Бүгінгі күн талабы – қатердің алдын алу
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Вашингтонда Карнеги қорының штаб-пәтерінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысып, жаһандық басты мәселе «Әлем. ХХІ ғасыр» ядролық қауіпсіздік туралы өз ойларын ортаға салуымен әлем назарын өзіне аударды. Содан соң, Көшбасшымыз қордың мәжіліс-залында АҚШ-тың қоғамдық және саяси қайраткерлерімен кездесу барысында жаппай қырып-жою қаруының қасіретті залалдарына қатысты ескерту сөзін арнағаны жаһан жұртшылығы тарапынан қызу қолдау тапты. Елбасы аталған кездесуде өзі 25 жыл бұрын Семей ядролық полигонын жабуы жөнінде Жарлыққа қол қойғанын алға тартып, әлемдегі ең үлкен ядролық полигонда 40 жыл ішінде халықтан құпия түрде 456 жарылыс, оның ішінде 120 жарылыс ашық атмосферада сынақталғанына екпін түсірді. Осының салдарынан аумақтың 3 мың шаршы километріне радиация жайылып, жергілікті 1,5 миллион халық зардап шекті. Бұрынғы Кеңес дәуірінен Қазақстан еншісінде қалған соңғы ядролық заряд 1995 жылы 24 сәуірде шығарылды. Міне, содан бері Қазақстан ядролық қарудан толық арылды. Соның нәтижесі Президентіміз барша әлемді аталған жойқын қарудан бас тартып, ядролық күшті тек бейбіт өмірде қолдану бойынша әлемге үндеу тастады. Адамзат баласына елестетуге келмейтін қауіп-қатер тудыратын бұл ядролық қару адам баласының үрім-бұтағының бірнеше ұрпақтарына залалын тигізеді және мұны өз бастарынан өткізгендер ғана біледі. Сондықтан да, Көшбасшымыз осындай жойқын қарудың ортақ планетамызды от орамауын, лаңкестер қолына түспеуін зерделі жанға жеткізіп айтты. Бейбітшіліктің басты нышаны – соғыстың алдын алу. Аталы сөзге тоқтаған, талай тауқыметті бастан өткерген халқымыз Елбасымыздың бейбітшілік даңғылын жасампаздық нұрға бөлеудегі бастамашылдығын баршамыз қуана құптаймыз. Еркін ИСІМБАЕВ, Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты. КӨКШЕТАУ.Адамзат алдындағы жауапкершілікті сезіну
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте жариялаған манифесінде адамзат өркениеті тарихында 15000-нан аса соғыстың болғанын келтіреді. Соғыстың аты – соғыс, оның қайсысы да жақсы емес. Бірақ қазіргі заманғы ядролық соғысты, қырып-жоятын қаруды қылышпен, садақпен, тіпті, зеңбірекпен де салыстыруға келмес. Сондықтан, қазіргі соғыстан бір мемлекетке, оның бейбіт тұрғындарына ғана емес, жалпы адамзатқа келтірер қаупін ойлаудың өзі ауыр. Семей полигоны, тіпті, бейбіт заманның өзіндегі Чернобыль апаты қаншама қасірет әкелді? Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап жанталаса қарулану сәл саябырсыған еді. Оған өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы халықаралық саяси қайраткерлердің, екі блоктағы державалар Америка Құрама Штаттары мен Кеңес Одағы басшыларының мәмілеге келуінің, халықаралық шарттар жасауының маңызы үлкен болды. Қазір мемлекеттер арасында қандай да бір даулы мәселелер тұрығысында түсіністік, толеранттық, ізгілікті келісімдер аз. Мемлекеттердің өзара саяси текетіресін, дау-жанжалын жиі естиміз. Ядролық қаруы бар немесе оған қолы жетімді елдер, әскери блок басшылары оның түпкілікті зардабы туралы ойлануы тиіс еді. Қантөгіс, адамдардың құрбан болуын жер планетасы бетіндегі тіршілік иелерінің жаппай қырылуымен салыстырып көріңіз! Бүгінгі лаңкестік оқиғалардың, тоқтауы жоқ атыс-шабыстардың түбі адамзатты тығырыққа тіремей қоймайды. Өйткені, адамзаттың өзі ойлап тапқан ғылыми жетістіктері өзге жолға бұрылып барады. Елбасының ядролық қауіпті қарулардың ешқандай жауапкершілікті сезінбейтін күштер қолына түсіп қалу ықтималдығы туралы қаупі өте маңызды. Лаңкестер қимылынан олардың қандай зұлымдыққа да шімірікпей баратынын кім де болса байқағандай. Шығыстың данасы әл-Фарабидің тәрбиесіз берген білімнің қауіпті екені туралы айтқан пікірі бүгінгі ғылым дамуының деңгейі