үшін атом жобасы аясындағы тиімді іс-шаралар жалғасуда
Елбасының бастамасымен қолға алынған АТОМ жобасы аясында Семей полигонынан зардап шеккен тұрғындардың денсаулықтарын сауықтыру шаралары жүзеге асырылуда. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысындағы БҰҰ бірлескен бағдарламасының басты мақсаттарының бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету үшін Семейдегі жалпы білім беретін №20 және №4 мектептерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған модульді алаңдар ашылды.
Аталған жобаларды БҰҰ-ның қаржылай қолдауымен «Құқықтық сана академиясы» мен «Ерекше әлем» қоғамдық қоры жүзеге асырып отыр. Ондағы мақсат оқыту мен тәрбиелеуде қиындық тудыратын балаларға тиімді емдеу-сауықтыру және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету болып табылады. Мәселен, №20 жалпы білім беретін мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған коррекциялық сынып ашылды. «Құқықтық сана академиясы» қоғамдық қоры жүзеге асырған жоба аясында сөйлеу қабілеті мен психологиялық дамуы төмен балаларға арналған екі сынып пайдалануға берілді. Ал №4 жалпы білім беретін орта мектепте 12 балаға арналған коррекциялық сынып есік ашты. Сыныпта сөйлеу қабілеті төмен, аутизм дертіне шалдыққан балалар оқиды. Заман талабына орай әлеуметтік ортаға бейімдеуге, оқытуға жағдай жасайды. БҰҰ жоба менеджері Рауан Қалиевтің айтуынша, жақсы іске Семей қалалық әкімдігі, білім бөлімі себепкер болыпты.
– Аутизм сырқатына ұшыраған балаларды өнер саласына, түрлі техникаға үйретсе, алдағы уақытта олардан сол саланың жақсы маманы шығуы мүмкін. Егер баланы ерте жастан емдеп тәрбиелеген жағдайда, жеті жасында қарапайым балалармен сабаққа да бара алады. Өкінішке қарай, қаламызда ондай орталықтар жоқ. Біздің қор қазір мектеп жасына дейінгі балалармен айналысатын орталық ашуды жоспарлап отыр. Осы бағытта жұмыстар атқарылуда, – дейді «Ерекше әлем» қоғамдық қорының директоры Арайлым Әлімжанова. – Бұл жобалардың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу және алғашқы білім алуларына толықтай мүмкіндік жасау. Бүгінгі таңда жеткен жетістіктеріміз көп. Себебі, осындай коррекциялық сыныптан жалпы сыныпқа ауысып жатқан балалар бар. Ол біз айтып отырған әлеуметтендіру мәселесінің оң шешіліп жатқанын көрсетеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Коррекциялық түзету сыныптарында арнайы мұғалімдермен қатар, психологтар мен логопеттер де жұмыс жүргізетін болады. Олар қажет болған жағдайда аутизмге шалдыққан балаларды төрт жылға дейін тәрбиелемек. Бала ашылып, жақсы көрсеткіш көрсетсе, бірден кәдімгі сыныптарға ауысуға мүмкіндік бар.
Раушан Нұғманбекова.
СЕМЕЙ.