12 Сәуір, 2016

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау

3876 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ибраева Ақмарал, т.ғ.д.Тоқтаулылық, талапты шыдамдылыққа жетелейтінін хакім Абай баяғыда меңзеп кеткен. Елбасының манифесі «берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл» екенін жаңаша қырынан ұқтырып, заманы бөлек болса да, екі тұлғаны рухани тұтастырып, үндестіріп тұрғаны – адамзаттың болашағы. Абайды поэзияда қазақтың жазба әде­бие­тінің негізін салушы бас ақын ретінде та­нысақ, қоғамдық-азат­тық ой-пікірлерінің бү­гінгі дәуірмен керемет үндесіп жатқанына таң қалмау мүмкін емес. «Абайдың ұлылығы өз хал­қының мұқтажы мен болашағын әрі дұрыс, әрі көрегендікпен ұға білуінде жатыр» (К.Симонов). Оның «поэзиясы түнек өмірге қар­сы көтерілген алдаспан болса» (М.Борис) қазір де құндылығын, маңызын жойған жоқ. Елбасымыздың «Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс», деген пайымынан «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан бас­қа», деген көптеген пәлсапалық ой­лар қалдырған талантты сөз зер­герін жанына жақын тұтатынын, әркез оған жүгініп отыратынын байқау қиын емес. Біз гуманист шайырдың өмір жайлы толғаныстарына бойлаған сайын бүгінгі жаһандану дәуірінің болжап болмайтын шым-шытырық, қым-қуыт оқиғаларға, орасан қауіп-қатерлерге толы тыныс-тіршілігі қыл үстінде тұрғанын аңдап, секем алғандаймыз. «Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек» тіршілік иесі қайраңда қалған балықтай қанша аласұрғанымен, жанталасқанымен адамзат дамуының жаңа сатысы өзімен бірге жаһандық проблемаларды қоса ала келді. Халық­ара­лық жағдайдың ушығып кет­кені соншалық, өзара сенім қағи­дат­тарының орнына санада «милитаризм», «халықаралық терроризм» сияқты қаһарлы сөздер ор­­нықты. Күнделікті өмірімізде қол­­да­ны­латын тіркестерге айнал­ды. Етіміз үйреніп, күнделікті қалып­­қа ене бастады. «Ақыл, қайрат, жүрек бір­дей ұсталса», білектінің бірді, білім­дінің мыңды жығатынын әлем құлақ түрген саммиттің мінбері­нен Нұрсұлтан Әбішұлы айқара жа­йып салып, замананың жүрек қа­ғысын тамыршыдай тап бас­ты. Шынында да, алпауыт елдер ара­сын­дағы қарама-қайшылықтар бұрын-соңды болмаған бітіспес жан­жал­дарға ұласып кетіп, оның ақыры жаппай қырып-жоятын қаруларды қол­дануға жалғасып жатса, жер-дүние ауда­рылып түсті дей бер. Жан шошырлық факт, бі­рақ ақиқаты осы! Пре­зидентіміз « Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, адамзат­ты қан­ды қырғыннан сақтап, ядро­лық соғыстардың алдын алуға бағыт­талған «ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» бағдарламасын ұсынғанда бір жағынан қуандық, бір жағынан тол­қыдық. Қуанғанымыз, Қазақстан бейбітқатар өмір сүру ұстанымына адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеп, беделі асқақтады. Толқығанымыз, жетекші мемлекеттердің серкелері қалай қабылдар екен деген дүдәмал ой. Онымыз бекершілік екен. «Адас­қанның алды – жөн, арты – соқпақ, Оларға жөн адалдың сөзін ұқпақ», деп Абай хакім айтпақшы, 2010 жылдан бері екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан саммиттің тұрақты қаты­су­шыларының жаһан­дық қауіп­сіз­діктің бірден-бір жолы ортақ мәсе­лелерде күш бірі­к­тіру, түйткілді про­бле­малар­ды қару қолданбай-ақ өзара түсіністікте шешу ауадай қажет екенін анық ұғынғаны көкейге үлкен сенім ұялатады. Мұның өзі әр ел басшысынан нақты іс-қимылдарды талап етері анық. Олар Елбасымыздың ұлттық соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерге негіз­делген үш басты қағидатын бас­шы­лыққа алса, бейбітшілік пен қауіп­сіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау, бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келісімдер салтанат құрары сөзсіз. Ләйім, осылай болғай! Сөз соңында оқырмандарға түсінікті болу үшін сұхбатымыздың тақырыбына алынған өлең тіркесін толығымен келтіре кетейін: «Әуелде бір суық мұз – ақыл  зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық, Бұл – қайраттан шығады, білсең керек. Ұғар құлақ, құйып алар зерде болса, тәлімі мол ғибрат. Тіпті, әр маңдайшаға жазып қойса, артықтық етпейді. Әманда, Президентіміз секілді бас ақынымызды өмірдің тылсым сырларын әр қырынан ұғындыратын жырларын жанымыз­ға жақын тұтайық! Ақмарал ИБРАЕВА, тарих ғылымдарының докторы. Солтүстік Қазақстан облысы.