Облыста 2013 жылы «Орталық – Шығыс» автобаны аясындағы «Ертіс өзені арқылы өтетін көпір» және «Павлодар қаласын батыс жағынан айналып өту жолы» жобалар бойынша құрылыс жұмыстары басталған болатын.
Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. «Қазавтожол» АҚ «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан алып көпір кешені биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп отыр.
Сөйтіп, өткен аптада Ертіс өзенінің екі жағалауынан қарама-қарсы бағытта бір уақытта басталған құрылыс түйісіп, су үстіндегі аспалы көпірдің ортасы жалғанды. Ақсу мен Павлодар аралығындағы алып көпір құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылар да бір-бірлерімен құшақтасып, өздерінің ғасыр жобасын салуға қатысқандарын осындай құрметпен ерекше есте қалдырды. Екіншіден, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл күндері «Өскемен – Павлодар – Астана» автожолының да құрылысы жүргізілуде. Жолдың басым бөлігі біздің өңірмен өтеді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының директоры Ерсін Сариевтің айтуынша, жалпы, көпір құрылысындағы негізгі жұмыстар аяқталыпты. Жобаның жалпы құны – 53 млрд 808 миллион теңге. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстарына қолданылып жатқан материалдар отандық өнімдер. Ұсақ тастар, битум, құм аралас қиыршық тастар барлығы да жергілікті кәсіпорындардан жеткізіледі. Көпірді толық түрде іске қосу үшін 10 мың тонна металл және 30 мың текше метр бетон пайдаланылады.
– Ең бастысы, өзеннің екі жағалауынан құрылысы басталған көпірдің түйіскен кезіне бәріміз куә болдық. Ұмытылмас сәт. Қазір жаңа технологияларға негізделген көпір аркасының құрылысы жүргізілуде. Аспалы иілгіш материалдар қолданылады. Құрылыста №25 (Алматы қаласы), №11 және №12 (екеуі де Түмен қаласынан, Ресей) бригадалары тартылды. Жалпы, 85 техника жұмылдырылуда, 200-ге жуық құрылысшы жұмыс жасайды. Көпір құрылысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар еңбек етуде. Тиісті шаралар белгіленген кестеге сәйкес атқарылуда, – дейді Ерсін Сариев.
Елбасы «Бізде көлік, теміржол жүйесі болды. Бірақ олардың барлығы Ресейге барып тірелетін. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ішкі аймақтарды Астана арқылы байланыстырып, біріктіретін жолдар сала бастадық. Осылайша тәуелсіз елімізде талай жолдың тұсауы кесілді», деген болатын.
Әрине, жаңа көпірдің іске қосылуы – ел экономикасының дамуына қосылған үлес. Негізі, нысан құрылысы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алғашқы инфрақұрылымдық жобасы саналады. Нәтижесінде екі қала тұрғындары, өңір халқы облыс орталығынан Ақсу қаласына жылдам жете алады. Яғни, Астанадан Ресейге және Қытайға дейінгі жол жүру уақыты азаяды, өйткені, құрылысы жүргізіліп жатқан 4 жолақты автожол болашақта Ертіс өзені арқылы өтетін ескі көпірдегі автокөлік қозғалысының азаюына септігін тигізеді. Транзиттік бағытта жүретін көліктердің барлығы облыс орталығын сыртынан айналып өтеді.
Ал, Павлодар қаласы логистикалық орталық болады. Бүкіл көліктер Ресейге, Қытайға біздің қаламыз арқылы өтеді деген сөз. «Орталық-Шығыс» автобаны осы көпір арқылы өтетінін ескерсек, жоба өңіріміздегі қалалардың дамуына серпін береді. Бұл алып көпір жобасының жүзеге асырылуы «Бірыңғай «Павлодар-Ақсу агломерациясын» құруға мүмкіндік береді. Ақсу қаласының дамуына әсер етеді. Ал, инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз етуі, агломерациялар еліміздің ғылыми қамтымды экономикасының ұстыны екені, еліміздің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту маңызды мәселе екені Елбасы Жолдауында айтылды. Көпірдің маңыздылығы – ол болашақта «Астана-Павлодар» және «Павлодар-Өскемен» автожолдарын қосады.
Өмірге осылайша жаңа технологиялар, жаңашылдықтар, өркениет талаптары келуде. Жолдар, көпірлер салу әрине, бір күннің, бір жылдың үлесінде тұрған жоқ, стратегиялық жобалар игілігін біз ғана емес, болашақ ұрпақтар көреді. Бұрынғы тар жолдар бойы кеңейіп, төрт жолақты кеңістік ашылады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.