Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитіне қатысу үшін Ыстамбұлға сапары барысында Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен де кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Осыған байланысты Қазақстан мен Түркия елдері арасындағы бүгінгі ынтымақтастық туралы қысқаша айтып өткенді жөн көрдік.
Астана мен Анкара арасындағы байланыстардың даму серпіні қазақ пен түрік халықтарының туыстық, тарихи тамыр және мәдени құндылықтар ортақтастығы негізінде қалыптасып, аймақтық және халықаралық мәселелер, энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық өзара бірлескен іс-қимылдың негізіндегі ынтымақтастық сипатында алға басып келеді. Түркия Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін мойындап, оны осы аймақтағы ең маңызды әріптесі деп санайды.
Бүкіләлемдік саясатта ойып алар орны бар ең ықпалды түркітілдес мемлекет ретінде Қазақстан жағы да өзінің сыртқы саясат стратегиясында Түркияның маңыздылығын жоғары қояды. Екіжақты конструктивті үнқатысулармен қатар, Қазақстан мен Түркия БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, Түркі кеңесі және т.б. сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінің пішімінде де көпқырлы өзара іс-қимылды дамытып отыр.
Екі мемлекет көшбасшыларының жиі кездесіп тұратындығын соңғы уақыттардағы мына деректерден-ақ көруге болады. 2012 жылдың 11-12 қазаны күндерінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында ол осы елдің сол кездегі Президенті А.Гүлмен және сол кездегі Премьер-министр Р.Ердоғанмен екіжақты келіссөздер жүргізді. Осы сапарының барысында Н.Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Осы сапарында Елбасы Анкарада түріктің жетекші іскер азаматтарымен де кездесіп, оларды Қазақстан экономикасының перспективалы жобаларына инвестиция салуға шақырды. Сондай-ақ, Р.Ердоғанмен бірге Қазақстан-Түркия бизнес-форумына қатысты. Ал, Президент А.Гүлмен бірге Қазақстанның Түркиядағы өнерінің күндері шеңберінде ұйымдастырылған гала-концертті тамашалаған еді.
2014 жылдың 4-5 шілдесінде Н.Назарбаев Түркияның Бодрум қаласында болған Түркітілдес мемлекеттердің ІV саммитіне қатысты. Осы жылдың 27-28 тамызы күндері Н.Назарбаев Анкараға жұмыс сапарымен барып, сайлауда жеңіп шыққан Президент Р.Ердоғанды ұлықтау салтанатына қатысты.
Жоғары деңгейдегі екіжақты кездесудің ең соңғысы былтырғы 15-17 сәуір күндері Астанада өтті. Осы күндері Түрік Республикасының Президенті Р.Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында екі ел Президенттерінің қатысуымен Стратегиялық ынтымақтастықтың екінші отырысы ұйымдастырылды.
Екі мемлекеттің парламентаралық қатынастары да толық түсіністік пен конструктивті үнқатысу арнасында өрбу үстінде.
Түркия Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің қатарына жатады. Екі елдің арасындағы сауда айналымы 2014 жылы 3,29 млрд. АҚШ доллары көлемінде болды. Соның ішінде экспорт – 2,27 млрд., импорт 1,02 млрд. долларды құрады. 2015 жылдың алғашқы жартысындағы тауар айналымы 1,2 млрд. доллар көлемінде болды.
Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға екі елдің арасындағы Үкіметаралық экономикалық комиссия тиімді тетік рөлін атқаруда. Оның соңғы отырысы 2014 жылдың 24-26 сәуір күндері Астанада болған еді. Келесі отырыс Түркияда өтеді деп белгіленген.
Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуы өте жоғары белсенділік сипатында деп саналады. Екі жақтың мәдени шараларға қатысу, шығармашылық делегациялармен алмасу, туысқан қалалар мен аймақтар арасындағы байланыстар тығыздығы артып келеді.
2010 жылы Астанада Түрік Республикасының алғашқы Президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке ескерткіш ашылды. Сол жылы Анкарада да Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды. Бұл да екі елдің жақындастығының айқын көрінісі. Бұлардан басқа, түрік жағының бастамасымен Түркия аумағында Абайға, Абылай ханға, М.Әуезовке және Қабанбай батырға ескерткіштер ашылды. Ал, Мағжан Жұмабаевқа түрік жеріндегі ескерткіш Қазақстан Тәуелсіздігін алмай тұрып-ақ ашылған еді.
Міне, қысқаша айтқанда, екі елдің арасындағы байланыстардың қарқыны осындай.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».