Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитке қатысқан Елбасы Назарбаев өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін ұсынды. Бұл жер жүзіндегі тыныш өмірді қалайтын адамзаттың барлығын да бей-жай қалдырмағаны аян. Біз А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сафар ҚОЛДЫБАЕВТАН осы маңызды құжат туралы пікірін сұраған едік.
– Сафар Әбдіғалиұлы, компьютер, үздік технологиялар заманына айналған ХХІ ғасыр адамзаттың арманын басқа арнаға бұрғандай. Ядролық соғыс қаупі адамзатты ғана емес, жер планетасының өзін құртып жіберердей, аждаһа күшке айналып келеді. Неге бұлай?
– ХХІ ғасырда болып жатқан өзгерістер, оқиғалар, саяси көзқарастар жер бетіндегі адамзаттың алақанында секілді. Өйткені, технологиялардың дамығаны сонша, жердің ана материгінде біреу түшкірсе, өзге материктегілер естіп отыр. Күнде қан төгіс, лаңкестік жайлап барады. Ядролық қаруы барлар қоқан-лоқы көрсетеді. Өктемдіктің лайықты қайтарымы да болмай қоймайды. Өкінішке қарай, осы көріністің оралымы күшейіп, ғылымның барлық жетістіктері қарулануға батыл енгізілуде. Нұрсұлтан Әбішұлы Америка Құрама Штаттардағы саяси, қоғам қайраткерлерінің алдында сөйлеген сөзінде мұны айтып өтті.
Ядролық қаруды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап сулары түбіне, Арктикаға орналастыру қаупі ғылымның қаруға қызметін көрсетпей ме? Адамдардың бойын түймені басып қалса жұдырықтай жердің күл-талқаны шығардай ғаламдық үрей билейді. Ядролық қаруға тыйым болмаса үрейдің шындыққа айналары да хақ. Мұның барлығы да, біріншіден, дүниенің тұтқасын өзі ғана ұстағысы келетін экономикалық, ғылыми жағынан өте дамыған державалардың өктемдігінен орын алып отыр. Ал өктемдік пен әділетсіздік қашанда қарсы күшті туғызады. Халықаралық қырғи-қабақтықтың тағы бір себебі, екі үлкен держава – Ресей мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келісе алмаушылық екені де белгілі.
Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында Кеңес Одағы тарапынан айтылған «қырғи-қабақ соғысты», ядролық жанталаса қарулануды қояйық деген мәмілеге Америка жағы келіскен болатын. Алайда, алып елдің сөзі мен ісі бір жерден шықпады.
Өткен ғасырдың екінші жартысында халықаралық саяси қайраткерлер жанталаса қарулануды тоқтату, «қырғи-қабақ соғысты» болдырмау туралы жақсы жұмыс істеп, пәтуаға келді. 1975 жылы Хельсинкидегі келісімнен кейін дүниежүзіндегі бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялап, сөздерін ұстады да. Соның арқасында әлем қырық жылдан астам уақыт ядролық қауіпсіз жағдайда өмір сүрді. Қазір оның күші әлсіреп, әлемде «ядролық қырғи-қабақ соғыс» қаупі бас көтере бастады. Оның себептерін айттым.
– Қайта бас көтерген «қырғи-қабақ соғыстың» қаупін азайтуда ІV қорытынды саммиттің маңызы қаншалықты деп ойлайсыз?
– Жалпы жаһандық қандай да проблемалардың шешімін іздегенде қолында мүмкіндіктер мен түйінді әрекет әлеуеті бар көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің, әскери ұйымдар басшыларының бас қосуы қажеттілік. Нұрсұлтан Әбішұлының осындай алқалы топ алдында «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялауы осы самиттің ерекшелігі болды деп білемін. Елбасы жер жүзіндегі ядролық қарулануды, оның қаупін нақты сипаттап қана қоймай, оны тоқтату жолдарын да көрсетіп берді. Осыдан 25 жыл бұрын жас тәуелсіз мемлекет ядролық сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартты. Бұл – жер бетіндегі мемлекеттерге үлгі боларлық іс. Дүниеде Қазақстаннан өзге осындай батыл қадамға барған ел жоқ. Енді Қазақстан аумағында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған отын банкі құрылды. Бұл да Қазақстанның бейбітшілік үшін тағы бір батыл бастамасы болады.
– Мұндай қадамға дүниежүзіндегі барлық мемлекеттердің, оның ішінде қаруы бар державалардың көзқарастары бірдей бола ма?
– Қазір жалпы, ядролық қаруға түрлі көзқарастың бары да рас. Кейбір елдер ядролық қаруды бейбітшілік кепілі деп біледі. Мемлекеттің қаруы болса, оған ешкім тиісе алмайды, яғни елдің тыныштығы қорғалады деп ойлайды. Бұл түбірінен қате түсінік екенін саясаткерлер түсінетін уақыт жетті. Ядролық қару қолданғанда жеңімпаз болмайды, ол тірі жанның барлығын жояды. Тіршіліктің тамырына балта шабылады. Мұны бір жағынан Америка да, Қытай, Оңтүстік, Солтүстік Корея – барлығы біледі. Бірақ ядролық қарудан бас тартып жатқан ешқайсысы көрінбейді, өйткені, өзара сенім жоқ. Елбасы өзінің манифесінде ядролық қарудың тарау, оның лаңкестер қолына түсу қаупін де ескертті.
– Терроризм қазір ядролық соғыс қаупін үрлей түсетін тәрізді.
– Террор, лаңкестік адамзат қоғамына өте қауіпті құбылыс болып тұр. Оның көрініс табу себебі туралы пікір де әр алуан. Қазір оны дүниежүзінде кейбіреулер өзінің саяси мақсатына пайдаланады, сол үшін мыңдаған адамның қанын мойнына жүктеп, қолдап отыр деген пікір үстем. Қандай болғанда да олардың қолына ядролық қырып-жоятын қару түсіп қалмауының алдын алу керек.
– Жаһанды ядролық қауіп тығырығынан алып шығар жол бар ма?
– Бар. Бір ғана жол бар. Оны біздің Мемлекет басшымыз көрсетті. Ол –ақылға келу. Нұрсұлтан Назарбаев әлем саясаткерлері мен әскери блок, ұйымдар басшыларын ақыл-парасатқа шақырды. Бұлай болмайынша, адамзат өзі ойлап тапқан ядролық қару шеңгеліне өзі түсіп қалады. Ашумен де, қарумен де шешілген түйін жер бетінде болған емес. Бүгін қаруын қайда сайларын білмей отырғандар түбі осы жолмен ғана жүретін болады. Басқа жол тығырыққа тірейді.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.