыптастыру секілді жекелеген түрлері коммерциялық емес ұйымдарды тарту арқылы жүргізілген.
Ал Жаңа Заң қоғамдық бақылау функциясын қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру, қоғамдық сараптама жүргізу, қоғамдық мониторингтеуді іске асыру, қоғамдық кеңес отырыстарында мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері туралы есептерін тыңдау секілді 4 тетігін белгілеу арқылы кеңейтіп отыр.
Бүгінде қоғамдық кеңестер азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты мемлекеттік органдар қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптаманы белсенді жүргізуде. Яғни, Қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, аталған актілер әділет органдарында тіркелмейді.
Ең маңыздысы, қазіргі таңда жаңа Заң күшіне енгеннен соң, қоғамдық кеңестердің ұсынымдарын қарауға мемлекеттік органдар міндетті болып табылады. Мемлекеттік органдар барлық ұсынымдар бойынша неліктен қабылданды немесе қабылданған жоқ, сондай-ақ, басқа да ұсынымдары бойынша нақты дәлелдер келтірілген жауаптар беруі қажет.
Бірінші тоқсанда аймақтарда қоғамдық кеңестер өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен жақын келешекке қойылатын міндеттері туралы әкімдердің есептерін тыңдады. Екінші тоқсанда министрлердің тиісті қоғамдық кеңестер алдындағы есептері тыңдалады деп күтілуде.
Заңның тағы да бір жаңалығы – Үкімет қоғамдық тыңдауларды дайындау және өткізу тәртібін белгіледі. Аталған мәселе бойынша Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданды. Қоғамдық тыңдауларда саланың немесе аймақтың көкейкесті қоғамдық маңызды мәселелері талқылауға шығарылатын болады.
Қоғамдық бақылау тұрғындардың қалаларды, облыстарды, аудандар мен ауылдарды басқаруына мүмкіндік береді, атап айтқанда, өзекті мәселелерді көтеруіне, қоғамдық тыңдауларға, қоғамдық мониторингтеуге қатыса отырып мәселелерді шешуге ықпал етуге және өңірлерді дамыту мен тұрғындардың мақсатты топтарының мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерге сараптама жүргізу ісіне араласуына мүмкіндік береді.
– Енді «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды тиімді іске асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды қалай жоспарлап жатқандарыңыз жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз?
– Парламент Мәжілісінде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңды іске асыруды мониторингтеу бойынша комиссия құрылды. Оның құрамына Заңды әзірлеген Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әбдіров, Қуаныш Сұлтанов, Серік Сейдуманов, Мәдениет және спорт министрлігінің және БҰҰ Даму бағдарламасы, Еуроодақ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігі, қазақстандық ҮЕҰ өкілдері кіргізілген.
Бұл орайда бірлескен ынтымақты жұмыстар келесі бағыттарда жүргізілмек.
Біріншіден, қоғамдық кеңестердің төрағаларымен және мүшелерімен қоғамдық мониторингтеудің құралдарын енгізу бойынша ұдайы жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта жуық арада еліміздің барлық өңірлерінде БҰҰ даму жөніндегі бағдарламасымен Еуроодақпен бірлескен семинар-тренингтер ұйымдастырмақпыз. Аталған шараларға тренерлер ретінде біз қазақстандық ҮЕҰ-ның өкілдерін – қоғамдық мониторингтеу саласындағы сарапшыларын шақырдық. Сондай-ақ, Еуроодақпен бірлесе отырып қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік құрал әзірленуде.
Осылайша, біз қазақстандық ҮЕҰ мен халықаралық ҮЕҰ-ның ресурстарын пайдаланып отырмыз деп әбден айта аламыз.
Екіншіден, қоғамдық кеңестер қызметінің ашықтығы мен шынайылығын арттыруды мақсат етудеміз. Яғни, қоғамдық кеңестердің қызметі туралы, кеңес мүшелерінің, қоғамдық бақылау саласындағы халықаралық және қазақстандық сарапшылардың сөйлеген сөздерін БАҚ-та жариялауды кеңінен ұйымдастырмақпыз.
Үшіншіден, біз мемлекеттік органдар мен жұртшылық өкілдері үшін практикалық ұсынымдар әзірлеу орайында қоғамдық кеңестердің қызметіне мониторинг пен талдау жүргізу жұмыстарын жақсартудамыз. Осылайша, біз халықаралық және қазақстандық сарапшылардың, БАҚ, мемлекеттік органдардың, депутаттардың ресурстарын тарта отырып кешенді жұмыс жүргізуді жолға қойдық. Ал ынтымақтаса атқарған мұндай жұмыстар қоғамдық кеңестердің қоғамдық бақылаудың тиімді құралы болуына септігін тигізіп, мемлекеттік саясатты іске асыру ісіне азаматтардың белсене қатысуын қамтамасыз етеді деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».