мен халықаралық жағдайдың ушығу көріністеріне мысал бола алады. Халықаралық саясаткерлер өзге елдің экономикалық жағдайына, дәстүріне, шекарасына құрметпен, төзімділікпен қарағаны дұрыс. Экономикалық, саяси дауларды келіссөзбен, пікіралмасулармен, халықаралық ұйымдар пәтуасымен шешуге неге болмасын? Мұның өзін Нұрсұлтан Назарбаев айтып жүрген болашақтың алдындағы жауапкершіліктің негізі деп түсінген абзал. Қазір қолында қаруы барлар ғана сөйлейтін, солардың ғана сөзі өктем шығуы тиіс түсінік ауа жайылып бара жатқандай сезіледі. Бүгін жер жүзіне қауіп төндіріп отырған лаңкестіктің өзі дұрыс жүргізілмеген қате саяси қимылдардың зардабы екенін мойындау керек. Державалар арасындағы саясат үлкен парасатқа, даналыққа негізделсе, қанеки. Біздің Елбасының сөзінде айтылғандай, ядролық қаруды жердің қай түкпіріне, қай судың астына апарып тықса да, оның қауіптілігі азаймайды ғой. Әңгіме осында. Оны бейбіт мақсатқа ғана өндіруді қолға алу керек. Оның өзін халықаралық белгілі ұйымдар бақылауы тиіс. Жұдырықтай жер – адамзаттың ортақ үйі, ядролық жаппай қырып-жоятын қарумен ойнағандар осыны ойлауы тиіс. Владимир ГЕРШУН, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылар тобының мүшесі, профессор. ҚОСТАНАЙ.Береке мен бірлік бастауы
Елбасы бұл манифесін дер шағында, нағыз қажет кезде жариялады. Себебі, бүгінде әлемдегі геосаяси жағдайдың қандай деңгейде екені баршамызға мәлім. Қазір әлемдік қауымдастық дауласқанды татуластыратын, жауласқанды жақындастыратын салиқалы сөз, салмақты ойға мұқтаж. Ал бейбітшілікке шақырған біздің Президенттің үндеуі сол талаптардың үдесінен толығымен шығып отыр. Сондықтан да, әлемдік ақпарат құралдары мен белгілі саяси тұлғалар Қазақстан басшысының манифесіне ерекше мән беруде. Осындай жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін үндеу үшін Вашингтонда өткен саммит өте қолайлы және тиімді саяси алаң болды. Елбасының сол мүмкіндікті мүлт жібермей, бүгінгідей шиеленіскен жағдайға қарамастан әлемді ядролық қарусыздануға шақыруын батылдықтың, көшбасшылықтың және бейбітсүйгіштіктің жарқын үлгісі дер едім. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, аталған манифестің басқа елден емес, дәл Қазақстан тарапынан жариялануы – заңдылық. Өйткені, біз әлемде әлеуеті жағынан төртінші орында тұрған ядролық қарудан бас тартып, сынақ полигонын жапқан жалғыз елміз. Одан бөлек, өз территориямызда ядролық отын банкін құруға келісім бердік. Мұның бәрі ядролық қарусызданудың алғышарттары екені даусыз. Яғни, Қазақстан – сөзіне ісі сай, сенім артуға тұрарлық мемлекет. Сонымен қатар, бүгінгі ең өзекті мәселелердің бірі – терроризмнің алдын алуда ядролық қарудан бас тартудың маңызы зор. Себебі, аталған қару жанкештілердің қолына түссе, жағдай қазіргіден де қиындайтыны түсінікті. Ол кезде Елбасы айтқандай, жеңіске жететін ешкім болмайды. Бәріміз жеңілеміз. Сондықтан, тұтас әлемнің қауіпсіздігі үшін манифесте айтылған басым бағыттарды жүзеге асыру жолында жұдырықтай жұмылуымыз керек. Жұмабек САРАБЕКОВ, Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы.Қауіпсіз өмір – баршаға қажет құндылық
Бүгінде әлемнің әлпеті әбігерленіп тұр. Әр жерде мылтық дауысы естіліп, халықтың басына қайғы орнап, туған жерін тастап, өзге елдерге босып, бейбіт өмірді аңсап, «Қара су ішсем де, тыныш жерде отырсам екен» дейтін арманның жетегінде жүрген адамдар көп. Жер-жаһан түрлі сынақпен, қауіп-қатермен бетпе-бет келуде. ХХІ ғасырда адамзат баласының алдындағы ең маңызды мәселенің бірі «Жер бетінде бейбітшілікті қалай сақтап қала аламыз?» деген сұрақ болуы керек. Күні кеше «Әлемдік көшбасшы» атағына ие болған біздің Елбасымыз осындай сын-қатерлердің ықтимал салдарын барша адамзатқа ашық айтты. Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы жұртты мазалаған сұрақтарды төтесінен қойды. – Бүгінде миллиондаған адамды мынадай сұрақтар толғандырады. Әлемдегі жағдай қай бағытта өрістейтін болады? Жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылықтар олардың арасындағы ұзақ мерзімді жаңа текетіреске ұласып кетпей ме? Қай елдер жаһандық және өңірлік державалар жүргізіп отырған «прокси-соғыстардың» келесі құрбандығына айналуы мүмкін? Әзірше гүлденіп тұрған қай елдің жерін танктердің шынжыр табаны таптап, снарядтардың жарылысы талқан етпек? Қай қалаларда балалар зымырандар отынан өлім құша бастауы мүмкін? Жанжалдан қашқан босқындардың жаңа ағыны қайдан және қайда лап қояды? – деді Елбасы. Президент әлем алдында қабырғасынан қойылған мәселенің шешу жолдарын да айтты. Ол үшін бүкіл мемлекеттер бірігіп, келісімге келуі керек. Солайша, арнайы құжат қабылдап, мәміле жасауы тиіс. Ал, қабылданған құжатта Елбасы үш мәселенің нақты көрсетілуі керектігін баса көрсетті. Ең бірінші, қазіргі соғыста ешкімнің жеңімпаз болмайтынын түсінетін уақыт жетті. Қай тарап болмасын, үлкен шығынға ұшырайды, экономикасы әлсірейді, халықтың басына қасірет орнайды. Мұндай жағдайда ешкім өзін жеңімпаз сезіне алмаса керек. «Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс»,– деген Мемлекет басшысының сөзінен кейін барлық көшбасшы мемлекеттер ойлануы керек деп ойлаймыз. Үшіншіден, жер бетіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау барысында барлық мемлекеттер өздеріне жүктелген жауапкершілікті айқын сезінулері керек. Сол арқылы өзара түсіністік пен құрметті қалыптастырып, сындарлы келіссөздердің арқасында бейбіт өмірді сақтауға атсалысқандары жөн. Қазақ мұндайда «Келісіп пішкен тон – келте болмайды» дейді. Қандай жағдайда болмасын ақылға салып, сабырға келіп, келісе отырып қаралған мәселе оң нәтижесін бермек. Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөнінен әлемге үлгі бола алады. Өйткені, біздің ел 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. «Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державалардың ядролық сынаққа мораторий жариялауына қозғау салды. 20 жыл бұрын БҰҰ аясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды және қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол осы күнге дейін күшіне енбей келеді»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қысқасы, Елбасы әлемдегі тыныштықты сақтаудың негізгі жолдарын көрсетті. Ендігі мәселе, көшбасшы мемлекеттер лидерлерінің іс-әрекетіне байланысты болса керек. Бақдәулет МАҚАШЕВ, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Қызылорда облысы.Кез келген кикілжің келіссөзбен шешілсе игі
Елбасының Вашингтон төрінде халықаралық қоғамдастықты қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріне шақыра сөйлеген сөзі әлемді елең еткізді десек, артық айтқандық емес. Бұл құндылықтан түйетін ой – қазақтың «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналығын бүгінгі жаһандық жағдай жақсы көрсетіп отыр. Адамзат тыныштығы үшін емес, жеке мүдделер мақсатында әлемнің әр түкпірінде орын алып отырған лаңкестік сол ойды бекіте түсуде. Ядролық қаруды қолданбау туралы халықаралық келісімдер жасалғанымен, жекелеген мемлекеттер сол мүмкіндікті өз мақсаттарына пайдаланып, өз «күштілігін» танытуда. Мұндай «басымдықтың» арты жақсылыққа апармайтынын тарих пен уақыт жақсы дәлелдеп берді. Алайда, оның салдарынан миллиондаған жазықсыз жандар зардап шегуде. Ақыл мен парасаттылық орнына, жауыздық пен соғысқұмарлық үстемдік етіп тұр. Сондықтан болар, терроризм қаупі күшейіп, бүгінде қауіпсіз құрлық саналған Еуропа қалаларында тапа-тал түсте терактілер орын алуда. Наурыз айында Бельгия астанасының әуежайында және метрода жасалған жантүршігерлік жарылыстар бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл жаһандық қатермен күресудің жаңаша түрі қажет екеніне көз жеткізді. Елбасы атап өткендей, оның бір ғана шешімі бар, ол – соғысқа қару-жарақпен емес, келіссөзбен және ынтымақтастықпен жауап беру. Ежелден қазақ жерінде барлық дау-дамайды келіссөзбен шешу дәстүрі әлем үшін үлгіге айналуы керек. Себебі, Қазақстан басшысы қақтығысы мен өзгерісі көп ХХІ ғасырда тыныштық пен бірлік, бейбітшілік пен келісім орнатуға болатынын дәлелдеді. Семей полигонының жабылуы, ядролық қарудан бас тарту мен әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнату бейбітшілікке жетудің қазақстандық жолына айналды. Осыдан 10-20 жылдан кейін әлемдік тарихта «бейбіт өмір орнатудың қазақстандық жолын» оқытатынына күмәнім жоқ. Естеріңізде болса, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттегі мемлекеттер басшыларының Елбасына көрсеткен құрметі бар жалпы сурет қазақстандықтардың абыройын асқақтатып, мақтануға себеп болды. Нұрсұлтан Әбішұлына танытылған ерекше құрметті бейбітсүйгіш Қазақстан халқына көрсетілген құрмет деп білеміз. Мемлекет басшысының елімізде БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын ұйымдастыруды ұсынуы әлемде достық орнатуға бастайтын ұлы мақсатындағы тағы да бір маңызды шара болатыны анық. Ләзат ШЫҢҒЫСБАЕВА, Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры. ТАЛДЫҚОРҒАН.Мың шындықтың бір ақиқаты
Ғаламшардың біресе ана жерінде, біресе мына жерінде адамның жағасын ұстатқан сұмдық оқиға аз ба. Соның бәрі мемлекеттердің күш біріктіріп, елдерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға жанталасып баққандарға қарсы тұруын сөзсіз талап етеді. «Өзім аман болсам, болды...» дейтін заман емес бұл. Өйткені, қауіп-қатер дегенің шектен шығып барады. Жұмсартып айтқанда, осылай. Міне, нақ осы ақиқатты біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев шартарапқа әлсін-әлі қаперлеп келе жатқаны мәлім. Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте тағы да біздің Қазақстанның жаһанды бейбітшілікке үндеген дауысы мығым, ерекше естілді. Президентіміз бұдан бұрын да әлемді тажалдан сақтау жөнінде талайға ой салды, нақты бастамалармен бейбітшілік сүйгіш жұрттардың қошемет-қолдауына бөленгені әмбеге аян. Елбасымыз өз манифесінде: «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дəуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Əлемге тағы да қатер төніп тұр жəне оның ауқымын ескермеуге болмайды. Жəне бұл қатер – жаһандық соғыс!» деп ашып айтты. Иә, мың шындықтың бір ақиқаты дегенің осы емес пе. Н.Ә.Назарбаевтың ой-толғамынан қырсықтың қыр астында екенін байқау балаға да қиын болмас. Сондықтан біздің Мемлекетіміздің басшысы адамзатқа «ХХІ ғасыр: Соғыссыз əлем» атты кең ауқымды бағдарламасын көлденең тартты. Бұл бастама да дүниені елең еткізді. Қарапайым қазақстандықтың бірі ретінде мен де соғыссыз дүние құруға көптеген мемлекет, ұйымдар, тіпті, күш біріктіре түседі деп сенемін. Біз, ауданымыздағы «Таным» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің құрамы, қатарымыздағы басқа да азаматтармен, ақпараттық-ұғындыру топтарының мүшелерімен бірге халық арасындағы бүкіл әңгімеміздің, іс-шараларымыздың түйіні – елдік, бірлік, еңбек, жас ұрпақтың кемел келешегі, тыныштығымыздың бағасын білу. Осы арқылы мемлекетімізге көмектесіп, заманның сын-қатерлеріне қарсы тұру биік мұратымыз болып табылады. Әркім өзінің білімімен, еңбегімен, ниетімен әлемдегі бейбітшілікке зор үлес қоса алады. Әлдебір себептермен бөтен болмысқа, дәстүрсіздікке бет бұрғандармен байланыс жасап, хал-қадерімізше олардың санасына ой тастауға ұмтылып келеміз. Осыған қатысты нәтиже де жоқ емес. Отанымыздағы бейбіт тірліктің қадірін жанды мысалдармен түсіндіріп, жаһандық қауіпсіздік үшін тәуелсіз жас мемлекетіміздің үлесі мен үнін кең насихаттаудамыз. Құрман БИСЕҒАЛИЕВ, «Таным» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Батыс Қазақстан облысы.